Accessibility links

Тоқаевтың "көзбояу" реформалары және Ресейге "қолдау білдірмеген" Қазақстан


"Тоқаевты қолдау" митингісіне жиналған халық. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.
"Тоқаевты қолдау" митингісіне жиналған халық. Алматы, 19 наурыз 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Тоқаевтың уәде еткен реформалары не себепті кезекті көзбояуға айналуы мүмкін екенін талдайды. Сонымен қатар АҚШ үшін дәл қазір Орталық Азияда Ресей ықпалын азайтудың оңтайлы мүмкіндігі туғанына тоқталады. Бұдан бөлек Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін ашық мәлімдеген Қазақстан мен Өзбекстан Ресейді БҰҰ Адам құқығы кеңесінен шығаруға не себепті қарсы дауыс бергеніне үңіледі.

"ҚАЗАҚСТАНҒА КӨЗБОЯУ РЕФОРМАЛАР ЕМЕС, НАҚТЫ ӨЗГЕРІСТЕР КЕРЕК"

Foreign Policy басылымы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауда уәде еткен реформалары не себепті жай ғана көзбояу болып қалуы мүмкін екенін талдайды.

Мақала авторлары − АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінің Орталық Азиядағы геосаясат пен саяси режимдер тақырыбына маманданған PhD студенті Ақбота Кәрібаева мен Джон Хопкинс университетінің жоғары халықаралық мектебінің магистранты, Орталық Азиядағы конфликтілерді басқару саласын зерттеуші Джонатан Мейер Тоқаев жолдауда елді «суперпрезиденттік» жүйеден «парламенті мықты президенттік жүйеге» көшіруге уәде еткенін еске салады. Авторлардың ойынша, ашықтық, билікті халыққа есепті ету мен демократияға бет бұру жолындағы кедергілер түбегейлі жойылмайынша, Тоқаевтың реформалары бос сөз болып қалмақ.

Мейер мен Кәрібаева Қазақстан үкіметі толқуға әкелген себептерді жылдар бойы шешпей, оның орнына сырттағы және елдегі аудитория алдында өзін легитимді етіп көрсету үшін тұрақтылық имиджін қалыптастыруға тырысқанын келтіреді.

«Қаңтар оқиғасы мен санкциялардың жанама әсері тұрақтылық туралы түсініктің күл-талқанын шығарды. [Тоқаев] әкімшілігінің өзгерістерді шындап іске асыруға қаншалықты ниетті екені белгісіз. Түптеп келгенде Тоқаев – кәсіби дипломат және бюрократ, өзі реформалағысы келетін жүйенің ішінен шыққан».

Зерттеушілер Тоқаевтың бейбіт жиын өткізу туралы заңға қатысты пікірі «жаңа Қазақстанды» демократияландыру уәдесіне күмән келтірді деп есептейді. Президент жолдауда бейбіт жиын өткізу туралы қазіргі заң азаматтарға «кедергісіз митинг өткізуге мүмкіндік беретінін» айтып, «арандатуға бейім белсенділердің» әрекеті қатаң бақылауға алынады, «бұдан әрі босаңсу болмайды» деген. Авторлар бұл мәлімдеме белсенділер бейбіт шеру өткізу үшін биліктен рұқсат сұрауды жалғастыра беретінін, ал заңсыз митингілер үшін қудаланатынын көрсетеді дейді.

Полиция "митинг орнынан" адамдарды ұстап барады. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Полиция "митинг орнынан" адамдарды ұстап барады. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Тоқаев президентті облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері шығаратын актілердің күшін жою құқығынан және аудан мен ауыл әкімдерін тағайындау құқығынан айыруды ұсынды. Бірақ президент бұрынғыдай облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін қызметінен ала алады. Оның үстіне президент тағайындайтын бас прокурор облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері шығаратын актілердің күшін жоя алады, ал облыс әкімдері аудан және ауыл әкімдерін қызметінен ала алады.

Зерттеушілер облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері қызметіне кемі екі кандидатты мәслихат қарауына Тоқаев ұсынатыны да ахуалды өзгертпейді деп санайды. Олар мәслихат бұл қызметке кандидаттарды өзі ұсынса, бұл оларға көбірек өкілет берер еді дейді.

Биліктің түрлі тармақтарының өкілдері Тоқаев жолдауын тыңдап отыр. 16 наурыз 2022 жыл.
Биліктің түрлі тармақтарының өкілдері Тоқаев жолдауын тыңдап отыр. 16 наурыз 2022 жыл.

Авторлар әзірге «Жаңа Қазақстанның» реформалары баяғы сүрлеу-соқпақпен айналшықтап жүруді елестеді деп есептейді. Олар билік президенттен халық сайлайтын жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қарай ойысатын реформа іске асса, Қазақстан толқулардың алдын алып, ел ішіндегі сенімді қалпына келтіре алар еді дейді.

"РЕСЕЙГЕ ҚОЛДАУ БІЛДІРМЕГЕН" ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН ЖӘНЕ АЙМАҚТА МӘСКЕУ ЫҚПАЛЫН АЗАЙТУ МҮМКІНДІГІ

Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға қарсы соғысы − АҚШ үшін Орталық Азиядағы Мәскеудің ықпалын азайтудың оңтайлы мүмкіндігі, бұған аймақ елдеріне экономикалық даму, техника және қауіпсіздік саласында көмек беру арқылы қол жеткізуге болады. АҚШ-тың Atlantic council сараптама орталығының штаттан тыс аға ғылыми қызметкері Ариэль Коэн Wall Street Journal басылымында жазған мақалада осындай ой айтады.

Автор Орталық Азия мен Кавказ елдерінің басым бөлігі Ресейді қолдаудан ашық бас тартқанын да келтіреді. Қазақстан президенті Тоқаев америкалық National Interest басылымына жазған мақалада Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеді. Өзбекстан сыртқы істер министрі Камилов сепаратистік "Донецк және Луганск республикаларын" мойындамайтынын жеткізді. Грузия да Украинаға қолдау білдіріп, Молдовамен бірге Еуроодаққа кіруге өтініш білдірді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Украина басшысы Владимир Зеленский. 19 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Украина басшысы Владимир Зеленский. 19 қыркүйек 2019 жыл.

Зерттеушінің жазуынша, Ресеймен көршілес елдер Украинаға іш тартса да, ядролық қаруы бар Мәскеуден сескенеді. Оның үстіне Ресей оларды қорқытып-үркітуді жалғастырып отыр. Мысалы, Ресей депутаты Михаил Делягин өткен аптада Әзірбайжанның мұнай өнеркәсібін жоюға шақырып, әлеуметтік желідегі оқырмандарынан ядролық қару бұл үшін лайықты қару бола ма деп сұраған. Бірақ артынша ол ядролық қаруды қолдануға шақырғанын жоққа шығарған.

Коэн екі апта бұрын Ресей Новороссийск түбіндегі теңіз терминалындағы айлақтардың істен шыққанын алға тартып, Қазақстан мұнайын әлем нарығына тасымалдайтын құбырды жауып тастағанын еске салады. Каспий құбыр желісі консорциумы операторының «айлақтардың теңіз дауылы кесірінен істен шықты» деген уәжіне осы саладағы сарапшылар күмән келтірген. Коэннің ойынша, Ресей осы арқылы Қазақстанға Украина мәселесіне қатысты сигнал жолдаған болуы мүмкін.

«АҚШ аймақтағы ахуалға араласып, Орталық Азия үшін Мәскеу мен Пекинге геосаяси балама ұсынуға дайын болуы керек. АҚШ Кавказ бен Орталық Азия елдеріне қауіпсіздік, барлау, инвестиция, білім беру саласындағы әріптестік пен ашықтық, тиімді басқару, құқықтық реформалар, мемлекеттік және жеке сектордағы жетекші мамандарды оқытуға көмек беруі керек», − дейді ол.

Сонымен қатар ғалым Вашингтон мен Еуроодақ аймақ елдерінен шикізат, өзге тауар мен қызметтерді сатып алуын арттыруы керек деп есептейді.

«Украинадағы соғыс бүкіл әлемді қамтитын әлдеқайда ауқымды қақтығыстың басы болуы мүмкін. Орталық Азия төрт ядролық держава – Ресей, Қытай, Пәкістан, Үндістан және осы қатарға талпынып жатқан Иран қоршап тұрған маңызды аймақ. Сондықтан үстемдікке ұмтылып жатқан Мәскеу және Пекинмен күресу үшін бұл аумақты (Орталық Азияны) бақылау өте маңызды».

Жапонияда шығатын Nikkei Asia онлайн-журналына мақала жазған Сингапурдағы Раджаратнам атындағы халықаралық зерттеу мектебінің аға ғылыми қызметкері Рафаэлло Пантуччи де осы тақырыпты қозғап, Батыс Орталық Азия елдерін қолдауға көбірек көңіл бөлуі керек деген пікір білдірген.

Пантуччи Украинадағы соғысқа қатысты Тәжікстан мен Түрікменстан үнсіз қалды, ал Қырғызстан Путинге қолдау білдіргендей болды, бірақ елде соғысқа қарсы митингілерге рұқсат еткенін еске салады. Ал аймақтағы ең маңызды екі мемлекет – Қазақстан мен Өзбекстанның ешқайсысы Ресейге қолдау білдірмеді, сепаратистік "Донецк және Луганск республикаларын" мойындамады. Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмек жіберіп, соғысқа қарсы наразылық шарасына рұқсат етті.

Алматыдағы Украинаны қолдау митингісі. 6 наурыз 2022 жыл.
Алматыдағы Украинаны қолдау митингісі. 6 наурыз 2022 жыл.

Сыртқы істер министрі Роман Василенконың немістің Die Welt басылымындағы сұхбатта Ресейден кеткен компанияларды Қазақстанға шақыруы Қазақстан Батыспен араздасқан Ресеймен бір қатарда тұрғысы келмейтінін, Батыспен қарым-қатынасты сақтап қалғысы келетінін көрсетті.

Пантуччи Өзбекстан мен Қазақстанның бұл ұстанымы Батыс елдері үшін жақсы мүмкіндік, себебі Батыс Орталық Азияны қолдауды күшейтсе, бұл Ресейді қиын жағдайға қалдырады деп есептейді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ РЕСЕЙДІ БҰҰ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ КЕҢЕСІНЕН ШЫҒАРУҒА НЕ СЕБЕПТІ ҚАРСЫ БОЛДЫ?

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның не себепті Ресейді БҰҰ Адам құқығы кеңесінен шығаруға қарсы дауыс бергеніне үңіледі.

7 сәуір күні БҰҰ Бас ассамблеясы Украинадағы соғыс үшін Ресейді БҰҰ Адам құқығы кеңесінен шығарып тастады. Ресейді кеңестен шығаруды 93 ел қолдаған, 58 ел қалыс қалған, 24 ел қарсы шыққан.

Орталық Азия елдерінің ішінен Түрікменстан дауыс беруге мүлде қатыспады.

Ресейді БҰҰ Адам құқығы кеңесінен шығару туралы қарар қаралған БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясы. 7 сәуір 2022 жыл.
Ресейді БҰҰ Адам құқығы кеңесінен шығару туралы қарар қаралған БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясы. 7 сәуір 2022 жыл.

Reuters агенттігі дауыс беруден бұрын Ресей миссиясы қарарға қарсы дауыс беруге шақырған хатты белгілі бір миссияларға жолдағанын хабарлады. Хатта Ресей өзіне қарсы дауыс бергендер ғана емес, қалыс қалғандар да Мәскеуге қолдау білдірмеген елдерге жатқызылып, бұл болашақта екіжақты қарым-қатынаста ескерілетінін жеткізген делінеді.

Мақала авторының жазуынша, аймақ елдері Ресеймен экономикалық, әлеуметтік және саяси қарым-қатынасты жолға қойғандықтан, «достық пейілдегі емес» мемлекеттердің қатарына қосылу оларды тығырыққа тірер еді. Мысалы, Ресей осы аптада «доспейіл емес» мемлекеттер тізіміне кірген елдерге жеңілдетілген виза режимін алып тастады. Мұндай тізімге кіру Ресейде жұмыс істеп, елге ақша аударатын Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан еңбек мигранттарының ахуалын қиындатып жібереді.

Сонымен қатар Ресейдің Украинаға басып кіруі Орталық Азияны ықтимал Мәскеу басқыншылығынан төнетін қауіп туралы ойларға жетелейді. Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры, адам құқықтары жөніндегі заңгер Стив Свердлоу «Ресейдің Украинаға басқыншылығы Мәскеудің Орталық Азия елдерінің мемлекеттілігіне күмән келтіретін отаршыл және нацист ұстанымы ақыр аяғында әскери басқыншылыққа ұласуы мүмкін бе деген сұраққа нақты жауап берді» дейді.

Алайда Өзбекстан мен Қазақстан шенеуніктері бұған дейін Украинаның аумақтық тұтастығына құрметпен қарайтынын ашық айтты.

«Өзбекстан мен Қазақстанның Украинадағы соғысқа қатысты мәлімдемелерін ескерсек, олардың бұлайша дауыс беруі Ресейге «сүйек тастау мүмкіндігі» болуы ықтимал», − дейді OCCRP-дің (Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы) Орталық Азия елдеріндегі редакторы Мэтью Купфер.

«Орталық Азия елдерінің даусы қарардың қабылдану-қабылданбауына әсер етпеді. Бірақ бұл Мәскеудің Орталық Азиядан кек қайтару әрекетінің алдын алу болса, онда бұлайша дауыс беру өзін-өзі ақтады», − дейді басылым.

Бұл материалды мына жерден орыс тілінде оқи аласыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG