Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты ол жақта тұратын ұлты қазақ ауған азаматтарына көмек көрсетуді тапсырды. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
– Ауғанстандағы этникалық қазақтардың өтінішіне байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрлігіне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қажет болған жағдайда тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды. Өз кезегінде біз Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігіне осы мәселені ерекше бақылауға алу жөнінде тиісті тапсырма бердік. Бізде бар мәліметтерге сәйкес Ауғанстанда 15-ке жуық қазақ отбасы немесе 200-ге жуық этникалық қазақ тұрады, – деді Смадияров.
Өкіл осының алдында баспасөз құралдарында Ауғанстанда бірнеше мың қазақ тұрады деген хабар тарағанын, оның шындыққа жанаспайтынын айтты.
Смадияров сондай-ақ, елшілікке жүгініп, өзін қазақ деп таныстыратындар қатары көбейді деп мәлімдеді.
– Соңғы күндері Қазақстан елшілігіне өздерін қазақ деп таныстыратын азаматтардың, түрлі топтардың жүгінуі жиілеп кетті. Бірақ іс жүзінде олардың ешқандай дәлелі жоқ. Қазақ тілінде сөйлей алмайды, ата-бабасының қоныс аудару тарихы мен ру-тайпалық байланыстары туралы айта алмайды, – дейді СІМ өкілі.
Министрлік өкілі ауған қазақтарын тарихи отанына қайтару туралы өтініштердің мұқият қаралатынын, бірақ оның жылдам шешілетін мәселе емес екенін айтты.
15 тамыз күні ауған аудандарының басым бөлігін басып алған тәліптер ел астанасы Кабулге кірді. Сол күні Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден кетіп, кешке "Талибан" тұтас Ауғанстанды бақылауға алғанын, Кабулдегі шайқастың тоқтағанын айтты. Тәліптерден қорыққан ауған халқы қаладағы халықаралық әуежайға ағылып, елден кетуге талпынып жатыр. Батыс мемлекеттері төтенше жағдайда өз дипломаттары мен дипөкілдікке қызмет еткен ауған азаматтарын эвакуациялап жатыр.
ПІКІРЛЕР