Митинг өтеді деген күні Шымкент пен Ақтөбеде қауіпсіздік шаралары күшейіп, "митинг орындарын" полиция бақылауға алды.
1 мамырда түсте Шымкентте митинг орны ретінде "белгіленген" Қызғалдақ су бұрқағы мен оның маңындағы Бауыржан Момышұлы ескерткіші мен Жастар аллеясын полиция күзетіп тұрды. Сағат 12 шамасында бұл жаққа ешкім келген жоқ. Аумақта интернет істеп тұрды. Көшелер жабылмады. Жол қозғалысы тоқтамады.
Мұнда кей белсенділер Фейсбукта үйін таңертеңнен бері полиция күзетіп тұрғанын жазды. Қаңтар оқиғасына байланысты қамалған белсенді Жанмұрат Аштаевтың әйелі белсенді Мөлдір Нұранованың жазуынша, таңнан бері үйін "азаматтық киім киген полицейлер күзете бастаған".
Ақтөбеде де жексенбі күні күзет күшейіп, Орталық стадион маңындағы алаңды полиция бақылады. Әр жерде автобустар тұрды. Мұнда да "митинг орнына" ешкім келмеген.
Белсенділер желіде полицияға шақырту алғандарын, үйін полиция күзетіп тұрғанын жазды.
Осыған дейін "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов халықты 1 мамырда жаппай митингіге шығуға үндеген. Әблязов митингіде ҰҚШҰ мен Еуразиялық экономикалық одақтан шығу; жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны екі есеге дейін өсіру; кредиттерді кешіру талаптарын көтеруді, Украинаны қолдауды ұсынған. Әблязовтың ҚДТ қозғалысы Қазақстанда "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Еуропарламент бұл қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.
Әблязов митингісінен бөлек, әлеуметтік желіде 1 мамырда Украинаны қолдау митингісінің өтетіні туралы хабарламалар тараған еді. Белсенділер жергілікті әкімдіктің рұқсат бермегенін, кейбірі атқарушы биліктен жауап ала алмағанын хабарлаған.
Бір күн бұрын бас прокуратура "1 мамыр күні рұқсат етілмеген митингілерге шықпауды" ескерткен.
Қазақстанда бұған дейін Ресей басқыншылығын айыптап, Украинаны қолдаған акциялар өткен. Кейбірінде полиция акцияға қатысқандарды ұстаған.
Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар елде азаматтардың бейбіт түрде жиналып, пікірін айту құқығы жиі шектелетінін айтып сынаған. Нұр-Сұлтан азаматтардың бейбіт жиынға қатысты құқықтарын шектейтінін мойындамай келеді.
ПІКІРЛЕР