Accessibility links

Тоқаев дауыс беретін референдум учаскесіне Азаттық тілшілерін кіргізбеді


Президент Қасым- Жомарт Тоқаев дауыс берген сайлау учаскесі. 5 маусым 2022 жыл.
Президент Қасым- Жомарт Тоқаев дауыс берген сайлау учаскесі. 5 маусым 2022 жыл.

Нұр-Сұлтанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс беретін референдум учаскесіне Азаттық тілшілерін кіргізбей қойды. Оқушылар сарайында орналасқан N59 учаскесіндегі полиция мен президенттің күзет қызметі өкілдері Азаттық тілшілеріне "тізімде жоқсыңдар" деді.

Азаттық тілшілері 3 маусымда учаскеден ақпарат тарату үшін қажетті құжаттар тізімін тапсырған. Мұндай тізімді ақпарат және қоғамды дамыту министрлігі жасаған.

Жексенбі күні Азаттық тілшілерінен басқа "7 арна", "Ұлысмедиа" сайтының тілшілері де кіре алмады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған учаскеде таңғы сағат 9 жарым шамасында дауыс берді. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, президент дауыс бергеннен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген. Оған Азаттық тілшілері сұрақ қоя алмады.

"Бүгін халқымыз дауыс беріп отырған жаңа өзгерістер еліміздің қоғамдық өміріне ірі өзгерістер әкелуді көздейді. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара қатынас парадигмасы өзгереді, адам құқығы алдыңғы орынға шығады. Бұл өте маңызды. Конституцияда адам құқықтары жөніндегі уәкіл жаңа мәртебеге ие болады. Омбудсмен конституциялық сотқа жүгіне алады, ал бұл орган да біз үшін жаңа" деді Тоқаев. Оның сөзінен Vlast сайты үзінді келтіреді.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, жексенбі күні таңертең президент Тоқаев дауыс беріп, ізінше журналистердің сұрақтарына жауап берген. Ол өз сөзінде Қаңтар оқиғасына да тоқталып, қаңтар кезіндегі "20 мың террорист жайлы" мәлімдемесіне түсініктеме берген.

Президент референдум учаскесінен кеткеннен кейін полиция Азаттық тілшілеріне енді "ішке кіруге болатынын" айтты. Дәл осы күні Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі де учаскеден ақпарат тарату кезінде кедергіге ұшырады.

Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша референдум өтіп жатыр. Билік бұл шараны қоғамды демократияландыруға қарай қадам деп көрсетуге тырысады. Сын айтушылар бұрынғыдан ештеңе өзгермейді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG