10 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев адвокат қызметі туралы заңға қол қойды. Құжаттың толық атауы – "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң.
Бұған дейін елдегі бірқатар заңгерлер мен адвокаттар билікті “Адвокат қызметі және заңгерлік көмек” туралы заңға енгізілетін түзетулерді алып тастауға шақырған еді. Олар “заңгерлер, адвокаттардың ісін реттеуге” бағытталған түзетулер шын мәнінде заңгерлерді мемлекетке бағындыруды көздейді. Тәуелсіз сала мемлекетке бағынса, елде тәуелсіз заңгерлер қалмайды деп алаңдаған.
Ал әділет министрлігі адвокаттардың уәждерімен келіспеген.
Адвокаттар наразылығынан кейін жақында президент Тоқаев Конституциялық кеңестен аталған заңға енетін өзгерістер толықтырулардың Конституция нормаларына сәйкестігін тексеруді сұраған еді. 4 маусымда Конституциялық кеңес қаулы шығарып, заң "Конституцияға сәйкес" деген қорытынды жасаған.
7 маусымда адвокат Айман Омарова президент Тоқаевқа ашық үндеу жасап, құжатты парламентке қайта талқылауға жіберуді сұраған.
Аталған заң жобасы сәуір айында парламентте талқылаудан өтіп, президентке қол қоюға жіберілген. Парламентте осыған дейін жобадағы кейбір түзетулер бойынша шешім қабылдайтын келісім комиссиясы жұмыс істеген еді.
ПІКІРЛЕР