Accessibility links

Маңғыстаудан еліне жете алмай жүрген қарақалпақтар полицияның шекарадан қайтарғанын айтты


Қазақ-өзбек шекарасы. Көрнекі сурет.
Қазақ-өзбек шекарасы. Көрнекі сурет.

Бұған дейін Қазақстанның Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында жүзден астам қарақалпақ азаматының шекарадан өте алмай тұрғаны белгілі болған еді. 3 шілдеде олар "полицияның шекара маңынан тарқатып жібергенін" хабарлады.

Солардың бірі А.С. есімді Қарақалпақстан тұрғыны жексенбі күні кешке Азаттыққа Атырауға жол жүріп бара жатқанын, Бейнеу полициясы "шекара жуық арада ашылмайды, қайтыңдар" деп шекара өткелі маңына жиналғандарды тарқатып жібергенін айтты.

– Мен өзім Қазақстанға он күн бұрын келгенмін. Әке-шешем, туыстарым Нүкісте тұрады. Елдегі жағдайға байланысты қайтайық деп келсек, шекара жабылған. Жұмысқа қайтайық десек, жаңағыдай жағдайдан кейін жұмыс істеуге зауқымыз жоқ. Енді не істейтінімізді білмейміз. Қарақалпақстанда не болғанын шетелге жеткізсеңіздер, – деді ол.

Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстанда Конституцияға енетін түзетулерге қатысты наразылық тұтанған шақта өзбек билігі Қазақстанның Маңғыстау облысымен шектесетін өткізу бекетін жапқан болатын. Ресми түрде бұл қадам "ақпараттық жүйенің істен шығуымен" байланыстырылған.

Жексенбі күні Азаттық тілшісі күндіз хабарласқан кезде шекара өткелінде тұрған қарақалпақ азаматтары шекараның 30 маусым кешке "митингіге байланысты" жабылғанын айтқан. Олар онда жүзден астам азамат жиналып тұрғанын жеткізген. Олардың сөзіне қарағанда кейін полиция оларды шекара маңына жиналуына мүмкіндік бермей, тарқатып жіберген.

Қарақалпақстанның Шымбай қаласынан келген И. есімді тұрғын Азаттыққа бірнеше күннен бері еліне қайта алмай жүргенін айтып, түнде осы маңдағы шайхана маңында қонып жүргенін жеткізген. Жексенбі күні кешке қарай ол да "полиция талабымен" Атырауға жолға шығып кеткенін айтты.

Қазақстан билігі әзірге оқиғаға түсініктеме берген жоқ. Бейнеу полициясынан да нақты жауап алудың сәті түспеді.

  • Осы апта соңында Қарақалпақстан астанасы мен аймақтың өзге қалаларында жаппай наразылық тұтанып, тұрғындар Қарақалпақстанды "егемен" (суверенитет) статусынан және Өзбекстан құрамынан шығу құқығынан айыруға қарсы шыққан еді. Наразылық дөрекі күшпен басылды. Қанша адамның жараланғаны, қаза болғаны белгісіз. Президент Шавкат Мирзияев 3 шілдеде Нүкістегі наразылық кезінде қаза болғандар барын растағанмен нақты санын айтпады. Ол жаппай наразылықтан кейін Қарақалпақстанның егемен мәртебесі туралы Конституция баптарына тиіспейтінін мәлімдеген. Артынша республикада 2 тамызға дейін төтенше жағдай жариялады. Соңғы ақпаратқа қарағанда, қазір Қарақалпақстан астанасында жағдай "тынышталған", аумақта қауіпсіздік орган өкілдері мен әскери техника көп.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG