Accessibility links

Ресей Донбасстағы екпінін сақтай ала ма? Екі ел ұзақ соғысқа дайын ба?


Украина әскерилері Донбасстағы майдан шебінде. 2022 жылдың маусымы.
Украина әскерилері Донбасстағы майдан шебінде. 2022 жылдың маусымы.

Кейінгі уақытта Ресей әскерилері Украинаның шығысына шабуылын үдетіп, аз да болса мақсатына да жетті. Украина әскері қазір Луганск облысындағы Лисичанск қаласын қорғауға тырысып жатыр. Ал НАТО Мадридтегі саммитте Украинаға көмектесетін ұзақ уақытқа созылатын стратегия жасайтынын мәлімдеді. Киев НАТО-дан соғысты жыл соңына дейін аяқтауға көмектесуді, Ресей әскерін Украинадан қуып шығу үшін ауыр қару-жарақ беруді сұрады.

Украина тарабы Ресейге қару-жарақ жағынан есе жіберіп тұрғанын, ресейлік әскерилер елдің 20 пайыз аумағына шабуыл жасап жатқанын айтады. Киев Донбасстағы шайқаста Ресейде 10 артиллерия болса, Украинада бір артиллерия барын мәлімдеді. Әртүрлі деректерге сай, 24 ақпанда басталған соғыстан Украина мен Ресей тарапы да ондаған мың әскериінен айырылған.

Қазір Ресей Украина аумағындағы бүкіл күшін Донбассқа бұрып, бұл жақта аз да болса жетістікке жетіп жатыр. Алайда батыс барлаушылары жақында Ресейдің әскери күші әлсіреп, соғыста үзіліс жасауға мәжбүр болады деп болжайды. Ресей күштері Донбасста қазірге дейін жеткен жетістіктерін сақтай ала ма? Азаттық бұл төңірегінде Австралия әскерінің отставкадағы генерал-майоры және Вашингтондағы Халықаралық зерттеу және стратегия орталығының қызметкері Мик Райанмен талқылады.

Азаттық: Ресей әскерилері Украина шығысында алға жылжып барады, бірақ батыс барлаушылары мен ресми өкілдері Ресей Украинаның шығысындағы екпіні бірнеше айға ғана созылады деп болжайды. Сіздіңше алға жылжу деген нені білдіреді?

Райан: Ресей бұл соғыста алғаш рет артиллерия және авиацияда айтарлықтай басымдыққа ие болды, ал украиналықтар соғыстың басындағыдай емес, бұл жолы Ресейдің күшіне лайықты жауап бере алған жоқ. Демек қазір біз Ресейдің күшейгенін көріп отырмыз.

Украиналықтар сәл шаршаған және абайлап қимылдап жатыр. Олар кескілескен ашық шайқасқа барғысы келмейді, себебі Украина әскері орыстарға қарсы кескілескен шайқаста жеңе алмайды. Ал Ресей әскері ашық соғысты қалайды. Меніңше, Украина ақылға салып, қарсыласы қалаған соғысқа бармай отыр. Бірақ қазір украиналықтар өте сақ болуы керек.

Азаттық: Соғыста кескілескен ашық шайқастан қалай бас тартуға болады?

Райан: Бұл жерде саяси жағдай алға шығады, себебі Киев көп аумағынан айырылғысы келмейді. Қазірдің өзінде Украина территориясының 20 пайызын жоғалтты.

Северодонецк қаласы Луганск облысында Украина күрескен соңғы ірі қала болды. Бұл қаланы қайтарып алу саяси тұрғыдан маңызды мақсат болғанымен, кейде әскеріңді сақтап қалу үшін территорияны беруге тура келеді. Дәл қазір Украина үшін әскерін сақтау территориядан да маңызды, сондықтан олар Ресейдің шартымен соғыспауы керек.

Маусымда Ресей әскері Донбасстағы Северодонецк қаласына бақылау орнатты.
Маусымда Ресей әскері Донбасстағы Северодонецк қаласына бақылау орнатты.

Азаттық: Қазір екі тарап бұл соғысты қаншалықты жалғастыра алады деген сұрақ туындайды. Ерте ме, кеш пе біз екі жақтың да шамасы таусылатын сәтке келетін сияқтымыз. Ресейдің де, Украинаның да күші таусылатын сәт бола ма? Болса қай уақытта?

Райан: Бұл соғысты Украина қалаған жоқ, олар қақтығысқа да барғысы келмеді. Бірақ Украина Ресей әскерінің бейбіт украиналықтарды қалай өлтіргенін, қалаларын қалай қиратқанын, адамдарды қалай қинағанын, зорлағанын біледі. Сондықтан бұл шайқаста Украина жері үшін соғысып жатыр. Бұл – Ресей президенті Путиннің өзі меңзегендей Ресей үшін басып алу соғысы.

Украиналықтар орыстар өздерін бағындармас үшін қанша уақыт болсын шайқасуға дайын. Бұған қоса, олар Батыстан қолдауды әлі де ала берсе соғысты жалғастыра бермек.

Ресей де 100 млн халқы бар ел, бұл Украинадан әлдеқайда көп. Ресей де шайқасқа қауқарлы ірі әскери күш пен ресурс жасақтай алады. Әрине, бұл елдің де өз проблемалары бар, бірақ екі тарап та соғысты біраз уақытқа жалғастыруға дайын.

Азаттық: Дәл қазір Украинадағы соғыс қай жерге келді? Соғысты бақылап отырған жұрт білуі керек маңызды факт қандай?

Райан: Ресей Луганск облысын басып алу мақсатына жете бастағандай және Украина бұл аймақты беретін сияқты. Осыдан соң "Ресей алған екпінін сақтай ала ма және Донецктегі шабуылын жалғастыра ала ма әлде күш жинап алу үшін үзіліс керек пе?" деген маңызды сұрақ туындайды.

Мен де Украинаның оңтүстігіне қарап отырмын. Ресей Луганск аумағын толық басып алса таңдау жасауға тура келеді. Яғни, артиллерия, авиация және радиоэлектрондық соғыстарын осы аймақ пен Херсон қаласының маңын қорғауға пайдалана ма әлде шығыстағы басқыншылығын қолдай ма не Харьков аумағына жұмсай ма? Украина күштерін Ресей шекарасы аумағынан кері шегіндіре ме? Сондықтан Ресей үшін алдағы бір-екі маңызды.

Ағылшын тілінде алынған сұхбат қазақ оқырмандарына ықшамдалып аударылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG