55 жастағы Сәуле Омарованың АҚШ валюта басқармасының жетекшісіне бас үміткер екені тамыздың басында-ақ белгілі болған. Ақ үй қарастырған өзге екі кандидат демократиялық партияның өз ішінде қолдау таппады. Бұл қызметке кандидатты президент ұсынғанымен, оны сенат мақұлдайды. Сондықтан ұсынылған кандидатура өтуі үшін, оны сенаттағы демократтардың бірауыздан қолдағаны керек. Барак Обама әкімшілігінде жұмыс істеген Майкл Барр демократтар ішіндегі прогресшілдер фракциясының қарсылығына тап болса, Калифорния университетінің құқық профессоры Мерса Барадаран басқаруда тәжірибесі жоқ деп сынға қалды.
Осылайша Ақ үй таңдауы кіші Джордж Буш тұсында қаржы министрлігінде кеңесші болған, Нью-Йорктегі алпауыт заң фирмаларының бірі Davis Polk & Wardwell компаниясында жұмыс істеген, "Шырмауық лигасына" кіретін беделді Корнелл университетінің профессоры Сәуле Омароваға түсті.
Сөйтіп 23 қыркүйекте АҚШ президенті Джо Байден Сәуле Омарованы Қаржы министрлігі құрамындағы Валюта басқармасының жетекшісі қызметіне ұсынуға ниетті екенін білдірді. Жаңалық тез тарап, АҚШ қоғамында қызу талқы тудырды. "Байден Уолл-стрит сыншысын таңдады", "Байденнің радикал кандидаты", "Күмәнді таңдау", "Биткойн сыншысы" – беделді басылымдар тақырыптарын осылай айқайлатып шығарып жатты. Ал АҚШ сауда палатасы, банк қауымдастықтары Омарованың кандидатурасына ашық қарсы шықты.
Мемлекеттің экономикадағы рөлі мейлінше аз болуы керек дейтін республикашылдар да қарап қалған жоқ. Сенатор Пэт Туми "Бұрын-соңды мұншалық "радикал" кандидат көрмеген едім" деп, Омаровадан сонау Совет одағы кезінде Мәскеу мемлекеттік университетінде жазған диплом жұмысын жариялауын талап етті.
Диплом жұмысының "Карл Маркстің экономикалық сараптамасы және "Капиталдағы" революция теориясы" деген тақырыбын, автордың банк жүйесін реформалау жайлы көзқарасын, Twitter желісіндегі кей жазбаларын сынап-мінеген оңшылдар Омароваға "коммунист" деген айдар тақты.
Бюджеті 1 миллиард доллардан тұратын Валюта басқармасы федералдық деңгейде жұмыс істейтін барлық банктер мен шетелдік банктердің федералдық филиалдарын қадағалайтын ереже бекітеді. Яғни бұл бұл басқарма JPMorgan Chase, Citigroup және Wells Fargo секілді ірі банктерді бақылайды.
АҚШ үшін осыншалық маңызы бар қызметке ұсынылған Сәуле Омарова кім? Оның қаржы саласын дүрліктірген сөздері не жайлы еді? Сенат оны мақұлдай қоя ма? Түсіндіріп көрейік.
ОРАЛ МЕКТЕБІН ҮЗДІК БІТІРГЕН ШӘКІРТ
Қазақстан тумасы Сәуле Омарова Орал қаласындағы №21 мектепте оқыған. Мектеп директоры Омарованың озат шәкірт болғанын айтады. Мектеп архивінде сақталған сынып журналында кілең беске оқығаны жазылған.
– Мектепті 1984 жылы алтын медальмен бітірді. Елу жыл ішінде мұндай жетістікке бар-жоғы 30-ақ оқушы жеткен. Сәуле физика-математика олимпиадаларының бәріне қатысқан. Зиялы отбасыда тәрбиеленген. Анасы туберкулез диспансерінде әдістеме бөлімін басқарған, – дейді мектептің қазіргі директоры Лаура Шаркубенова. Оның сөзінше, ол кезде мектеп санаулы жыл бұрын ашылған, ал Омарова оны алтын медальмен бітірген бірінші оқушы болған.
"Ол уақытта Сәуленің осындай жетістікке жететіні ешкімнің ойына кіріп шыққан жоқ, – дейді сыныптасы Виталий Мазуренко. – Бірақ болашағынан үміт күттіретіні сол кезде-ақ белгілі болған".
Мазуренко Омаровамен бар болғаны бір ай ғана бірге оқығанын, бірақ кейін басқа сыныпқа ауысса да мектепті бітіргенше аралас-құралас болғанын айтады.
– Сәуле барлық қыз секілді ашық-жарқын болатын. Мен спортшымын, оқу қиынға соғатын. Сәуле қол ұшын беруге әркез дайын тұратын қыздардың бірі еді, – дейді ол. – Сәуленің 2005 жылы келгенін білемін. Анасын алып кеткен. Бірақ біз ол кезде көріспедік.
Тағы бір сыныптасы Власта Каптелова мектепте Омаровамен дос болғанын айтады.
– Сәуленің көршісі Лена Талецкая менің құрбым еді. Лена үшінші, Сәуле екінші қабатта тұрды. Ленаның үйіне жиі барып жүріп, Сәулемен достасып кеттік. Төртінші не одан кейінгі сынып болатын, – дейді ол.
Каптелова Омарованың анасы мен әжесінің қолында тұрғанын, отбасы жұпыны тірлік кешкенін айтады.
– 9-сыныпқа қарай сән киіміне қызыға бастадық, бірақ жаңа киім алуға мүмкіндігі бола бермеді. Сәуленің анасы ескі киімдерден көйлек тігіп беретін. Кейін Сәуленің өзі де жақсы тігетін болды, – дейді сыныптас досы.
Каптелованың сөзінше, Омарова сабақты бар ынтасын беріп оқыған және кемшілік болса, соны түзетпей жаны тыныш таппайтын.
– Табанды болатын. Мысалы, дене шынықтыру сабағынан нашар баға ала бастаса, бар күшін салып, үздік шығатын. Арамыздағы ең ақылды, бірақ сөйте тұра қарапайым еді, – дейді ол. – Ал мектептен кейін байланыс үзілді. Университеттен кейін Америкаға кеткенін ғана естігенмін. Бірақ 10 жыл бұрын қызым қайтыс болғанда Сәуле Одноклассники (әлеуметтік желі) арқылы мені тауып алып, көңіл айтты. Біраз сөйлестік, қарапайымдығы қалыпты.
10 жылдық мектептен соң Сәуле Омарова Мәскеу мемлекеттік университетіне философия мамандығына оқуға түскен. Ол жерде де оқу озаты болып, үздік студентке берілетін Ленин стипендиаты атанады. Оқуын 1989 жылы тәмамдап, сол жерде оқытушының көмекшісі болып жұмыс істейді. Ал 1991 жылы, СССР тарар алдында студент алмасу бағдарламасымен АҚШ-тың Мэдисон қаласындағы Висконсин университетіне бір семестрге барады.
"1991 жылы желтоқсанда сол жақта жүргенімде Совет одағы ыдырады. Сол кезде қайтар жері жоқ бір студент бар еді. Не боларына қатты алаңдап, сонда қалдым да, саясаттану бойынша Ph.D оқитын болдым. Бірақ шынын айтқанда ел үшін шешуші сәтте кетіп қалғаныма әлі күнге дейін өкінемін" дейді ол 29 жылдан кейін NBC News бағдарламасына берген сұхбатында.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ МҰНАЙ САЯСАТЫ ЖАЙЛЫ ДИССЕРТАЦИЯ
1999 жылғы 12 сәуірде Сәуле Тарихқызы Омарова АҚШ-тың Висконсин университетінде "Постсоветтік Қазақстандағы мұнайдың саяси экономикасы" дейтін тақырыпта диссертация қорғады.
Қазақстанның 1992-1998 жылдар аралығындағы мұнай саясатын зерттеген Омарова елді Совет одағында болған мұнайлы мемлекеттер Ресей, Әзербайжан және Түркіменстанмен салыстырады. Автор мұнай индустриясы Совет одағы кезінде-ақ жолға қойылған Ресейде жекешелендіру қатты жүргенін, Әзербайжан мен Түркіменстанның мемлекеттендіруге басымдық бергенін, Қазақстанның жеке секторға басымдық бере отырып, "ҚазМұнайГаз" атты ұлттық компания құрғанын айтады.
"Мойнында жүгі жоқ авторитар Қазақстан үкіметі" инвесторларлар үшін жайлы мұнай заңдарын қабылдады, ал Ресейде мұндай бастамалар солшылдар билеген Думаның қарсылығына тап болды деп жазды ол диссертациясының кіріспесінде.
Оқу озаты болғанға үйренген Омарова Висконсин университетінде жүріп Макартур қорының Бейбітшілік және ынтымақтастық жөніндегі стипендиясын жеңіп алады да, Стэнфорд университетінде бір жыл тәжірибеден өтеді.
Висконсин университетінен Ph.D атағын алғаннан кейін ол "нарыққа қажет машықтар керек" деп саясаттанудан кетіп, құқық саласына ауысады. Сөйтіп 2001 жылы Чикаго қаласындағы Солтүстік-батыс университетінен заң докторы атағын алып шығады. Тағы да үздік студент (cum laude, топтың үздік 20 пайызына берілетін атақ) атанады.
"Содан кейін Нью-Йоркте құқық саласында жұмыс істедім. Сөйтіп жүріп тағы да кездейсоқ банк заңнамасы мен қаржы реттеу саласына тап болдым. Бұл сала маған қатты ұнады. Осылайша заңгер атандым" дейді Омарова 2020 жылғы мамырда жарияланған сұхбатында.
Омарова расымен академиялық ортадан кетіп, Нью-Йоркте қаржы саласына маманданған Davis Polk & Wardwell дейтін халықаралық заң фирмасына жұмысқа тұрады. Онда бес жылға жуық жұмыс істейді.
2008 жылдан бастап бірқатар университетте шақырылған профессор ретінде құқық, қаржы саласын реформалау жөнінде дәріс оқып, 2014 жылы Нью-Йорк штаты Итака қаласындағы Корнелл университетінің заң факультетіне құқық профессоры болып жұмысқа орналасады. Әлі күнге дейін сонда дәріс оқиды.
Омарованың студенті болған Арғын Искакбеков Корнелл университетінің әлемдегі ең үздік оқу орындарының бірі екенін, онда профессор болып жұмыс істеу оңай емесін айтады. Университет "Шырмауық лигасы" (Лига плюща) дейтін жекеменшік оқу орындары тобына кіреді. Бұл топта Йель, Гарвард және Колумбия секілді 8 университет бар.
– [Омарованың қызметке ұсынылғанын естігенде] кеудемді мақтаныш кернеді, – дейді Искакбеков АҚШ секілді әлем капиталы шоғырланған бәсекелі жерде мұның зор жетістік екенін айтып.
– Оның бағалы қағаздар жөніндегі дәрісін тыңдағам. Оның сабағына қатысқаным – мен үшін үлкен мәртебе. Дәрістері қызық өтетін. Студенттер одан қорқатын, бірақ құрметтейтін, ол өзін қатал ұстайтын, – дейді Искакбеков Азаттыққа.
Халықаралық коммерциялық арбитраж бойынша білім алған Искакбеков Омаровамен жақын танысып, бір-біріне қонаққа барғанын айтады.
– Шығыс әйеліне тән қасиеті көп. Нағыз қазақ. Атағы дардай болса да, үйінде жай ғана мейірімді ана, жайлы жар. Анасын қолына алған, мұның өзі оның қандай адам екенін білдірсе керек. Жұмысы қауырт болса да, үйінде асты өзі әзірлейді. Ал университетте әріптестері арасында беделі зор, – дейді ол.
Омарованың АҚШ валюта басқармасы жетекшілігіне ұсынылуы сол елде жүрген қазақтар арасында талқыланып жатыр. Әлеуметтік желідегі Америка қазақтары қауымдастықтарында бұл жаңалықты белсенді түрде бөлісті. Вашингтон қаласында білім алып жүрген Эльвира Айдарханова мұндай жаңалық ондағы қазақтарды жігерлендіретінін айтады.
– АҚШ-та мемлекеттік үлкен қызметке барған бір ғана қазақ қызы – Әсел (Төленова) Робертс туралы білемін. Он бес жылдан астам уақыт бойы Ақ үй протоколында қызмет істеп, биыл президент протоколы басшысының міндетін атқарушы болды. Бұл туралы қазақстандық басылымдар көп жазды. Мемлекеттік қызметтен бөлек, Вашингтондағы Дүниежүзілік банк ұйымында жақсы қызметте жүрген бірнеше қазақты кездестіргем. Солардың бірі Алма Оразалинова еді. Қазасынан кейін банктің мәжіліс залына марқұмның есімі берілді, – дейді ол Азаттыққа.
АҚШ-та жиырма жылдан астам тұратын Айнұр Нұркина Қазақстаннан көшіп барғандар арасында қызметке жетіп жатқаны көп дейді, бірақ Омарованың жөні бөлек екенін айтады.
– Қазір пікірталас жүріп жатқаны бұл қызметтің қаншалық маңызды екенін білдіреді. Бұл – тағайындалатын қызмет емес. Оны сенат мақұлдауы тиіс. Қазақтар бұрын-соңды мұндай қызметке жетпеген, – дейді ол.
ОМАРОВАНЫҢ КӨЗҚАРАСЫ ЖӘНЕ БАНКТЕР ОДАН НЕГЕ СЕСКЕНЕДІ?
Сәуле Омарова еңбектері мен сұхбаттарында ірі банктердің қаржы институты ауқымынан шығып, мұнай-газ және металл саудасы секілді тауар саудасына қол салып жатқанын, мұның ұзақ мерзімде мемлекет үшін қауіпті екенін айтады. Қаржы саласын реттеуді мұндай институттарға беруге болмайды, оны мемлекет реттеп отыруы қажет деп санайды.
Республикашылдар қазір Омароваға әсіре солшыл адам ретінде қарап отыр. Оның қазіргі ұстанымы демократтар құрамындағы солшылдардың көңілінен шығады да. Дегенмен 2007-2008 жылдары ол бір жыл республикашыл кіші Джордж Буш басқарған әкімшілікте қаржы министрлігі кіші хатшысының (вице-министрден кейінгі лауазым) кеңесшісі қызметін атқарған. Яғни ол 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы басталғанда сол дағдарысты реттеуге жауапты мекемелердің бірінде жұмыс істеген. Бүгінгі сөзінде ол сол кездегі дағдарысқа жиі сілтейді, оған алпауыт банктер кінәлі деп санайды.
Оның сөзінше, "АҚШ-тың фискалдық және валюталық инфрақұрылымы қатардағы америкалықтардан гөрі қаржы институттары мен олардың корпоративтік клиенттеріне жайлырақ етіп жасалған".
"Бұқараға көрерменнің рөлі берілген. Солай емес пе? Бірақ дағдарыс бола қалса, тазалаушыға айналамыз. Рас қой? Келеміз де, барлық шаңды, кірді жинаймыз, дұрыс па? Бірақ ақшаның қайда жұмсалатынын шешкенде бізге ешқашан үстел басында отыруға рұқсат бермейді. Меніңше, бүгінгі экономика мен қаржының басты мәселесі – осы" дейді ол NBC News бағдарламасына берген әлгі сұхбатында.
"Халықтың есеп кітабы: Ақшаны демократиялап, экономиканы қаржыландыру жолы" деп аталатын 2020 жылғы мақаласында Сәуле Омарова АҚШ орталық банкі – Федералды резервті реформалап, америкалықтардың сол жерден тікелей депозит есепшотын ашуына мүмкіндік беру керек дейді.
Омарованың айтуынша, классикалық үлгідегі қаржы жүйесіне сәйкес, банктер қандай да бір көлемде несие беру үшін сондай көлемде депозит ұстауы керек, ал қазіргі банктер бұл тепе-теңдікті сақтамай федералдық резервке арқа сүйейді. Федералды резерв азаматтарға тікелей қызмет көрсетсе, арадағы делдал атанып отырған банктер қажет болмай қалады дейді ол.
Оның бұл сөзі ірі банктерді үрейлендіріп, олар Омарованың тағайындалуына ашық қарсы болып отыр. Банк қауымдастықтары Омарованың "ұсынысы жүзеге асса қазіргі банк жүйесі өледі" деп дабыл қақты.
Банктер әдетте Ақ үй қаржы саласын реттеуге кімді ұсынса, аздаған сенімсіздікпен қарайды. Алайда ірі және шағын банктердің мүддесі әрқалай болып, бұл сенімсіздік ортақ талапқа айнала бермейді. Бірақ Байден Омарованы ұсынғаннан кейін, банк қауымдастығы оған бір ауыздан қарсы шықты дейді New York Times басылымы. Америка банктері қауымдастығының президенті Роб Николс Омарованың ұсыныстары "Американың коммюнити банктерін мемлекеттендіруге әкелетінін" айтты.
"Оның елдегі банк жүйесін түбегейлі қайта құру туралы ойына алаңдап отырмыз. [Қазіргі банк жүйесі] – дүние жүзіндегі ең әралуан, ең бәсекелі жүйе" деп мәлімдеді ол.
Омарова сондай-ақ криптовалютаға да қарсы. Ол мұның көлеңкелі банктердің пайда болуына әкелетінін айтады. Сонымен қатар ол технология компанияларының жұмысын да мемлекет реттеуі керек деп біледі. Кандидаттың елеулі ұсыныстарының тағы бірі – Ұлттық инвестиция басқармасын құру. Оның сөзінше, жеке сектор тек пайда табуды көздейді, климаттың өзгеруі және теңсіздік секілді ұзақ мерзімді жүйелі мәселелерді шешуге бас қатырмайды. Омарованың түсінігінде бұл басқарма осы міндетті шешуі тиіс. Постсоветтік кеңістікте ұсынылған басқарманы СССР-дегі мемлекеттік жоспарлау комитетіне ұқсатты.
Түйіндемесіне қарағанда, Сәуле Омарованы 2013 жылдан бастап Конгреске қаржы және технология бойынша куәлік беруге 6 мәрте шақырған. Мәселен, 2018 жылы конгресмендер алдында финтех бойынша, 2019 жылы Facebook бойынша жауап берген.
ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ ЖӘНЕ TWITTER-ДЕГІ ДАУЛЫ ЖАЗБАЛАРЫ
Сарапшылар республикашыл сенаторлар Сәуле Омароваға қатты қарсылық танытады деп топшылайды. Олардың ішінде сенат құрамындағы банк комитетінің мүшесі Пэт Туми табандылық танытып отыр. 5 қазан күні ол Омароваға хат жолдап, Мәскеу мемлекеттік университетінде жазған диплом жұмысын табыстауды талап етті.
Келесі күні Туми сенат отырысында сөз сөйлеп, Омарованың кандидатурасын сынға алды.
"Омарова ханым әсіре солшыл идеяларды насихаттағаны үшін мадақталады. Ол [идеяларды Омарованың] өзі де "радикал" деп сипаттаған. Біз бұған келісеміз. Бұл – өте-мөте радикал идеялар. Федералды үкіметтегі лауазымға мұнан асқан радикал кандидатты көрген емеспін. Мұның ауыр мәлімдеме екенін білемін, бірақ менің сөзім – осы" деді Туми әріптестеріне.
Сыншылары Омарованың Совет одағы туралы твиттеріне де мән беріп отыр.
2019 жылғы наурыздағы бір твитінде ол "АҚШ-қа келгенге дейін бүгінгі әлемде жалақы мәселесінде гендерлік теңсіздік барын елестете алмаушы едім. СССР туралы не айтсаңыз да, онда жалақыда гендерлік теңсіздік болмады. Нарық ненің дұрыс екенін әрдайым біле бермейді" деп жазды.
Осы сөзі үшін дауға қалған Омарова келесі күні сол твиттің астында пікірін нақтылай түсті.
"Мен совет өмірінде ер мен әйел барлық сипатта тең болды деп ешқашан айтқан емеспін. Бірақ халықтың жалақысы гендерге қарамай бекітілетін. Әйелдердің барлығы жүкті болғанда берілетін жәрдемақыны молынан алды. Осының екеуі де біздің қоғам үшін арман болып отыр" деп жазды ол.
Сенатор Туми Омаровадан диплом жұмысын 13 қазанға дейін тапсыруды талап еткен. Оңшыл бағытты ұстанатын Fox news басылымы жұмыстың белгіленген мерзімде тапсырылмағанын жазды.
Есесіне Омарова Financial Times газетіне сұхбат беріп, өзіне қарата айтылған сыннан нәсілшілдік белгісі байқалатынын айтты.
"Мен секілді адамдар үшін бөлек стандарт қолданатыны анық. Мені нысанаға алу оңай; иммигрантпын, әйелмін, этникалық азшылық өкілімін. Қалыпты валюта қадағалаушысына ұқсамаймын, тарихым бөлек. Мені құбыжыққа айналдырып, қорлау оңай" деп келтірді газет Омарованың сөзін 14 қазанда.
Financial Times Сәуле Омарованың советтік диплом жұмысын тапсырар-тапсырмасын айтпағанын жазады. Бірақ ол СССР-де академиялық еркіндік болмағанын, диплом жұмысындағы жазғанына сол кезде де, қазір де келіспейтінін мәлімдеген.
"Мен Совет одағында болдым. Ол жерде академиялық еркіндік болмады, ал бұл мәжбүрлеп таңдатқан тақырып болатын. Ол жұмыста жазғаным сол кездегі көзқарасыма да, қазіргі көзқарасыма да қатысы жоқ" дейді Омарова британ басылымына берген сұхбатында.
Ал жасырын коммунист болуы мүмкін деген күдікке ол "Әжем Сталиннің кесірінен жетім қалды. Ол әжемнің туыстарын Сібірге айдап, олар сол жерде көз жұмды. Оның отбасы партияға қатарына кіруден бас тартқан білімді қазақтар еді, сол үшін ажал құшты" деп жауап берді.
Омарова сол сұхбатта СССР кезінде-ақ антикоммуниске айналғанын айтқан.
"Мәскеу мемлекеттік университетіне түсіп кетіп, жолым болды... Жасым 18-де еді. Бір-ақ жылдың ішінде көптеген курстасым секілді антикоммуниске айналдым. Тыйым салынған дүниелерді оқитынбыз. Пинк Флойдты (британдық рок музыка тобы) тыңдайтынбыз, ол кезде бұл заңсыз болатын. [Cовет диссиденті Александр] Солженицын туралы әңгімелесетінбіз" дейді ол.
Омароваға қарсылар жан-жақтан шыққанымен, оны қолдайтындар да бар. Сірә көбі – демократ.
Банк саласын реттеу керек деп санайтын демократ сенатор Элизабет Уоррен АҚШ валюта басқармасы жетекшілігіне Сәуле Омарованың ұсынылуына қуанышты екенін айтты.
"Сәуле Омарованың валюта басқармасы жетекшілігіне ұсынылуы – тамаша жаңалық. Сәуле – еліміздегі ең ірі банктердің жұмысын реттеп, қадағалау тұрғысынан керемет таңдау" деді Уоррен Twitter-де.
Ал сенаттағы банк комитетінің төрағасы демократ Шеррод Браун Омарованы сынап жатқан республикашылдардың өзіне шүйлікті.
"Агенттіктің 158 жылдық тарихында жетекшілікке тағайындалғалы отырған бірінші әйел, бірінші иммигрант, ақ нәсілді емес (АҚШ-та діні христиан еуропалық ұлттарды ғана ақ нәсілді дейді, африкалықтарды, азиаттарды және өзгелерді ақ нәсілді емес немесе түрлі-түсті деп атайды - Ред.) бірінші адам екенін түсінемін, бірақ республикашылдардың соншалық аяусыз қаралап жатқанына таңғалып отырмын" дейді ол.
Браун Омарованың республикашылдармен де, демократтармен де жұмыс істегенін, қаржы саласын тұрақтандыру, жаңа қаржы технологиялары туралы хабардар екенін алға тартып, әріптестерін оның кандидатурасын қолдауға үндеді.
Джордж Вашингтон университетінде саяси коммуникацияны оқыған саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов АҚШ саяси мәдениетінде саяси қызметке тағайындалатын кандидаттың өткен өмірін тексеру дәстүрлі тәжірибе екенін айтады. Бұған қарап, Сәуле Омарова қаржы жүйесін түбегейлі өзгертіп жібереді деуге ерте дейді ол.
– АҚШ бюрократиясында қаржы саласындағы өзгерістер – бір күнде болатын шаруа емес. Сәуле Омарова ұсынылған лауазым – 5 жылға тағайындалатын қызмет. Америкалықтардың депозиттерін жеке банктерден алып Федералды резервке беру идеясы жеке банктердің төбе шашын тік тұрғызып жатыр. Бірақ қазіргі жағдайда бұл идеяның жүзеге асатыны күмәнді. Өйткені ол жақта банктер ықпалды, олар республикалық және демократиялық партиялардың саясаткерлерімен тығыз қарым-қатынаста, олардың сайлау науқандарына ақша береді. Омарова өз идеясын қаншалық жүргізгісі келсе де, оны заң жобалары арқылы жасауы тиіс, ал бұл Конгрестің құзыретінде, ол жерде үлкен кедергілерге тап болады, – дейді Нұрсейтіов.
АҚШ-ТАҒЫ САЯСИ ҚЫЗМЕТКЕ ҰСЫНУ ТӘРТІБІ
АҚШ-та тағайындалатын саяси қызметкерлер саны 4 мыңға жуықтайды. Оның 1,2 мыңға жуығы сенаттың мақұлдауын қажет етеді. Валюта басқармасы жетекшісі – сондай лауазымдардың бірі.
Таңдалғаннан тағайындалғанға дейін кандидаттар бірнеше кезеңнен өтеді. Алдымен Ақ үй кандидаттарды іріктеп, біреуіне тоқтайды. Осыдан кейін қызметтік тексеру басталады. Оны Салық басқармасы, Федералды тергеу бюросы (ФБР) және Этика комитеті жүргізеді. Осы тексерулерден аман өтсе, президент кандидатты сенатқа ұсынады. Сенаттың ішінде салалық комитет бірінші болып іске кіріседі. Олар кандидатты зерттеп, қажет болса, кездесуге шақырып, содан кейін дауыс береді. Егер олар қолдаса, сенаттың жалпы дауысына салынады. Ол жерде 50 пайыздан артық дауыс жинау қажет.
Әдетте сенат лауазымды саяси қызметке келгенде барлық кандидатты мұқият тергейді. Бұл кезде ұсынылған адамның өткен шағындағы барлық мәселе көтеріледі. Президентке партия бойынша қарсылас сенаторлар ілік табыла кетсе, мейлінше қарсыласады. Мысалы, 2018 жылы сол кездегі президент Дональд Трамп Жоғарғы сот судьялығына Брет Кавано есімді судьяны ұсынып, артынан оған студент кездегі танысы "зорлады" деп айып тақты. Мұның аяғы үлкен дауға ұласып, сенат кандидатты сағаттап тергеді. Бірақ республикашылдар бақылауындағы сенат оны жазықсыз деп тауып, кандидатурасын мақұлдап жіберген.
Бірақ бұл жолы жағдай өзгеше. Демократтар сенатта айқын басымдыққа ие емес. Екі партияның үлесі 50/50 болып тұр. Омарованы мақұлдау үшін кемі демократтар түгелдей қолдап дауыс беруі керек. АҚШ заңы бойынша, сенаттағы дауыс тең түссе, вице-президент дауыс беру құқығына ие болады, ал қазір вице-президент – демократ Камала Харрис.
ДЕМОКРАТТАР АУЫЗБІРШІЛІК ТАНЫТА МА?
АҚШ-та партиялардың идеологиясын әдетте саяси спекторда қарайды. Ортадан оңға қарай республикашылдар, солға қарай демократтар. Ортаға жақын демократтарды центристік (ұстамды көзқарастағылар) фракция, одан кейінгілерін солшыл-центристік (прогресшілдер), одан арғысын солшылдар (социалистер) деп атайды.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітовтің айтуынша, Байден Омарованы ұсыну арқылы прогресшілдер қолдауына ие болуды көздеп отыр.
– Джо Байден АҚШ президентіне кандидат болған кезден бастап сарапшылардың көбі прогресшіл демократтардың оны қолдай бермейтінін, оның өмір бойы центристік көзқараста болғанын айтып жатты. Қаржы саласына прогресшіл демократтардың күн тәртібін жақтайтын кандидаттарды сол үшін ұсынып жатыр деген көзқарас бар. Мәселен, Сәуле Омароваға дейін Құнды қағаздар және биржа комиссиясы (Consumer Financial Protection Bureau) мен Тұтынушыларды қаржылай қолдау (Consumer Financial Protection Bureau) бюросы секілді мекемелердің басшылығына прогресшіл демократтардың көзқарасын қолдайтын азаматтарды ұсынды. Сәуле Омарованың ұсынылуы осы логикаға сай келеді, – дейді ол.
Саясаттанушының айтуынша, банктер мен қаржы ұйымдары Сәуле Омарованы өткізбеу үшін центристік көзқарасқа жақын демократтарды үгіттеуге талпынуы мүмкін.
– Мәселен, Джо Манчин, Кирсин Синема, Джон Тестер сынды ұстамды демократтар бұл тағайындаудың тағдырын шешуі мүмкін. Себебі қазір оң тарапты қолдайтын көптеген банктер, одан бөлек түрлі қаржы ұйымдары осы ұстамды демократтарға шабуыл жасайды. Омарованың тағайындалуы олардың осы шабуылға төтеп бере алуына байланысты, – дейді ол.
5 қазанда New York Times басылымы өз дереккөзіне сүйеніп, Америка банктері қауымдастығы мен Тұтынушы банктері қауымдастығының центристік көзқарасқа жақын екі демократ сенатор Марк Уорнер мен Джон Тестерге байланысқа шыққанын хабарлады. Бұл екеу сенаттың банк комитетіне мүше. Яғни Омарованың кандидатурасын бірінші болып солар қарайды.
Сәуле Омарованың кандидатурасы бойынша дауыс беру алдағы айларда болады деп болжанып отыр. Ақ үй ұсынысты әзірге сенатқа жолдамаған.
ПІКІРЛЕР