Accessibility links

Қарақия соты Techno Trading LTD жұмысшыларының үш апта жүріп жатқан ереуілін заңсыз деп тапты


Techno trading LTD компаниясы жұмысшылары ереуілде. Жетібай кенті, Маңғыстау облысы. 2 қыркүйек, 2021 жыл
Techno trading LTD компаниясы жұмысшылары ереуілде. Жетібай кенті, Маңғыстау облысы. 2 қыркүйек, 2021 жыл

16 қыркүйек күні Маңғыстау облысындағы Жетібай кентінде 21 күннен бері жалақысын көтеруді талап етіп жатқан Techno Trading LTD компаниясы жұмысшыларының ереуіліне олардың отбасы мүшелері де қосылды. Компания кеңсесі алдына жиналған жүз шақты адам жұмыс берушіге талап қойып жатыр.

Бұл туралы Techno Trading LTD мекемесінің техникалық қондырғы операторы Серік Оразалиев хабарлады.

– Жұмысшылардың отбасы, ата-аналары келіп тұр. Міне, кеш батты, әлі кеткен жоқ. Бізді қолдап келіп отыр. Қария әжелер де бар арамызда. Талап орындалмаса, аштық акциясына барудан басқа жол қалмады. Айға жуық жел өтінде, шаңда далада қону оңай емес. Сондағы сұрағанымыз – өз еңбегіміздің өтеуі, – деді ол.

Techno Trading LTD-нің наразы жұмысшылары Facebook-те видео жариялап, онда айға жуық уақыт бойы өздеріне назар салмаған компания басшысын ауыстыруды талап етті.

14 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Қарақия аудандық соты жұмысшылар наразылығын заңсыз деп таныды. Techno Trading LTD компаниясының талап-арызы негізінде шешім шығарған сот Айбек Тәжіғалиев, Қосымбай Орынбаев, Ғабит Нұржаубаев, Ербол Сарыбай, Мұрат Күкімбаев және тағы 82 жұмысшыны осы іс бойынша жауапкер деп таныған әрі "шешімнің ереуілді заңсыз деп тану бөлігі дереу орындалуға жолдансын" деп ұйғарған. Дегенмен келесі сөйлемде сот "шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап, ал сот талқысына қатыспаған тұлғалар шешімнің көшірмесі өздеріне жіберілген күннен бастап бір ай ішінде Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық сот алқасына шағым бере алады" делінген.

Жетібайдағы ереуіл басылмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:11 0:00

Techno Trading LTD Ақтау қаласындағы филиалының директоры Нұрсәуле Боранованың Азаттыққа мәлімдеуінше, жұмысшылар талабы әлі талқыланып жатыр.

– Келіссөз жүріп жатыр. Тапсырыс берушімен қазан айынан бастап тарифті көтеруге келісім жасалып жатыр. Бір-екі күнде шешіледі деп ойлаймын. Қазір әкімдікке жиналысқа бара жатырмын. Соттың шешімі шыққанымен, ешқандай шара қолданбаймыз деп уәде беріп отырмыз, қажет болса қағаз жүзінде де [уәде] береміз, – деді ол.

Techno Trading LTD жұмысшылары да 27 тамыздан бері жұмысты тоқтатқан. Олар жалақыны 35 пайызға көтеріп, Наурыз, Тәуелсіздік күні және мұнайшылар күні мерекелерінде 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы (шамамен 58 мың теңге немесе 136 доллар) беруді, сауықтыру үшін ақша төлеуді талап етеді.

Тechno Trading мекемесі "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының Жетібай, Қаламқас мұнай кен орындарындағы жабдықтарын жөндеумен айналысады.

Бұдан бөлек Жетібайда тағы бір компания West Oil Software мекемесінің 500-ге тарта жұмысшысы 18 күн бойы ереуілдеп, жалақыны көтеру талабын орындатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG