Accessibility links

ЕО Грузия, Молдова және Украинаға қорғаныс саласын нығайтуға көмектеседі


Житомир облысындағы әскери жаттығу.
Житомир облысындағы әскери жаттығу.

Еуропа кеңесі үш жыл ішінде Грузия, Молдова мен Украинаның қорғаныс саласын күшейтіп, әскери көмек беру шараларын мақұлдады.

Еуропа бейбітшілік қоры аясындағы шаралар аталған елдердегі "ішкі тұрақтылықты" қамтамасыз етуге бағытталған және бағдарлама аясында адамдарды қырып-жоятын қару түрлері тасымалданбайды. Еуропа кеңесінің 2 желтоқсандағы мәлімдемесінде осылай деп жазылған.

Ақпаратқа қарағанда, Грузия қарулы күштері "дағдарыс немесе төтенше жағдай кезінде азаматтарға көмектесе алуы үшін" 12,75 млн еуро (14,45 млн доллар) көлемінде көмек алады. Қолдау бағдарламасы аясында медициналық және инженерлік жабдықтар, сонымен бірге "азаматтық мақсаттағы қозғалыс құралдары" жеткізіледі.

Молдоваға медициналық және инженерлік қызмет әлеуетін арттыруға 7 млн еуро (7,9 миллион доллар) көлемінде көмек беріледі. Қаражат госпитальдарды медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге және жарылғыш заттарды жоятын инженерлік бригадаларға арналған құрылғылар алуға жұмсалады.

Украинаға "ел ішіндегі тұрақтылықты арттыруға" және "қорғаныс саласын нығайтуға" 31 миллион еуро (35,1 млн доллар) бөлінеді.

Еуропа кеңесінің хабарламасы Ресей мен Украина арасында жағдай ушыққан шақта таралып отыр. Кейінгі кезде Мәскеу Украинамен шекарасына көп әскерін орналастырып, бұған Киев пен Батыс елдері алаңдай бастаған. 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, Украина шығысында Киевпен соғысқан сепаратистерге дем берген. Жеті жыл ішінде 13,2 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Молдова мен Грузия аумағында да қақтығыстар болып тұрады. 90-жылдары Молдовадан бөлініп шыққанын айтқан Приднестровьеде Ресейдің шамамен 1400 солдаты бар. Ресей Грузиядан "бөлініп шыққан" Оңтүстік Осетия мен Абхазияны да әскери тұрғыда қолдайды. Кремль бақылауындағы санаулы елдерді қоспағанда, бұл екі аймаққа әлем елдері тәуелсіз ел деп қарамайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG