Accessibility links

Қарақалпақстан оқиғасында Тоқаев Мирзияевты құптады. Қаңтар оқиғасында Мирзияев Тоқаевты қолдаған


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мизияевпен 4 шілдеде телефон арқылы сөйлесіп, Қарақалпақстандағы жағдайды талқылаған.

"Қазақстан президенті Өзбекстан басшылығының Қарақалпақстандағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шешімі уақытылы қабылданғанын атап өтті" деп жазады Ақорда сайты.

Екі президентттің телефонмен сөйлескенін Өзбекстан президенті әкімшілігінің сайты да хабарлап, Тоқаевтың сөзін "уақытылы шешім" демей, "батыл шара" деп көрсеткен.

"Қазақстан президенті заңсыз әрекеттердің алдын алу және Қарақалпақстандағы тұрақтылық үшін біздің мемлекет басшымыздың батыл шараларын толық қолдайтынын білдірді, - деп жазады Өзбекстан президенті әкімшілігінің сайты.

1 шілдеде Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан автономиялы республикасының астанасы Нөкіс қаласында жаппай наразылық басталып, Өзбекстан құқық қорғау органдары күшпен басқан.

Нөкістегі наразылыққа Өзбекстанның алдағы желтоқсан айында референдумға шығарылатын конституциясында Қарақалпақстанға байланысты өзгерістер себеп болған.

Өзбекстанның қазіргі конституциясы бойынша Қарақалпақстан "егеменді республика" болып саналады, Қарақалпақстан бүкілхалықтық референдум негізінде Өзбекстан құрамынан бөлініп шыға алады" деп көрсетілген. Конституцияның жаңа жобасынан бұл нормалар алынып қалған.

Бүгін Өзбекстан бас прокуратурасы Қарақалпақстан астанасы Нөкісте 1-2 шілдеде болған наразылық кезінде 18 адам қаза тауып, 243 адам жараланғанын, 516 адам қамауға алынғанын хабарлаған.

Наразылықтан кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қарақалпақстанның бұрынғы статусын өзгертуден бас тартқан. Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан республикасының билігі жаппай наразылықтан кейін "басқару органдарын басып алу талпынысы" болғанын мәлімдеген.

Түрлі ақпараттарға қарағанда наразылық кезінде және одан кейін азаматтар жапай ұстау, қамау шаралары жүрген. Бұған халықаралық құқық қорғау ұйымдары алаңдаған.

Жаппай наразылық биыл қаңтар айында Қазақстанда да болған. Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ескертусіз оқ атуға" бұйрық беріп, 238 адам қаза болған еді. Бұл оқиғадан кейін Қазақстан билігі "билікті басып алмақ болды" деп ҰҚК-ның сол кездегі төрағасы мен орынбасарларын қамауға алған.

Тоқаевтың "ескертусіз ату" туралы бұйрығы қоғамда түрлі наразы ой-пікір тудырған.

Қаңтар оқиғасы кезінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстандағы тұрақтылықты қалпына келтіру үшін жасаған шараларын қолдайтынын" білдірген.

Қазақстан президенті әкімшілігі сайтының жазуына қарағанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзияевтің "Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумды "сәтті өткізуіне тілектестік білдіріп, Өзбекстанды жаңғыртуға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін маңызды қадам болатынын" атап өткен.

Биыл 25 маусымда бүкіл халықтық талқылауға шығарылған Өзбекстан конституциясына енетін өзгерістер бойынша Өзбекстан президентінің өкілеті күшейіп, президент қызметі бес жылдан жеті жылға дейін ұзаруы мүмкін. Өзгерістер референдумда қабылданса, Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияевтың бұған дейінгі президенттік мерзімдері есептен шығарылып, қайтадан сайлауға түсу құқығын алады деген болжам бар.

Биыл 5 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен референдум өтіп, Қазақстан конституциясына өзгеріс енген. Жаңа өзгерістер арқылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген артықшылықтар алынған. Билік "жаңа конститцияда Қазақстан супер президенттік басқару жүйесінен арылды" дегенімен, тәуелсіз сарапшылар Тоқаев президент өкілетін бұрынғыша сақтап қалды деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG