Accessibility links

"Интернетті реттеуді емес, бақылауды көздейді". Желіні бұғаттамау жөнінде петицияға қол жинау басталды


Қазақстанда құқық қорғаушылар мен журналистер әлеуметтік желілерді бұғаттауға мүмкіндік беретін заңға түзетулерді қабылдамауға шақырып, қол жинай бастады. Secure.avaaz.org сайтында жарияланған петицияға бір-екі сағат ішінде 300-ден астам адам қол қойған.

Қыркүйектің ортасында парламенттің төменгі палатасы Қазақстанда өкілдігі жоқ әлеуметтік желілерді бұғаттау туралы заң жобасына түзетуді бірінші оқылымда мақұлдаған. Түзету қоғамда түрлі пікір туғызған.

Петиция авторларының пікірінше, заңға енетін түзетулер цензураны күшейтіп, ақпарат алу еркіндігін шектейді. Facebook, Instagram, Telegram, Whatsapp және өзге де танымал әлеуметтік желілердің еркін пайдаланылуына бөгет жасайды.

Петиция авторлары заң жобасындағы төмендегідей өзгерістерге қарсы:

  • шетелдік интернет-платформа, әлеуметтік желі мен мессенжерлерді Қазақстанда тіркеуге міндеттеу;
  • Олардың өкілдіктеріне Қазақстан азаматтарын тағайындау;
  • Егер тіркеуден бас тартса, желілер мен платформалардың жұмысын шектеу;
  • Тіркелген өкілдіктер Қазақстанның өкілетті органдары тыйым салған немесе шектеу қойған ақпараттарға тосқауыл қоюы тиіс;
  • Мемлекеттік органдардың өкілетін кеңейту.

"Біздің ойымызша, бұл өзгерістер қудалау сипатына ие және интернетті реттеу емес, бақылауға бағытталған. Мұндай іс жүзіндегі цензура Конституция мен адам құқығы саласындағы халықаралық стандартқа қайшы" делінген петицияда.

Олардың пікірінше, Facebook, Telegram сияқты әлеуметтік желілер Қазақстанда өкілдіктерін тіркеуден бас тартса, қазақстандықтар интернетті еркін пайдалану мүмкіндігінен айырылады. Олардың ойынша, заң шығару органдары бұл өзгерістер кибербуллингпен күрес үшін қажет деп айтқанмен, "аталған тәсіл тиімсіз", ал бала құқығын сылтауратып заңды өткізіп жіберуге тырысу "манипуляция".

Бұл 2019 жылғы президент сайлауынан кейін айтылып келе жатқан биліктің реформалар туралы уәделеріне де қайшы. Қазақстанның адам құқығы саласында алған міндеттемелеріне де кереғар, қоғамның дамуын тежейді дейді хат авторлары.

Петиция авторлары 15 қазанда ашық хат пен жиналған қолды президент әкімшілігі мен парламентке тапсыратынын да айтады.

Қарай отырыңыз: Қазақстан әлеуметтік желіні бұғаттамақ па? (15 қыркүйек 2021 жыл).

Қазақстан әлеуметтік желіні бұғаттамақ па?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:27 0:00

Бұған дейін заңға түзетулерді "Әділ сөз" баспасөз ұйымы да сынап, аталған норма ақпарат алу мен тарату, интернетті пайдалану құқығын шектейді деп мәлімдеген.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанды интернет еркіндігіне байланысты жиі сынайды. Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы интернет еркіндігі бойынша былтырғы есебінде Қазақстанды "интернет, әлеуметтік желілер және байланыс платформалары жиі бұғатталатын", "саяси, әлеуметтік және діни контенттер шектелетін", "блогерлер, құқық қорғаушылар, желі қолданушылар немесе билікті сынағандар жиі қудаланатын, жауапқа тартылатын, шабуылға ұшырайтын" елдер қатарына енгізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG