Ресей халқы екіге жарылды: бір топ қалыпты өмір сүреді, екінші топ біріншілер әлдене бүлдіріп қоймады ма деп, қолына қару алып, олардың ізінен аңдиды. Сенбі күні YouTube-те жарық көрген Ресейдің саяси өмірі туралы сатира жанрындағы мультфильмнің жалпы сюжеті осыған саяды. Мультфильмде "алжыған патша" басқаратын ел сипатталады.
Мультфильмнің арқасында Ресей жұртшылығы Масяня деген кейіпкермен "танысты", ал онда айтылған кей пікірлер афоризм болып, ел ішіне тарап кетті.
Ресейден шыққан израильдік суретші Олег Куваевтың бұл жобасы орыс тілді интернетте 20 жылдан бері бар.
"Масяняның" жаңа сериясы "Доппельгангер" деп аталады. Аңыздарда бұл – адамның қыр соңынан қалмай, ізін аңдып жүретін қаскөй "көлеңкесі".
"Саясат жай тұрмысқа еніп кетсе, ол мультфильмде де көрініс табады, мұны ешкім әдейі істемеуі де мүмкін. Себебі көшеде кетіп бара жатқаныңда басыңнан шоқпармен қойып қалса, бұл – саясат емес, кәдімгі өмір. Оның мультфильмнен көрініс табу себебі де содан" дейді автор.
Азаттық: "Басыңа шоқпар тиюі мүмкін" дегеніңізге қарағанда, Ресейдегі жаңалықтарды қадағалап отыратын сияқтысыз. Бұл мультфильмді жасауға түрткі болған жайттар бар ма?
Олег Куваев: "Қадағалап отырам" деп айта алмаймын, бірақ орысша сөйлейтін адам бұдан құтыла алмас. Әсіресе жарты ғұмырың сонда өтсе, дос-жаран, туған-туысың да, басты кейіпкерлерің де сонда қалса. Жұртпен сөйлесу арқылы болып жатқан жайттарды жай бақылап отырамын. Сондықтан жаңалықтарды "жібермей қараймын" деп айта алмаймын. Таныстарым митингіге шығып, қоғамдық белсенділік танытуға тырысып жатса, мұның маған да қатысы бар.
Азаттық: Митингілер, оларды қуып тарату достарыңызға әсерін тигізді ме?
Олег Куваев: Әрине, оның бәріне қатысы бар. Сондықтан бұл мультфильмнен де көрініс табады. Десе де, мұның бәрінен аулақ болуға, әлдебір мәлімдемелер жасамауға тырысамын. Бұл жай қалжың. Ал саясат қарапайым тұрмысқа енетін болса, онда ол мультфильмге де кіреді. Бұдан құтылу мүмкін емес, себебі олай етпесең, онда өзімен өзі оқшауланған, көшеге шықпайтын, үн-түнсіз персонаждар жасауға тура келер еді. Мен олай істей алмаймын, әрине. Томаға-тұйықталып қала алмайды екен, демек олар ең алдымен қазір Ресейдің басқа азаматтары бастан кешіп жатқанды сезінеді.
Азаттық: Сіздіңше, Ресейді шынымен мультфильмдегі Масяня айтатындай "алжыған патша" басқарып отыр ма?
Олег Куваев: Ол елде билікті узурпациялап алған адам отырса, мұны басқаша қалай айтуға болады? Бәрін өз атымен атау керек, меніңше мұнда еш сөкеттік жоқ. Елде түсініксіз шешімдер қабылданып, біртүрлі оқиғалар болып жатқанын, барлығы кері кетіп жатқанын байқамау мүмкін емес. Ресейде болсам мұндай мультфильмдер жасамас едім, әрине, себебі көп ұзамай қалпағым қайырылар еді. Әдетте жылына бір рет, ештеңені әдейі жоспарламастан болып жатқан оқиғаларды ажуалаймын, себебі бұл – менің жұмысым.
Азаттық: YouTube-тегі мультфильміңіздің түсіндірмесінде оны "антиутопия" деп атайсыз. Бұл шынымен антиутопия ма? Меніңше, қазір бұл жағдайды расымен көп жұрт басынан өткеріп жатқан сияқты.
Олег Куваев: Мультфильм – тым әсіреленген шынайылық. Оның қаншалық әсіреленгені, енді... Осылай болып шыққаны да содан сияқты. Мен мұны тым әсіреленген деп санасам, көрермен, керісінше, деректі фильм деп түсінген тәрізді.
Азаттық: Масяня – 90-жылдардың кейіпкері, Ресей билігіндегі кейбір басшылар халықты осы кейіпкермен қорқытуға тырысады. Қазіргі Ресейде бұл кезең "үрей тудыратыны" сізді ренжітпей ме?
Олег Куваев: Біріншіден, 90-жылдардағы "қорқынышты фильм" қазір болып жатыр. Осы күні болып жатқан оқиғалар сол кездерден бастау алғаны анық, яғни қазір сол 90-жылдар қайталанып отыр. Бір айырмасы – ол кезде кішкентай қорқыныш, болса, қазір ұлғайып кеткен. Оның үстіне, Масяня 90-жылдардың емес, 2000 жылдардың туындысы. Ал бұл – Ресейдегі жақсы деген кезеңдердің бірі. Бұл кезеңді тіпті "алтын дәуір" дер едім, себебі 2000 жылдардың басында бандитизм бәсеңсіді, ал оқшаулану әлі басталған жоқ.
2000 жылдардың басы – қызық жобалар көп болған алтын дәуір, ол кезде жұрттың көбі бәрі жақсы болады деп үміттенді. Бұл – Ресейдің соңғы тарихындағы ең керемет уақыт. Сондықтан Масяня сол заманнан келді. Сондықтан ол 21 ғасырдың басындағы "бәрі жақсы болады" деген үміт сәулесі оянған жылдардың сана-сезіміне негізделген анархияшыл, еркін ойлы кейіпкер.
Азаттық: Соңғы рет Ресейде қашан болдыңыз?
Олег Куваев: Бұрын жиі барып тұратынмын. Бірақ коронавирус көп нәрсені өзгертті, бармағаныма бір жылдан асты, енді қашан барарым белгісіз, себебі ұшақ ұшпай қалды.
Азаттық: Бір жыл – тым көп уақыт емес. Демек, елге 2018–2019 жылдары барғансыз. Сол сапарлардағы сезімдеріңіз қандай болды? Адамдармен араласқанда не сездіңіз, айналадан не байқадыңыз?
Олег Куваев: Тұрмыстық деңгейде бәрі жақсы, бірақ сәл еңсеңді түсіреді, себебі адамдар ерекше көрінбеуге тырысады, өздерінің шағын әлемінде томаға-тұйық өмір сүруге бейім. Әйтеуір мен білетін Питерде (Санкт-Петербург – Ред.) "шошаңдама" деген саясат бар, Мәскеудегі жағдай туралы білмеймін. Сондықтан жұрттың көбі [мультфильмнің] жаңа сериясына қатысты "Ой, онда саясатты айтады..." деп жатады. Кез келген саяси я әлеуметтік тақырып қорқыныш туғызады.
Азаттық: Ішкі эмиграция.
Олег Куваев: Иә, бұрын СССР-де мұны "ішкі эмиграция" деп атайтын, қазір бұл сәл басқаша, себебі асүйде отырудың қажеті жоқ, достарыңмен сыртта жүріп, қыдыруға болады. Бірақ басыңа бәле тілеп алмау үшін әлеуметтік салалардан аулақ жүруің керек.
Азаттық: Сіз сыртқы эмиграцияны таңдадыңыз. Бұған өкінбейсіз бе? Басқаларға сондай кеңес берер ме едіңіз?
Олег Куваев: Жоқ, өкінбеймін. Әдейі таңдамадым, тағдыр осылай болды, бірақ ештеңеге өкінбеймін. Себебі менің мүмкіндігім көп: қаласам, саясат туралы жасаймын, қаламасам жасамаймын, қаласам, әлдебір бөтелке туралы, дүкен туралы түсіремін. Маған қатты ұнайтыны – салыстырмалы түрде еркінмін.
Азаттық: "Масяняның" саясаттан алыс серияларының өзін YouTube-те көп адам көрген, әрқайсысы бірнеше миллион қаралым жинаған. Жұрттың көбі айтып жүргендей, Ресей билігі жақында бұл платформаға ауыз салуы мүмкін.
Олег Куваев: Иә, Ресейде YouTube-тің жағдайы нашарлауы мүмкін. Олай болса, менің сериалымның да халі мүшкіл болмақ, себебі әлі күнге оның негізгі аудиториясы сол жақта. Қайсыбір елде Facebook-ты я YouTube-ты жабады дегенге қатты алаңдаймын. Айтпақшы, Ресейдегі ғана емес, жалпы цензура атаулыға, қазіргі цифрлық дәуірдегі цензураға қатысты сценариім бар. Бір күні соны жүзеге асыратын шығармын. Енді тұрмыстағы әзіл-оспаққа қатысты бір-екі серия түсіремін. Тым атақты болған ұнамайды, содан сәл жылыстауым керек.
Азаттық: Қазіргі болып жатқан жағдайларға қарамастан, бүгінгі Ресейде бойыңызға оптимизм ұялататын, "жарқын болашақ бар" дегенге сендіретін жайттар бар ма?
Олег Куваев: Жалпы, бұл мультфильм – оптимистік сарындағы, күлкілі дүние. Түсінемін, әрине, Израильде отырып қызық мультфильм жасау оңай деп ойларсыздар. Кез келген мультфильм сияқты онда әзіл-оспақ пен клоунада бар. Онда ешкімді қорқытпаймын, бірақ көрермендер қорқып жатады, меніңше олар өздері көрген нәрселерінен үрейленетін болса керек. Ал менің мультфильмімде пессимизм, депрессия мүлде жоқ. Мұның бәрі – болып жатқан жайттар, бұларға әлі талай күлетін боламыз.
Азаттықтың Орыс қызметіндегі материал ықшамдалып аударылды.
ПІКІРЛЕР