Сейсенбі, 23 қарашада Тбилисиде "Раушан революциясының" 18 жылдығына арналған акция өтті. Кешке қарай Руставели даңғылының екі жағынан жүздеген адам шерулетіп шығып, бір-біріне қарсы жүрді. Полиция көлік қозғалысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды деп жазды "Неміс толқыны" сайты.
Файер жағып, плакат, ту ұстаған екі топ парламент ғимараты маңында жарты сағаттан кейін кездесті. Бұдан соң белсенділер қаз-қатар тізіліп, шамамен 1,5 шақырымға созылған тізбек жасап тұрды. Демонстранттар плакаттан бөлек, 18 жыл бұрын революция символына айналған раушан гүлін де ұстап тұрды.
2003 жылы күзде парламент сайлауы өтіп, оппозиция сайлау нәтижесімен келіспей, наразылық білдірген. 23 қарашада Грузия президенті Эдуард Шеварднадзе қызметінен кетті. Ол отставкаға кетерден бұрын Михаил Саакашвили жақтастарымен бірге қатарынан төрт күн наразылық акциясын өткізген. Билік пен оппозиция арасындағы текетірес бейбіт өтті, сол себепті бұл оқиға тарихта "Раушан революциясы" деген атпен келді. Шеруге қатысқан демонстранттар өздерімен бірге гүл алып жүрді.
Ресми Тбилиси аталған оқиғаны елемей өте шықты.
"Раушан революциясын" ұйымдастырушылардың бірі, Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили қазір 50-күндік аштық акциясынан кейін Гори қаласындағы әскери ауруханада емделіп жатыр. "Раушан революциясының" 18 жылдығына орай жазған ашық хатында ол Грузия Украина, Қырғызстан және өзге бірқатар елдердегі революцияларға үлгі болды деп атап өткен.
ПІКІРЛЕР