Мәскеу Украинаға басып кіргенде мұндай қарсылыққа тап боламыз деп күтпеді. 24 ақпанда Ресей Украинаға соғыс бастағанда сарапшылар Украина әскері қарсылық көрсете алмайды деп болжаған. Бірақ қазір сарапшылар Украина әскерінің тегеурінінен Ресей көп шығынға ұшырап, тактикасы дұрыс жұмыс істемей жатқанын айтады.
Украина қорғаныс министрлігі қазірге дейін Ресейдің 12 мыңнан аса әскериін өлтіргенін мәлімдеді, бірақ соғыстағы жағдай тез өзгеріп жатқандықтан шығындар жайлы нақты дерек айту қиын.
АҚШ ресми өкілдері Ресей Украинадағы соғыста алты мыңдай әскериінен айырылды деп мәлімдеді. Вашингтонда Мәскеудің адам шығыны 2-4 мың арасында деген де статистика айтылды. Ал Мәскеу наурыздың басында бір рет адам шығыны жайлы дерек жариялап, 498 әскериінен айырылғанын айтқан. Осыдан соң Ресей қаза болған солдаттары жайлы мәлімет таратпады.
Бірақ көптеген сарапшылар Украина күштері Кремльдің соғысқа құрған жоспарының орындалуына кедергі келтіргенін, бірақ Ресей күштері әлі сан және қару жағынан алда екенін әрі алға жылжып бара жатқанын айтады.
Қазір Ресей басқыншылығы мен Украинаның қарсыласуы шешуші кезеңге келгендей және көптеген факторлар соғыс тағдырын алдағы аптада шешуі мүмкін.
Украинадағы соғыста енді болмақ? Ресей әскері әлсіреді ме? Украина қалай тойтарыс беріп жатыр? Азаттық бұл сауалдарды Австрия қорғаныс министрлігінің бұрынғы қызметкері және Еуропа кеңесі Ресей әскері бойынша сарапшысы Густав Грессельмен талқылады.
Азаттық радиосы: АҚШ, Украина және Ресей соғыстағы адам шығыны жайлы қарама-қайшы деректер жариялап жатыр. Бұл статистиканы жұрт қалай түсінуі керек? Неге қаза тапқандар жайлы сандар әртүрлі?
Грессель: Қаза болғандарның нақты санын анықтауға тырысқанымен, нәтиже шықпайды. Себебі екі жақтан да қаза болғандарды нақты көре алмайсыз. Украиналықтар өздері өлтірген, тұтқынға алған адамдарының саны бойынша статистикаларына сенімді болуы мүмкін. Себебі олар адамдарды санай алады. Бірақ Украинаның қарымта шабуылы бұл соғыстың шағын бір бөлігі ғана. Сондықтан қаза тапқандардың шын санын білуге тырыссаңыз, бұл мүмкін емес. Әсіресе қаза тапқан адамдарды санау қиын. Бүлінген көліктерді санау оңай, себебі оларды көруге болады, оларды спутник суреттерден де санауға болады. Сондықтан батыс барлау орындарының осы арқылы статистика жүргізуге мүмкіндігі болды. Ал Ресейдің статистикасы – пропаганда. Ресей соғыстағы деректерді жасыруға тырысып жатыр және олардың статистикасы ақылға сыймайды. Әрине, Ресей барлығын жасыра алмайды, себебі кез келген қақтығыста ауыр жараланып, Ресейге оралып жатқан адамдар бар. Сондықтан оларға мойындау керек болды, бірақ Ресей шынайы статистиканы азайтып көрсетіп отыр.
Егер Ресейдің 198 адам қаза болды дегені рас болса, онда қираған танкілерді елестер басқарған болып шығады. Танкілер санаулы секунд ішінде жарылғанда экипаж сыртқа шығып үлгермейді. Ал ресейлік әр танкінің экипажында үш адамнан бар.
Азаттық радиосы: Ресейдің соғыстағы адам шығыны көп десек, Мәскеудің стратегиясында өзгеріс байқала ма?
Грессель: Қазір Путин жергілікті халықтың қолдауын иеленуге тырысып жатыр, бірақ Украинадағы жағдай ушығып кетсе ол әскерін күшейту үшін әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгерлер мен резервте тұрғандарды шақыруы мүмкін. Меніңше, олар 1 сәуірді күтіп отыр, 1 сәуірде көктемгі әскерге шақыру болып, әскерге жаңа адамдар келеді де, қызметі аяқталғандар үйіне қайтады. Әрине, Ресей әскерилері қызметін аяқтағандарды қалуға я келісім-шартқа қол қоюға мәжбүрлеуі мүмкін. Себебі қазір біз Ресей тарапынан қандай да бір мардымды келіссөз я атысты тоқтататын шешім көріп тұрған жоқпын. Ресей татуласатындай қандай да бір қадам жасайды деп ойламаймын.
Азаттық радиосы: Ресей басында қандай тактика ұстанды?
Грессель: Ашығын айту керек, алғашқы шабуыл сәтсіздікке ұшырады. Бұл жоспар соғыстың аллғашқы аптасында-ақ күл-талқаны шықты. Қазір қайта ұйымдасу жүріп жатыр. Ресей бұл соғысты ескі советтік әдіспен жүргізуге тырысты. Бұған қоса, Сирияда және Донбасста олар масштабы шағын әскери әрекеттерге қатысты. Сондықтан олар бұл шағын операцияларды масштабы әлдеқайда үлкен Украинадағы соғысқа бейімдей алмады.
Әскери бағытты өзгерту қиындау, себебі олар үйде қалған ұйымдастырушы элементтердің көбін Украинадағы соғыс алаңына әкелген жоқ, сондықтан олар бәрін түбімен қайта ұйымдастырып, қайта реттеуі керек. Сондықтан болар әскери әрекетте үзіліс байқап отырмыз.
Қайта ұйымдастыру мен логистикалық мәселелер өте күрделі, себебі Ресей күштері дайындалған, кәсіби батальондық тактикалық топтардан құралған. Олар тез жиналып, тез қайтып кетуге құрылған. Ал асықпай, байыппен үлкен соғыс жүргізуге Ресейдің материалды-техникалық мүмкіндігі мен ұйымдастыру негізі жоқ.
Азаттық радиосы: Ресей әскері сәтсіздіктерге қарамастан қайта топтасып, Киевті қоршау деген басты мақсатын орындауға күші жете ме?
Грессель: Егер Батыс Ресей экономикасын қиратып, Украинаға көп қару беріп, Ресейдің әскери шығынын ұлғайта берсе, Ресей шығу жолын іздей бастауы мүмкін. Бұған қоса, Ресей қоғамы соғысқа қарсы шығып, Путиннің күткені болмай қалуы мүмкін.
Әрине, санкциялардың тіс батыруы әлсіреп, Путин Батыстың Украинаға қолдауы осымен таусылды деп көрсе, қазір қолында барымен қимылдауы мүмкін. Украина әскери қаруы азайып, олардың қарсыласуы бәсеңдесе, Ресей қоғамы әскери машина мен пропагандаға импульс берсе жеңіске де ұмытылар.
Мұны болжау өте қиын. Дәл қазір шешуші сәтте тұрмыз және біздің әрекетіміз алдағы аптадағы соғыстың тағдырын, Украинаның төтеп беру күшін шешеді.
Ресейдің мақсаты – қол жеткізуге болатын мақсат, бірақ оның шығыны Ресей күткеннен көп болады. Бір жағынан Украина бұған кедергі келтіруі мүмкін. Киев үшін шайқаста ештеңе шешілген жоқ, басқа қалалар да тойтарыс беріп жатыр. Көп соғыста жергілікті рух, жергілікті командирлердің бастамаларына да байланысты.
Украина офицерлері мен украин әскерилерінің кәсібилігі мен ұйымдасқаны біз күткеннен асып түсті. Бұл жалғаса берсе Украинаның Ресейді тағы шығынға ұшыратып, олардың жеңістен айыруға мүмкіндігі бар. Бірақ Украинаның Ресейді ел аумағынан толық шығарып тастауға айтарлықтай мүмкіндіктері жоқ. Өкінішке қарай, бұл қолынан келмейді, бірақ Ресейдің жеңіске жетуіне кедергі келтіре алады.
Ағылшын тілінде алынған сұхбат қазақ тіліне ыңғайластырылып әрі ықшамдалып аударылды.
ПІКІРЛЕР