Accessibility links

Грузияда жергілікті сайлау нәтижесін күтіп отыр. Тұрақсыздық орнай ма деген үрей бар


Грузия премьер-министрі Иракли Гарибашвили сайлау учаскелері жабылғаннан кейін "Грузия арманы" партиясының жиынында сөз сөйлеп тұр. Тбилиси, 2 қазан 2021 жыл.
Грузия премьер-министрі Иракли Гарибашвили сайлау учаскелері жабылғаннан кейін "Грузия арманы" партиясының жиынында сөз сөйлеп тұр. Тбилиси, 2 қазан 2021 жыл.

Грузияда 2 қазан күні жергілікті мәслихат депутаттары мен қала әкімдерін сайлады. Жікке бөлінген Оңтүстік Кавказ елінде билік партиясы да, оппозициялық күштер де жеңіске жеткенін мәлімдеп отыр. Сайлау кезінде алаяқтық жасалды дегендер бар.

Оппозиция 2 қазандағы сайлауды билік басында отырған "Грузия арманы" партиясына сенім референдумы ретінде қарастырады. Сайлаудың даулы болатыны сайлау қарсаңында еліне оралған бұрынғы президент Михаил Саакашвилидің ұсталғанына дейін-ақ белгілі болған. Саакашвили билік партиясына бас қарсылас атанып отырған "Біріккен ұлттық қозғалыс" (БҰҚ) партиясының негізін қалаған.

Учаскелердің 39 пайызы саналғанда орталық сайлау комиссиясы алғашқы нәтижені жариялады. Әзірге "Грузия арманы" 38,6 пайызбен алда келеді. БҰҚ партиясында 31 пайыз. Қалған дауыс 50 партияның арасында бөлінген. Соның ішінде "Грузия үшін" партиясы әзірге 7 пайызға жуық дауыс алып тұр.

Толық нәтиже 3 қазан күні кешке шығады деп күтіліп отыр.

Оппозиция билік партиясының 43 пайыздан төмен дауыс алғанын күтіп отыр. Осыдан кейін олар парламент сайлауынан мерзімінен бұрын өткізуді талап етпек.

Ел астанасы Тбилисидегі мэр сайлауында учаскелердің 21 пайызы саналып, әзірге "Грузия арманы" партиясының мүшесі Каха Каладзе 40,6 пайызбен алда келеді. БҰҚ өкілі Ника Мелия 29 пайыз алып тұр.

"Грузия арманы" партиясының жақтастары сайлау учаскелері жабылған соң Тбилисидің орталық алаңына жиналып, онда елдің премьер-министрі Иракли Гарибашвили партияластарын "ұлы жеңіспен" құттықтады.

"Бүгін біз елдің жікке бөлінуіне, өтірік пен жеккөрушілік дәуіріне нүкте қойдық" деді ол оппозицияны меңзей отырып.

Ал осы арада Мелия "Грузия арманы" партиясы ел астанасында "толық жеңілді" деп мәлімдеді.

"Олар саяси орталықта жеңілді" деді ол оппозицияның Тбилиси мәслихатындағы көпшілікке айналатынын айтып.

Содан бірнеше сағат бұрын оппозиция билік партиясын "сайлаушыларды қорқытты, дауыс сатып алды" деп айыптап, грузиялықтарды билік партиясына қарсы жұмылуға шақырды.

Сайлауды бақылап отырған үкіметтік емес ұйымдар дауыс сатып алу, бюллетеньннің құпиялығын бұзу, "карусельмен" (бір топ адамның бірнеше учаскеде дауыс беруі) дауыс беру фактілерін хабарлады.

Орталық сайлау комиссиясының айтуынша, сайлау күні 366 шағым түскен және оның көбі процедуралық кемшіліктерге байланысты болған.

Журналистердің тәуелсіз одағы "Грузияның журналистік этика хартиясы" сайлау кезінде журналистерге қарғыс айтылғанын, оларды қорқытып, кей жерлерде шабуыл жасағанын хабарлады.

Грузиялықтар осы сайлауда 64 мэрді және 2100 мәслихат депутатын сайламақ. Биліктің дерегінше, сайлаушылардың 52 пайызы дауыс берген.

"Грузия арманы" партиясының кандидаты, Тбилисидің қазіргі мэрі Каха Каладзе партия митингінде сөз сөйлеп тұр. 2 қазан 2021 жыл.
"Грузия арманы" партиясының кандидаты, Тбилисидің қазіргі мэрі Каха Каладзе партия митингінде сөз сөйлеп тұр. 2 қазан 2021 жыл.

САЯСИ ДАҒДАРЫС

Жергілікті сайлау саяси дағдарыс орнаған тұста өтіп жатыр. Ол дағдарыс бір жыл бұрынғы парламент сайлауында "Грузия арманы" жеңіске жеткен соң басталған. Сол кезде оппозиция сайлаудың әділ өтпегенін, алаяқтыққа жол берілгенін мәлімдеген. Ал халықаралық бақылаушылар сайлаудың бәсекелі түрде өткенін, жалпы алғанда түпкі құқықтар бұзылмағанын айтқан.

Саяси дағдарыстан шығу үшін сәуір айында Еуроодақтың қатысуымен "Грузия арманы" мен оппозиция партиялары арасында келісім жасалған. Ол бойынша, егер "Грузия арманы" жергілікті сайлауда 43 пайыздан кем дауыс алса, парламент сайлауы 2022 жылы мерзімінен бұрын өтуі тиіс болады.

Бірақ шілде айында "Грузия арманы" партиясының лидері Иракли Кобахидзе оппозицияны келісім шартын бұзды деп айыптап, 19 сәуірдегі келісімнен шығатынын айтты. Ол келісімге тек шағын оппозициялық партиялардың қосылғанын, БҰҚ секілді ірі оппозициялық блоктардың қосылмағанын мәлімдеген.

"Грузия арманы" партиясының негізін бұрынғы премьер-министр, миллиардер Бидзина Иванишвили қалаған.

Сарапшылар сайлау мен оның салдары тұрақсыздықты ушықтырып, Батыс институттарына қосылу ниетін күшейтуі мүмкін дейді.

"Бүгінгі сайлау айларға созылған саяси дағдарыстың шарықтау шегі болуы мүмкін. Бұл дағдарыс Грузияны тұрақсыздыққа одан әрі итермелеуі ықтимал" деді Азаттық радиосына Халықаралық дағдарыс тобының бас сарапшысы Олеся Вартанян.

"19 сәуірдегі келісімнен шығып кеткен соң билік партиясы мәмілеге дайын екенін көрсетудің өзіне құлықты болмауы мүмкін. [Келісімде] Грузияны тоқырау мен тұрақты дағдарыс жағдайынан шығаруды бастау жөніндегі егжей-тегжейлі жоспар болған. Оппозициядағының көбі нәтиженің жоғына наразы" дейді ол.

Саакашвилидің қамауға алынуы да елдегі саяси дағдарыс отына май құйғандай.

Полиция Михаил Саакашвилиді Руставидегі түрмеге әкеле жатыр. 1 қазан 2021 жыл.
Полиция Михаил Саакашвилиді Руставидегі түрмеге әкеле жатыр. 1 қазан 2021 жыл.

Экс-президент 2018 жылы сырттай сотталған. Кейінгі жылдары Украинада тұрған Саакашвили аптаның басында түрмеге түсу қаупі төніп тұрғанына қарамастан еліне оралып, дауыс беретінін, "елді құтқарғысы" келетінін мәлімдеген.

2 қазан күні Саакашвили Twitter желісінде қолмен жазылған хатын жариялап, жақтастарын БҰҚ партиясына дауыс беруге шақырды.

"Бірде-бір дауыс жоғалмас үшін бәріңізді сайлауға баруға шақырамын. Содан кейін біз референдум нәтижесін бірге қорғаймыз" деді ол.

Грузия азаматтығынан айырылған Саакашвили ұсталарының алдында Facebook желісінде видео жариялап, жақтастарын сайлауға наразылық білдіруге шақырды.

"Бәріңіз сайлау учаскесіне барып, дауыс беріңіздер. 3 қазан күні біз [Тбилиси орталығындағы] Еркіндік алаңын толтыруымыз қажет. Егер 100 мың адам жиналса, бізді ешкім жеңе алмайды" деді ол видео үндеуінде. "Көріп тұрсыздар, осында келуі үшін бәрімді – өмірімді, еркіндігімді, барлығын қатерге тіктім. Сіздерден бір ғана нәрсені сұраймын. Сайлау учаскесіне барыңыздар.

Кейінгі жылдары Саакашвили Украинада бірқатар лауазымды қызметтерді атқарды. Одесса облысының губернаторы да болды. Украина азаматтығын 2015 жылы алған Саакашвили Украина ұлттық реформа кеңесінің атқарушы комитетін басқарады.

2018 жылы ол Грузияда тоғыз жылға сырттай сотталған. Оған "қызметтік өкілетін асыра пайдаланды" деген айып тағылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG