Ақтөбе қаласында қаңтардың басында билікке қарсы бейбіт наразылыққа шыққан кемі бес белсендіні полиция ұстап әкеткен. Бұл туралы Азаттыққа жергілікті белсенділер мен адвокаттар хабарлады.
Белсенділердің сөзінше, Жанна Есмұрзина, Айнагүл Төбетова, Асқар Қаласов, Сағындық Бекеевтің ұсталған. Азаттық бұл белсенділерге хабарласқанда телефондары сөніп тұрды. Ал адвокат Жанболат Қожанов 8 қаңтарда белсенді Берік Ноғаев "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деген айыппен, 15 күнге қамалған. Ноғаев бұған дейін Ақтөбедегі басқа да бейбіт митингілерге қатысып, әкімшілік жауапқа тартылған еді.
Ақтөбе полициясының мәліметінше, 8 қаңтарда бөлімшеге коммендант сағатын бұзды деген айыппен 89 адам жеткізілген. Оның ішінде 32 адам әкімшілік жауапқа тартылған.
Ақтөбе облысында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жарияланған. Кешкі уақыттан таңға дейін коммендант сағаты енгізілген.
- 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
- Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
- 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
- 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
- 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ.
- Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
- 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
- Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған. Интернет өте нашар, жиі өшіріледі.
- 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ал 8 қаңтарда Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "отанға опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.
ПІКІРЛЕР