Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі туралы Қазақстан конституциясына енгізілетін өзгерістерді қолдайтынын, алдағы жексенбіде өтетін референдумға баратынын мәлімдеді.
"Иә, 5 мамырда конституциялық құқығымды міндетті түрде пайдаланып, референдумға барып дауыс беремін" дейді Нұрсұлтан Назарбаев саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа берген, 30 мамырды жарияланған сұқбатында. Сұқбатта Данияр Әшімбаев бұрынғы президентке "өзіңізге байланысты конституциядағы статусты өзгертуді қолдайсыз ба" деп сұраған.
Назарбаев сұқбатта осыдан үш жыл бұрын президент өкілетін өз еркімен тапсырғанын мәлімдеген және "сарапшылар елдегі билік транзиті қатаң бақылауда екенін білсін деп өзіне бірқатар өкілет алып қалғанын" айтқан.
- 2019 жылы көпшіліктің қарсылығына қарамастан мемлекет басшылығынан саналы түрде кеттім. Халық менің саясатымды қолдап тұрған кез болатын. Оған 2015 жылы президент сайлауында 97,7 пайыз дауыс алғаным дәлел" дейді Назарбаев.
"Иә, белгілі бір өкілеттер менде қалды. Бірақ оны саяси транзитті біртіндеп жүзеге асырып, қоғам мен билік элитасындағы қайшылықты жұмсарту үшін жасадым" дейді ол.
Батыс бақылаушылары Қазақстандағы бірде-бір сайлауды еркін және әділетті сайлау деп бағалаған емес. Құқық қорғаушылар Нұрсұлтан Назарбаевты да, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты да "өзгеше ойлайтындарға қысым жасады, адам құқығына нұқсан келтірді" деп айыптайды.
Биыл Тоқаев Қазақстан конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізу туралы жарлық шығарған. Тәуелсіз сарапшылар билік ұсынған өзгерістер авторитарлық жүйе табиғатын өзгертпейді, саяси жүйеде президент рөлі бұрынғыша қала береді деп санайды.
Референдум жарияланар қарсаңда бұрынғы президенттің "тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы" деген мәртебесі дау тудырған еді. Қоғам ауанынан кейін билік "елбасын" еске түсіретін барлық нормаларды алып тастайтынын, конституцияға өзгеріс енген соң тұңғыш президент туралы заңның күшін жою мәселесін көтеретінін мәлімдеген.
Назарбаев сұқбатында "қаңтар айында Тоқаевқа қауіпсіздік кеңесінің төрағасы өкілетін бергенін" айтқан. "Президенттің сол кездегі шешімтал әрекеті оқиғаны одан әрі ушықтырмады" дейді Назарбаев.
Қаңтар оқиғасы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен айырылып, одан соң жақын туыстары мен серіктері ықпалды ірі қызметтерден кеткен соң Тоқаев билікті өз қолына шоғрланды деген болжам жиі сөз болған.
Қаңтар оқиғасы кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін атқаруды өз мойнына алғанын мәлімдеген еді. Ол кезде Тоқаев пен Назарбаев арасында билік үшін күрес болып жатыр деген болжамдар айтылған, бірақ екеуі де теріске шығарған.
ПІКІРЛЕР