Accessibility links

Ақтөбеде белсенді "тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп қамалды. Шешесі тағылған айыппен келіспейді


Ақтөбе облысы әкімдігі алдында тұрған наразылар. 5 қаңтар 2022 жыл.
Ақтөбе облысы әкімдігі алдында тұрған наразылар. 5 қаңтар 2022 жыл.

Ақтөбеде белсенді Қуат Шамұратов "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген күдікпен 10 қаңтарда тергеу изоляторына қамалды. Ақтөбе полициясы Шамұратовпен бірге тағы екі адамның осы күдікпен қамауға алынғанын хабарлады.

Қуат Шамұратовтың шешесі оны арнайы жасақ 7 қаңтар күні түс әлпетінде үйінен алып кеткен.

- Ұлымды автозакқа тиеп әкетіп, учаскеге жеткенше автоматпен басынан ұрған. Артынша адвокаты уақытша изоляторға барғанда Қуат жүрегі айнып, сөйлей алмай отырған. Сол сәтте адвокат изоляторға жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер баламның миы шайқалғанын айтқан. Дүйсенбі күні сот болып, екі айға изоляторға қамап тастады. Тергеу баламды "алаңға КамАЗ-бен тас төктірді", "митингіні ұйымдастырды" , "наразыларды қаржыландырды" деп айыптап отыр. Алаңда болғаны рас. Бірақ ол наразыларға митингінің төртінші күні қосылды. Қатарға кейін қосылса, ол қалай ұйымдастырушы болады?! Меніңше, билік оны белсенді азаматтық позициясы үшін түрмеге тықпақшы, -дейді шешесі Маржан Серікбаева.

Жеке кәсіпкер Қуат Шамұратов 2020 жылғы ақпан айындағы наразылық кезінде белсенділігімен көзге түскен. Туыстары содан бері әр митингі қарсаңында Шамұратовтың үйін полиция үнемі аңдып тұратынын айтады. Шамұратовтың адвокаты Ардос Иманғазин "тергеудің қолында оны қамауға негіз болатындай заңды дәлел, дәйек жоқ" деп санайды.

-Қуат Шамұратовтың үстінен қозғалған істе қылмыс құрамы жоқ. Оны әрі кеткенде "рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін" әкімшілік жазаға тартуға болады. Ол бұрын полицияда істеген, заң алдындағы жауапкершілікті білетін адам. Сондықтан алаңда арандатушылардың сөзіне еріп, әкімдікке кірмек болғандарды тоқтатып, қалалық ішкі істер басқармасы басшысына хабарласқан. Алаңға полиция қызметкерлерін жіберуін сұраған, -дейді Ардос Иманғазин.

44 жастағы Қуат Шамұратов – төрт баланың әкесі. Шешесі Маржан Серікбаева ұлының он жылдан астам ішкі істер саласында жедел уәкіл болғанын, кейін өз еркімен жұмыстан кетіп, кәсіпкерлікке бет бұрғанынын растап отыр.

Азаттық Ақтөбе полициясынан Қуат Шамұратов туралы ақпарат ала алмады. Полицияның баспасөз қызметі тергеу мүддесіне орай тергеу изоляторына қамалған үш адам туралы ақпарат берілмейтінін айтты.

Қазақстан ішкі істер министрлігі елдегі жағдай кезінде барлығы он мыңға жуық адам ұсталып, 400-ден астам қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис Азаттыққа берген сұхбатында "Ұсталғандармен не болып жатқаны, оларды қайда ұстап отырғаны, құқықтары сақталып жатыр ма сол жағы белгісіз. Ұсталғандар арасында тонаушылар мен өртегендерден бөлек басқа да адамдар бар деп ойлаймыз. Кездейсоқ адамдар да, бейбіт митингіге шыққандар да болуы мүмкін" деген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG