Accessibility links

"Үйден шықсам ұстап әкетеді". Жоспарланған митинг алдында белсенділерге қысым тағы күшейді


"Алаңға шықпас үшін аңдып тұр". Митинг қарсаңында белсенділер қамалып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00

Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жұртты сенбі, 23 қазанға билікке қарсы бейбіт митингіге шақырғаны сол еді елде әдеттегідей белсенділерге қысым тағы күшейді. Полицияға шақырту алғандарын санамағанда кемі төрт адам әкімшілік қамауға алынды. Олардың бәрі бұрын болған митингілерге қатысқаны үшін жазаланды. Сарапшылар биліктің мұндай әрекетін авторитарлы елге тән құбылыс екенін айтады.

АЛЫП КЕТУГЕ МӘЖБҮР БОЛАМЫЗ

Алматылық белсенді Рахиля Рахаттың үйіне 22 қазан кешкі сегіздің шамасында учаскелік полицейлер келіп, күзетіп тұр. Ол полицейлердің сенбі, 23 қазанға жоспарланған митинг алдына келе қалғанына таң қалмайды. Әр митинг алдында полицейлер келіп, ескерту жасап, күзететініне белсендінің еті үйренген.

- "Ертең митинг, ешқайда шықпаңыз. Біз осында, сыртта боламыз, егер шарбағыңыздан шықсаңыз алып кетуге мәжбүр боламыз" деді. Соған қарағанда, осында түнеп, ертең митинг бітті-ау дегенде кететін түрі бар. Сыртта үш машина тұр. Билік белсенділерден қорқады. Біз митинг ұйымдастырсақ, халық көріп-білсе, бізді қолдап кете ме деп, біз жеңіп, олар жеңіліп қала ма деп қорқады. Себебі қазір жағдай қиын, баға қымбаттап жатыр, наразылық ақырындап күшейіп келеді, - дейді белсенді.

Нұр-Сұлтан экстремистік деп таныған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайтын "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов жұртты сенбі, 23 қазан түсте өзі тұратын қала алаңдарына биліктен өзгеріс талап етіп, митингіге шығуға шақырған.

Осы митинг қарсаңында Орал қаласындағы белсенді Маруа Ескендірованың да үйін полициялар торуылдай бастаған. Ол сыртқа шықсам бірден ұстап әкетеді дейді.

"Соңымнан екі күннен бері бақылап жүр. Ұстап әкету үшін үйден шыққанымды күтіп тұрған сияқты. Алаңға бармасын деп әлсіз, кішкентай әйелді күзетіп тұр" деді белсенді өзі түсірген видеода.

Маруа Ескендірова. Орал, 20 тамыз 2021 жыл.
Маруа Ескендірова. Орал, 20 тамыз 2021 жыл.

Ақтөбелік белсенді әрі "Qaharman" қорының мүшесі Алтынай Түксіковаға 21 қазанда учаскелік полицейлер келіп, жауап алуға бөлімшеге шақырған. Шақырту митинг өтеді деген 23 қазанға белгіленген.

- Бұл алғашқы шақырту емес, саяси тұтқындарды қолдаған бейбіт наразылықтарға шыққаным үшін кейінгі үш жылдан бері мұндай шақыртулар алып келем. Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңеске мүше болғанына қарамастан, бейбіт жиынға деген құқықты бұзып, елдегі бейбіт наразылыққа шыққандарды қудалап келеді. Тоқаев елдегі бейбіт жиын туралы заң жақсы және тіпті рұқсат алудың қажеті жоқ дейді. Бірақ іс жүзінде жағдай мүлдем басқа. Бейбіт митингіге рұқсат сұрап, өтініш жазған белсенділерді қудаланған фактілер тіркелген. Қазақстан билігі елдегі шынайы жағдайды жасыруға күш салады. Ал құқық қорғаушылар бұған кедергі етіп келеміз. Бірақ қазақстандықтардың сауаты артып, бірлігі күшейген сайын диктатурадан арылуға бір табан жақындайтынымызға сенімдіміз, - дейді Алтынай Түксікова.

"Qaharman" қорының мәліметінше, Ақтөбеде 23 қазанға полиция бөлімшесіне шақыртуды Түксіковадан өзге жергілікті белсенділер Жанна Есмырзаева, Асқар Қаласов, Марина Дәулетова, Қайсар Ерсейітов пен Марат Әлімбаев та алған.

#ActivistsNotExtremists тобының есебінше, жоспарланған бейбіт митинг алдында кемінде төрт адам қамалып, 11 адам полициядан ескерту мен шақырту алған.

МИТИНГ АЛДЫНДА ҚАМАЛҒАНДАР

21 қазанда оралдық 62 жастағы белсенді Амангелді Оразбаев 20 тәулікке қамалды. Ол биыл осымен үшінші рет әкімшілік қамауға алынды. Бұл жолы сол белсендінің 25 қыркүйектегі мәжбүрлі вакцинаға қарсылық білдіргенін "Бейбіт митинг заңын" бұзу (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деп тапты.

Сотта Оразбаев құқық бұзушылықпен келіспейтіндігін, өз ойы мен пікірін, көзқарасын еркін білдіру конституциялық құқығы екендігін айтқан.

20-21 қазанда Алматыда да белсенділер Қанатхан Әмренов пен Қуаныш Досжан 15 тәулікке қамалғаны белгілі болды. Сот екеуі 5 қазанда Алматыдағы "Inter Continental Almaty" қонақ үйінің алдында плакат ұстап, жергілікті атқарушы органның келісімінсіз және рұқсатынсыз заңсыз пикетке қатысты деп тапты.

Қазақстандық белсенділер Амангелді Оразбаев (сол жақта) пен Қанатхан Әмренов (оң жақта).
Қазақстандық белсенділер Амангелді Оразбаев (сол жақта) пен Қанатхан Әмренов (оң жақта).

Қанатхан Әмренов шараға қатысқаны үшін, Қуаныш Досжан сол шараны видеоға түсіргені үшін жазаланған. Екеуі де өздеріне тағылған айыппен келіспеген.

- 5 қазанда Алматыда Еуроодақтың адам құқығы жөніндегі өкілдері келіп, Азаматтық форум өтіп жатты. Кездесуге белсенділер ісімен айналысатын құқық қорғаушылар мен үнемі қысым көретін азаматтық белсенділер шақырылған жоқ. Сондықтан [белсенділердің] қонақ үй алдына барып, қолына саяси тұтқындардың суреттерін ұстап, елдегі құқық қорғаушылар мен белсенділердің құқығының бұзылып жатқанын баяндаудан өзге амалы қалмады. Олар Еуропарламенттің Қазақстан билігіне қатысты қабылдаған резолюциясының орындалмауына наразы болды. Қызығы, оларды сол күні ұстамай, 23 қазандағы митинг қарсаңында ұстап, 15 тәулікке қамады,- дейді алматылық белсенді әрі "Article 14" ұйымының құқық қорғаушысы Гүлмира Мұқанова.

Бұдан бөлек, Павлодар облысында Емберген Құрманов жұртты митингіге шақырғаны үшін 10 тәулікке қамалды. Сот оны "Бейбіт митинг ұйымдастыру тәртібін бұзды" деп айыптаған.

Құқық қорғаушы Гүлмира Мұқанова Қазақстан билігінің сөзі мен ісі сәйкес келмей жатыр дейді. Ол шындықты айтқандарды "экстремист" деп қамау диктаторлық елдерге тән деп санайды.

- Өзін құқықтық мемлекет деп жариялаған Қазақстан қағазға адам құқығын сақтаймыз, бейбіт митингілер мен билікті сынауға шектеу жоқ деп жазылғанымен, іс жүзінде олай емес. Біз митингіге шығып, соны жария етсек, халықаралық деңгейде бұл факт тіркеледі. Тиісінше біз биліктің сөздерінің жалған екенін әшкерелейміз. Билік осыдан қорқады, - дейді ол.

Ал саясаттанушы Димаш Әлжан митинг болмай жатып қудалау, авторитар елдерге тән сипат екенін айтады.

- Авторитар режимнің табиғаты – билікті басып алып, экономиканы иемдену. Билікке ешкімді жақындатпай, оны бар күшін салып қорғау. Сондықтан заңдар өзгергенімен, оның төркіні мейлі саясат болсын, экономика мен әлеуметтік құқық болсын, қоғамды шектеуге негізделеді. Тәжірибеге сүйенсек, өкінішке қарай, мұндай режимдер әлемнің жаңа талабына ыңғайлана алмай, ақыр аяғында құлап тынады. Мұны біз революциядан өткен Қырғызстаннан, Украина мен Молдовадан да көрдік. Қазақстан да осы жолмен келеді, - дейді саясаттанушы.

Қазақстанда "Бейбіт митинг туралы" заңға сай, жұрт митингіге шығу үшін жергілікті әкімдіктерге алдын ала ескертіп, рұқсат алуы тиіс. Бірақ жергілікті биліктегілер түрлі себеппен белсенділерге рұқсат бермеуге тырысады. Бейбіт митингіге рұқсат алған белсенділер аз, алғанның өзінде өтініште көрсеткен тақырыптан ауытқымауы қатаң қадағаланады.

Әблязов шақырған митинг қарсаңында, 21 қазанда Қазақстан халықтар ассамблеясының жиынында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "рұқсатсыз митингіге" шыққандар жазаланатынын ескерткен.

Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды бейбіт митингілерге кедергі жасамауға жиі шақырады, бірақ Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың мәлімдемелерін тек ұсыныс деп санайды.

Тоқаев биліктен көмек талап еткен әйелдерді "қоғамдық тәртіпті бұзды" деп сөкті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:55 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG