Accessibility links

Гүлмира Сатыбалды универсиада объектілерін жөндеуге бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген


Алматы қаласы жемқорлыққа қарсы қызметі Гүлмира Сатыбалды бастаған "Ария-Жаңа Астана" компаниясының жетекшілігіне және "Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы" коммуналдық мекемесінің қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Олар Универсиада объектілерін жөндеу үшін 2019 жылы бюджеттен бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген (2017 жылы Қазақстан Алматыда қысқы универсиада ұйымдастырған).

Қазір "Ария-Жаңа Астана" компаниясының жетекшілеріне қатысты басқа аймақтарда да тергеу басталғаны да хабарланды.

Антикоррупция қызметі "тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат берілмейтінін" айтты.

Гүлмира Сатыбалды – елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлының әйелі.

17 наурызда Жемқорлыққа қарсы агенттік Қайрат Сатыбалдыұлы мен Гүлмира Сатыбалдының үстінен "бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу" күдігі бойынша тергеу бастаған. Гүлмира Сатыбалды Нұр-Сұлтанда екі айға қамауға алынған еді.

Ал 13 наурызда Жемқорлыққа қарсы агенттік Қайрат Сатыбалдыұлын 13 наурызда шетелге ұшпақ болған жерінен ұстап, екі айға қамаған. Ол "Қазақтелеком" компаниясынан аса ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікке ілінді.

Қайрат Сатыбалдыұлы – Forbes журналы оны елдегі ең бай елу бизнесмен тізіміне енгізген. Оның дәулеті 163 миллион долларға бағаланған.

Кемі 238 адамның өмірі қиылған Қаңтар дүрбелеңінен соң елде Назарбаевтың айналасындағы адамдар қызметтен кетіп, кейбірі қамауға алынды. Экс-президенттің бауыры Болат Назарбаевты рейдерлікке айыптағандар көбейді. Ал Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева депутаттық мандатын тапсырып берген.

Бұрынғы президенттің қыздары, бауыры Болат Назарбаевтың қазір қайда екені белгісіз, олар Қаңтар оқиғасынан бері жұрт алдына шықпады.

Сарапшылар Қаңтар оқиғасынан соң елде Назарбаевтың ықпалы әлсіреп, Тоқаевтың билігі нығайғанын, Назарбаев кланы мен Тоқаев арасында билікке тартыс болғанын айтқан. Тоқаев та, Назарбаев та билікке тартысты жоққа шығарған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG