5 қаңтарда Алматының батыс бөлігіндегі "Алтын Орда" базары маңында арнайы жасақ наразыларға шулы граната қолданып, резеңке оқ атты. Оқиға орнында болған Азаттық тілшісінің хабарлауынша, таңертеңгі сағат 8-дер шамасында "Алтын Орда" базары маңында қоғамдық көліктер тоқтап, жолдар жабылған. Ол жаққа 200 шақты адам жиналып, "қымбатшылыққа қарсы" наразылық білдірді. Бұдан соң олар Қалқаманға қарай жылжыған.
"80 мың айлық аламыз. Ештеңеге жетпейді. Азық-түліктің бәрі қымбат" деді наразылардың бірі. Олар "Қазақстан" деп ұрандатып, шерулетіп қалаға қарай жүрді.
Алайда жолда оларды арнайы жасақ күтіп алып, шеруді тоқтату үшін шулы граната қолданды. Кейбіріне резеңке оқ атты. Адамдар жан-жаққа қашты. Кейбірі көше бойындағы тұрғын үйлерді сағалады.
Шулы граната Райымбек көшесі бойындағы кейбір тұрғын үйлер маңында жарылып, кейбірінің терезесі шағылды. Жол бойындағы шағын полиция кеңселері де бүлінді.
Демонстранттар Райымбек – Момышұлына қарай жылжып барады.
2 қаңтарда Жаңаөзенде газ бағасына байланысты басталған наразылық бірнеше күн ішінде Қазақстанның барлық-дерлік өңіріне жайылды. 4 қаңтарда Ақтау, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Қарағанды, Талдықорған, Тараз және өзге өңірлерде "Жаңаөзенді қолдаған" акциялар өтті. Алматы мен астанада, оралда полиция мен наразылар қақтығысты. Алматы мен Маңғыстау облысында 19 қаңтарға төтенше жағдай жарияланды.
5 қаңтарда таңертең президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отставкасын қабылдаған. Елде интернет жылдамдығы нашарлап, WhatsApp, Telegram сияқты әлеуметтік желілер істемей қалды.
Қарай отырыңыз: Алатау театры алдында басталған дүрбелең (4-5 қаңтар 2022 жыл).
ПІКІРЛЕР