Accessibility links

Ақтөбеде әкімдікті басып алмақ болған наразыларға полиция газ шашты


Ақтөбе облысы әкімдігі алдында тұрған наразылар. 5 қаңтар 2022 жыл.
Ақтөбе облысы әкімдігі алдында тұрған наразылар. 5 қаңтар 2022 жыл.

Ақтөбеде әкімдікті басып алмақ болған наразыларға полиция көзден жас ағызатын газ шашты. Облыс әкімдігінің алдында қонып шыққан наразылар 5 қаңтарда күндіз облыс әкімдігінің терезесін шағып, ішке кірмек болған кезде полиция оларға жас ағызатын газ шашып, қуды. Аумаққа жедел жәрдем көліктері де келді. Азаттық тілшісі аяғы жараланған бірнеше адамды көрді. Соған қарағанда полиция резеңке оқ қолданғанға ұқсайды.

Бірнеше адамды жедел жәрдем көлігі алып кетті. Полиция әкімдік аумағын күзетуді күшейтті.

Сәрсенбі күні таңертең наразылар Ақтөбе облысы әкімі Оңдасын Оразалиннің шығуын талап еткен. Алайда әкім келмеді. Қала әкімі Асхат Шахаров наразыларды сабырға шақырған.

Қалада қоғамдық көлік тоқтаған, интернет баяу, облыс әкімдігіне жақын дүкендер мен супермаркеттер жабық. Тек дәріханалар ашық.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде газ бағасына байланысты басталған наразылық бірнеше күн ішінде Қазақстанның барлық-дерлік өңіріне жайылды. 4 қаңтарда Ақтау, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Қарағанды, Талдықорған, Тараз және өзге өңірлерде "Жаңаөзенді қолдаған" акциялар өтті. Алматы мен астанада, Оралда полиция мен наразылар қақтығысты. Алматы мен Маңғыстау облысында 19 қаңтарға төтенше жағдай жарияланды.
  • Бастапқыда наразылар Батыс өңірі тұрғындарының басым бөлігі көлігіне пайдаланатын сұйытылған газ бағасын арзандатуды талап етті. Жаңа жылдан бастап отынның аталған түрі екі есеге қымбаттаған.
  • Наразылықтың үшінші күні билік газды 50 теңгеге дейін төмендетуге келісті, алайда наразылар саяси талаптар айта бастады. Олар президенттіктен кетсе де, саяси ықпалын сақталған Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен "толық кетуін", саяси тұтқындарды босатуды, қымбатшылық пен жемқорлықты жоюды талап етті.
  • 5 қаңтарда таңертең президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отставкасын қабылдаған.

Видео: Ақтөбе, Шымкент, Орал, Қостанай... Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі наразылықтар (4 қаңтар 2022 жыл).

Ақтөбе, Шымкент, Орал, Қостанай... Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі наразылықтар
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:03 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG