АҚШ валюта басқармасының жетекшілігінен үміткер, Қазақстан тумасы Сәуле Омарова осыдан 26 жыл бұрынғы ісі үшін айыпталды. Fox News телеарнасы 17 қарашада полиция құжатына сүйене отырып, оның 1995 жылы Висконсин штатында "дүкеннен тауар ұрлап, қолға түскенін" хабарлады.
Полиция құжатында оның "жалпы құны 214 доллар болатын тауар ұрлағаны", атап айтқанда, төрт аяқ киім, екі иіс су, екі белдік пен бір шұлықтың құнын төлемей дүкеннен шығып кеткені жазылған.
Ақпаратқа қарағанда, полиция оны ұстағаннан кейін Омарова "ісіне өкініп, тауарлар құнын өтеген". Ол кейін алғаш рет заң бұзған адамдарды ақтау бағдарламасы аясында жауапкершіліктен босатылған.
Оның кандидатурасын ұсынған Ақ үй "түсінбеушілік пен шым-шытырық жағдайдың салдарынан" туындаған оқиғадан хабардар екенін, Омарова кандидатурасын әрі қарай да қолдай беретінін айтқан.
Жағдайдан хабардар сенат өкілі Сенаттың банк істері жөніндегі комитетінің оқиғаны білетінін растап, комитет тыңдауы бейсенбіге белгіленгенін айтқан.
Телеарна сайтында жарияланған материалда Сәуле Омарованың оқиғаға қатысты пікірі көрсетілмеген.
55 жастағы Сәуле Омарованың АҚШ валюта басқармасының жетекшісіне бас үміткер екені тамыздың басында-ақ белгілі болған. Қыркүйекте АҚШ президенті Джо Байден оны Қаржы министрлігі құрамындағы Валюта басқармасының жетекшісі қызметіне ұсынуға ниетті екенін білдірген кезде АҚШ қоғамында қызу талқы туған. Банктер мен республикашылдар Омарованың идеяларын тым радикал санап, оған қатты қарсылық танытқан.
АҚШ-та валюта басқармасының жетекшілігіне кандидатты президент ұсынғанмен сенат мақұлдайды. Сәуле Омарова кандидатурасы бекітілуі үшін сенаттағы демократтар бірауыздан оны қолдауы тиіс.
ПІКІРЛЕР