Ресей әскері басып алған Херсон қаласында соғыс жаңа басталған күндері шам бағаналарында, аялдамалар мен подъездердің сыртында әртүрлі плакаттар мен үнпарақтар пайда болды.
Маусымда ілінген осындай плакаттардың бірінде "Әй, орыс! Сені…айналдырамыз" деп жазылып, астына тартылған еттің суреті салынған.
Херсондағы қабырғалардың біріне жапсырылған үнпарақта "Тірі қалғың келе ме? Өз еркіңмен беріл!" деген үндеу бар. Қағазда көрсетілген QR-кодты сканерлесе, Украина үкіметінің сайтындағы ресейлік әскерилерге қаруын тастап, қалай берілуге болатынын түсіндіретін ақпарат ашылады.
Онда "Отанына қарсы соғысқысы келмейтіндерге арнап нұсқаулық дайындадық" деп жазылған.
Херсон және оған көршілес Запорожье облысында әскери қимылдар қайта жандана бастады. Одан бөлек, оккупацияланған аймақтарда бірнеше аптадан бері партизан соғысы жүріп жатыр. Партизандар қару-жарақ пен әскери техниканы бүлдіру, кісі өлтіру және жалған пропагандистік ақпарат тарату әдістерін қолданған.
Ресей билігі партизандар қозғалысына жауап ретінде облыс тұрғындарын ұстай бастаған. Human Rights Watch "Ресей ұсталған азаматтарды қорқытып-үркітіп, олардан ақпарат алып, халықты оккупацияға көндігуге мәжбүрлегісі келеді. Өйткені Мәскеу халықаралық құқық нормаларын бұзып, басып алған территориясын тәуелсіз құрылым деп жариялауды көздеп отыр…" деп мәлімдеді.
Украинаның қауіпсіздік қызметі партизан қозғалысына қатысы барын айтқан жоқ. Бірақ бақылаушылардың көбі Ресейдің жергілікті жерлерге басшы етіп тағайындаған адамдарын қорқытып-үркіту операциясының артында украиналық әскерилер мен үкіметтік құрылымдар тұр деп есептейді. Украинаның қорғаныс министрлігі мен әскери барлау қызметі оккупацияланған территорияларда партизан отрядтары барын мойындаған.
УЛАУ ЖӘНЕ КІСІ ӨЛТІРУ
Ресей Херсон облысының үлкен бөлігін басып алғаннан кейін жергілікті әкімдіктер құра бастаған. Украина Ресей тағайындаған басшыларды "коллаборационистер", "сатқындар" деп атап, оларды жазалайтынын ескерткен.
Осындай шенеуніктердің бірі – Херсон қалалық кеңесінің бұрынғы мүшесі, парламент депутаты Владимир Сальдо. Ол оккупацияланған Херсон облысының губернаторы болып тағайындалған. Сальдо қазір қызметі тоқтаған Украинаның өңірлер партиясына мүше болған. Партия 2014 жылы таратылғанға дейін Ресеймен жақсы қарым-қатынаста болуды қолдаған.
5 тамызда Сальдо ауыр хәлде Мәскеу ауруханасына жеткізілген. Ресейлік ақпарат құралдары губернатордың уланғанын жазған. 9 тамызда Сальдо есін жиып, өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылған. Жергілікті депутат Сергей Хланьның сөзінше, Сальдо маусымнан бері екінші рет жұмбақ жағдайда аяқ астынан ауырып қалған.
Сальдо ауруханаға түскен күні Херсонның солтүстік-шығысындағы Новая Каховкада қала мэрінің орынбасарын үйіне жақын маңда атып өлтірген.
Шенеуніктің қазасын ешкім мойнына алған жоқ.
КӨЛІККЕ БОМБА ҚОЮ
Ресей тағайындаған басқа шенеуніктерге де шабуыл жасалған.
24 маусымда Херсон облысындағы отбасы, жастар және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Савлученко отырған көлік жарылған.
Украинаның ақпарат құралдары "ең танымал коллаборационистердің бірі" деп атаған Савлученко апат орнында көз жұмған. Жарылыстан тағы екі көлікке зақым келіп, жақын маңдағы көпқабатты үйлердің терезесі сынған.
Қайғылы оқиғадан екі күн бұрын Херсон түбінде қалаға іргелес жатқан ауданды басқаратын Юрий Турулевтың көлігі жарылып, әйнектері сынған. Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары таратқан хабарға сәйкес, Турулев жеңіл жарақат алып, аман қалған.
Осы айдың басында Украинаның қауіпсіздік қызметі жариялаған видеода Турулевтың "коллаборационист" екені айтылып, шенеунікке ескерту жасалған.
Мамырдың соңында Херсонның солтүстік-шығысында, Днепр жағалауында орналасқан Запорожье облысына қарасты Энергодар қаласының мэрі жарылыс әсерінен ауыр жарақат алған.
Мамырда Запорожьенің оңтүстігінде орналасқан Мелитополь қаласында болған жарылыс салдарынан екі адам жараланған. Ол кезде Ресейдің айтқанынан шықпайтын өңір басшысы Евгений Балицкийке қастандық жасалған. Мәскеу бұған партизандарды кінәлаған.
Мелитополь қаласының Украина тағайындаған мэрі Иван Федоров Associated Press басылымына берген сұхбатында "Ресей әскеріне қарсы қозғалыстың жау қаруын және оны жеткізу құралдарын жою, оккупанттарды қорқытып-үркіту, Украина арнаулы қызметіне орыс әскерінің позициясы туралы ақпарат беріп отыру сияқты үш мақсаты бар" деген.
ПОСТЕР, ПЛАКАТ, ГРАФФИТИ ЖӘНЕ ГАЗЕТ
Ақпанның соңында Ресей Украинадағы ірі қалалардың бірі Херсонды басып алғаннан кейін шаһарда жұмбақ үнпарақтар мен плакаттар пайда болған.
Кей плакаттар Ресей билігі мен оларға жұмыс істеп жүрген Украина азаматтарын қорқытып-үркітуге негізделген. Бірақ "Желтая лента" тобының еңбегі деп бағаланатын постерлер әлдеқайда үлкен мақсатты көздейді.
Мәселен, 15 шілдеде ілінген плакаттар Ресей билігі өткізгелі отырған референдумды болдырмауға шақырады. Ресей 2014 жылы Қырымды тартып алғаны сияқты Херсон, Запорожье облыстарын да өзіне қосып алуға дайындалып жатыр деген болжам бар.
Плакатта Украинаны қолдайтын тұрғындарға нақты кеңестер берілген. Мәселен, плакат авторлары азаматтарға Ресей төлқұжатын алмауды ұсынып, бұл ережені бұзған адам мемлекетке сатқындық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Тағы бір парақшада тұрғындарға Ресей билігі референдум өткізуге дайындалып жатқан ғимараттардың сыртына "Р" таңбасын салу ұсынылған.
Ресей жауынгерлері мен оларды қолдайтын бейбіт тұрғындарды келекелеп, Украина әскері Херсонға жақындап қалғанын еске салатын плакаттар да бар. Мұндай плакаттарда "Украина әнұранын айтуға дайынсыңдар ма? Херсонның азат болуына 10 километр ғана қалды" деп жазылған.
6 тамызда "Желтая лента" ("Жовта стрічка" — украин тілінде) ұйымы "Партизан дауысы" деп аталатын жасырын газет таратылатынын хабарлаған.
ПІКІРЛЕР