Accessibility links

Шымкент соты эксгумацияға қарсы адамның шағымын қанағаттандырмады


Ауыл маңындағы зират. Көрнекі сурет.
Ауыл маңындағы зират. Көрнекі сурет.

27 қаңтар күні Шымкент қалалық соты 5 қаңтарда Алматы қаласында екі жерінен оқ тиіп, қайтыс болған 22 жастағы Аңсар Исламның денесін эксгумациялауға рұқсат берген қалалық тергеу сотының қаулысын күшінде қалдырды. Марқұмның денесін қазып алып, сараптамадан өткізуге оның туыстары қарсылық білдірген.

Бейсенбі күні қалалық сот істі жабық қарады. Сот процесіне журналистерден бөлек марқұмның туыстарын да кіргізбеген.

Тергеу сотының қаулысында Алматыдағы қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап) бабымен іс қозғалғаны, оқиға кезінде Аңсар Исламға оқ тиіп, қайтыс болғаны жазылған. Мәйітханада сот-медициналық сараптамасынан өткізілмегені жазылған. Бірақ мәйітхана қызметкерлері туыстарына қайтыс болуы туралы медициналық анықтама берген.

Марқұм Аңсар Исламның анасы Жазира Жандарбекова жерленген ұлының мәйітін қазып алуға қарсы. "Сот шыққан қаулыны бұза алмаймыз, эксгумация жасау керек деп айтады. Баламның мәйітін қазып алуға қарсымын. Жоғарғы сотқа шағымданамын" дейді ол.

Қалалық сот қалалық мамандандырылған тергеу сотының қаулысын бұзбағанын Жандарбекованың қорғаушысы Жахангир Суннатов растады.

5 қаңтар күні Алматыда такси жүргізушісі болып жұмыс істейтін Аңсар Ислам оққа ұшқан. Оқ мойны мен шатына тиген. 6 қаңтар күні мәйітханадан денесін алған соң, 7 қаңтар күні Шымкентте жерленген.

Қалалық тергеу сотының эксгумация жасау туралы қаулысы 19 қаңтар күні шыққан.

Бұған дейін қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың жақындары марқұм болған туыстарының сүйегін қайта қазып эксгумация жасауға қарсылық білдірген еді. Олар эксгумация жасау туралы сот шешімдеріне апелляция түсіре бастаған. Кейбір заңгерлер қаза болғандардың денесіне мәйітханада сараптама жасалғандықтан оларды қайта қазуға негіз жоқ деп санайды.

Қазақстан ішкі істер министрлігі мәйіттерді қайта қазып алуға қатысты әзірге ешқандай да мәлімдеме жасаған жоқ.

Қарай отырыңыз: Қызылордада полиция дүрбелеңде қайтыс болған марқұмның мәйітін қайта қазып алды (25 қаңтар 2022 жыл).

Қызылордада полиция дүрбелеңде қаза болған марқұмның мәйітін қайта қазып алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:12 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG