Accessibility links

АҚШ Алматыда Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп жүрген наразыларды қолдайды


Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, оларды қайтаруды талап еткен топты полиция консулдыққа өткізбей ұстап тұр. Алматы, 18 мамыр 2021 жыл.
Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, оларды қайтаруды талап еткен топты полиция консулдыққа өткізбей ұстап тұр. Алматы, 18 мамыр 2021 жыл.

АҚШ Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап, Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық өткізіп жүрген азаматтардың бейбіт жиналу құқығын қолдайды. Дүйсенбі күні онлайн баспасөз жиыны кезінде АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Vlast сайты жазды.

"Біз бейбіт жиналу құқығын қолдаймыз, бұл даусыз. Бұл азаматтар бар болғаны бейбіт жиынға қатысып жатыр. Біз әрине, Қазақстан мемлекетіне көзқарасымызды жеткіздік. Қазақстанға санкция салынады деп қазір айта алмаймын" деді дүйсенбі күні журналистердің сұрақтарына жауап берген Уильям Мозер.

Алматыда бір топ адам Қытай консулдығы алдында 140 күннен астам уақыттан бері наразылық акциясын өткізіп келеді. Олар Шыңжаңда "жазықтан-жазықсыз" қамалған немесе сол жақта жоғалған немесе Қазақстанға өте алмай отырған туыстарын босатуды, Қазақстанға қайтаруды сұрайды. Осы уақыт аралығында консулдықтан ешкім шыққан жоқ. Ал сәуір айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Шыңжаңда қамалған қазақтардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "заң бұзғанын" айтқан еді.

Алматы полициясы бұған дейін консулдық алдында наразылық өткізгендерді бірнеше рет ұстап, әкімшілік жауапқа тартты. Қазір әкімшілік қамауда отырған белсенді Байболат Күнболатұлы 29 маусымда бостандыққа шығады. Өткен аптада Алматы полициясы алдында наразылар оны босатуды талап еткеннен кейін сот Күнболатұлының 15 күндіз жазасын қысқартқан.

  • Мамыр айында наразылар пикет өткізгені үшін айыпталып, сотқа тартылып жатқан шақта АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі "бейбіт түрде өз ойларын білдіру үшін жиналған адамдарды қамауға болмайтынын" мәлімдеген еді.
  • Бұған дейін халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылман топтарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG