Accessibility links

"Төрт күн азаптап, екі қолы істемей қалды". Лондон тыңдауында қазақтар Қытай лагерінде көргенін баяндады


«Ұйғыр трибуналында» үш қазақ жауап берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00

Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ сынды мұсылмандардың қуғын-сүргінін зерттеп, Пекин саясатына баға беру үшін ұйымдастырылған Лондондағы "Ұйғыр трибуналының" екінші кезеңінде үш қазақ куәлік берді.

Лондонда Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарға жүргізіп отырған саясаты жайлы "Ұйғыр трибуналы" деп аталатын тыңдауда бірнеше қазақ куәлік берді. Олар Қытай лагерінде болған кезде өздері көрген адам түршігерлік жағдайларды баяндады.

ҚЫТАЙ ЛАГЕРІНДЕ БОЛҒАН ҚАЗАҚТАРДЫҢ КУӘЛІГІ

Ұлыбритания астанасында Қытай коммунистік билігінің Шыңжаң өлкесінде байырғы заманнан тұрып келе жатқан ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа ұлт өкілдеріне жүргізіп отырған саясаты туралы тыңдау жалғасып жатыр. 12 қыркүйек күні Лондонға осы жиынға арнайы барған бірнеше қазақ куәлік берді.

Шыңжаңда туып-өскен қазақтар Орынбек Көксебек, Ерғазы Отарбай мен Бақытәлі Нұр Қытай саяси лагерінде болған, кейін атамекеніне оралған. Қазір үшеуі де Қазақстанда тұрады. Лондондағы тыңдауға арнайы шақырту бойынша барған олар Қытай лагеріндегі өздері куә болған азаптауларды баяндады.

Бақытәлі Нұр өзін Қытай полициясы "арнайы тізімге енгізілген елге" барғаны үшін қамағанын айтты (Қытай қазақтарының сөзінше, билік түзген ол тізімге алынған 24 мемлекеттің арасында Қазақстан да бар).

Лондондағы тыңдауда Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі саяси лагердегі көрген азаптаулар жайлы куәлік берген қазақ Бақытәлі Нұр көзіне жас алды. Ұлыбритания, 12 қыркүйек 2021 жыл.
Лондондағы тыңдауда Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі саяси лагердегі көрген азаптаулар жайлы куәлік берген қазақ Бақытәлі Нұр көзіне жас алды. Ұлыбритания, 12 қыркүйек 2021 жыл.

Нұр Қытай билігі аяғы ауыр әйелін құрсағындағы алты айлық баласын алдырып тастауға мәжбүрлегенін де айтып берді. Оның жазбаша мәлімдемесіндегі дерекке сүйенген сарапшылар Бақытәлі Нұрдан Шыңжаң лагерінде қамауда бірге болған ұйғыр жігіттің қалай азапталғаны жөнінде сұрады.

– Бір күні оны (ұйғыр жігітті) түнгі сағат 12 жарымда алып кетті. Содан төрт күннен кейін бір-ақ әкелді. Оның екі қолы жансызданып қалған. Ертесіне басқарушы қытай маған "мына баланың екі қолы істемейді. Cол үшін оны дәретке отырғызып, тамағын бересің" деп бұйырды. Осылайша оған тамақ ішкізіп, дәретке отырғызып жүрдім. Біз отырған жердің бәрі толған (бейне)камера. Ол жерде сөйлей алмайсың. Тек әжетханаға апарған кезде ғана әңгімелесуге мүмкіндік болды. Ол жігіттен сені қайда апарды деп сұрап едім, "бір жерге апарып, төрт күн асып қойды, басында аяғым жерге тимеген. Төрт күннен кейін сіңірім созылып, жерге тиді. Содан екі қолым жансызданып қалды" деді. "Бақытәлі, жейдемді түрші" деді ол. Қарасам, денесінде электрошоктан күймеген жері қалмапты. "Аға, бүйткенше өліп қалсамшы, мен не істедім..." деді ол. Сонда оның бар қылмысы – ұйғырларда "мәшірап" дейді, достарымен бірге сол отырысқа барған. "Терроршылар не деді, қылмысыңды мойында" деп оны қинаған, – деп лагерьде көргенін айтқан сәтте Бақытәлі Нұр көзіне жас алды.

Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі "саяси лагерьде" болған қазақ Орынбек Көксебек.
Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі "саяси лагерьде" болған қазақ Орынбек Көксебек.

Лондондағы тыңдауға Қазақстаннан барған тағы бір қазақ Орынбек Көксебек Қытай лагерінде 125 күн немесе 4 ай қамауда отырғанын, одан шыққаннан кейін екі ай үйқамақта болғанын айтты.

– Қытай тілін білмегенім, Қазақстан азаматы болғаным үшін тұтқындады. Олардың мені қинағанын сөзбен айтып жеткізе алмаймын, – деді Орынбек Көксебек.

Ол Қазақстанда жүрген кезде де әлдекімдерден қоқан-лоқы көргенін айтты.

Әкесі қайтыс болып, Қытайдағы туыстарымен жүздесуге барғанда лагерьден бір-ақ шыққан Орынбек Көксебек және тау-кен компаниясында жүк көлігінің жүргізушісі болып істеген Ербақыт Отарбайдың Шыңжаңдағы қамау салдарынан ұрпақ сүйе алмай жүргені туралы Азаттық бұған дейін жазған.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚЫСЫМ ЖАЙЛЫ "ҰЙҒЫР ТРИБУНАЛЫ"

Лондонда Қытайдың Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге түркі тілді халықтардың қуғындалу мәселесіне арналған екінші тыңдау 10 қыркүйекте басталған. Алғашқысы биыл маусым айында өткен.

Халықаралық баспасөзда "Ұйғыр трибуналы" деп аталып кеткен тыңдауда Қытайдың түркі тілді мұсылмандарды қудалауы жайлы дәлел-айғақтар сарапталып, Геноцид туралы конвенция аясында Пекиннің әрекетіне баға беріледі.

"Ұйғыр трибуналы" – Қытай коммунистік билігінің Шыңжаңда байырғы заманнан бері тұратын ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге ұлттарға қысым көрсетіп жатқаны туралы хабарларға байланысты ұйымдастырылған тыңдау. Лондон, Ұлыбритания, 10 қыркүйек 2021 жыл.
"Ұйғыр трибуналы" – Қытай коммунистік билігінің Шыңжаңда байырғы заманнан бері тұратын ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге ұлттарға қысым көрсетіп жатқаны туралы хабарларға байланысты ұйымдастырылған тыңдау. Лондон, Ұлыбритания, 10 қыркүйек 2021 жыл.

Британдық адвокат Джеффри Найс төрағалық еткен комиссия үш күн аралығында Шыңжаңдағы саяси лагерьлерде болған куәгерлер, мәселені зерттеп жүрген ғалымдар мен түрлі мамандарды тыңдайды.

Британ ақпарат құралдарының жазуынша, тыңдаудың заңнамалық күші жоқ, бірақ оны ұйымдастырушылар бұл процесс Қытайдың түркі тілді мұсылмандарды қуғындау саясатын айқындай түседі деп үміттенеді.

Комиссия төрағасы Джеффри Найс Sky News агенттігіне сұхбатында: "Біз жай ғана фактілерді сараптаймыз, заң тұрғысынан қарап, ненің дәлелденгенін айқындаймыз" деген. Оның сөзінше, тыңдауға бірнеше рет қытай шенеуніктері шақырылған, бірақ жауап болмаған.

9 қыркүйекте Қытай сыртқы істер министрлігі өкілі Чжао Лицзянь Лондондағы тыңдауды "қойылымға" теңеді.

"Трибунал" деп аталатын мына "тыңдау" биыл маусым айында басталды. Қанша "актер" жалдап, тыңдауды қанша рет ұйымдастырса да бұл – алдын ала дайындалған, әділетсіз сот. Қытайға қарсы сайқымазақтар қанша тырысса да, Шыңжаңның болашағы жарқын және әлемде Шыңжаңға бейтарап қарау ұранына қосылып жатқандар көп" деді Пекин өкілі.

Қытай үкіметі Лондондағы тыңдауды бұған дейін де сынаған. Екінші тыңдау алдында Пекиндегі баспасөз жиынында Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Чжэн Цзегуан процесті Қытайды қаралауды көздейтін "саяси манипуляция" деп атаған.

Amnesty International құқық қорғау ұйымы Қытайдың Шыңжаң аймағындағы мұсылмандарды "жүйелі түрде, мемлекеттің ұйымдастыруымен жаппай қамап, ұрып-соғу және қудалау" әрекеттері адамзатқа қарсы қылмыспен пара-пар дейді.

Қытай Шыңжаңдағы адам құқықтарын бұзу фактілерін жасырып-жабуға бар күшін салды, билік "шындықты ашық айтқан кез келген адамды" қорқытып-үркітеді, қамайды және қорлайды деп жазады халықаралық ұйым.

"Жүздеген мың тұтқынның тағдыры беймәлім. Олардың көбі еркінен тыс лагерінде жатса, біразы көп жылға түрмеге қамалған не мәжбүрлеп еңбекке жегу орындарына ауыстырылған болуы мүмкін" деп санайды Amnesty International.

  • Халықаралық ұйымдар мен зерттеушілер Қытай билігі Шыңжаңдағы мұсылмандарды лагерь я түрмеге қамап; күштеп жер аударып; еркінен тыс жұмысқа жегіп; балаларынан айырып; әйелдерге аборт жасатып; лагерьде зорлық-зомбылық көрсетті дейді.
  • АҚШ, Канада, Ұлыбритания Қытай билігінің Шыңжаңдағы әрекетін геноцид деп атаған.
  • Ресми Пекин бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарып, Шыңжаңдағы іс-әрекетін "экстремизммен күрес" деп, лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" деп атайды.
  • Пекин мемлекеттік басылымдары арқылы Шыңжаңдағы жұрт "бақытты өмір сүріп жатқанын", "діни еркіндік берілгенін" жиі көрсетіп, насихаттауға тырысады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG