Accessibility links

Алматы мен астанада "Алға, Қазақстан" белсенділері саяси қудалауды доғаруды талап етті


Тіркелмеген "Алға Қазақстан" партиясының мүшелері партияны тіркеуді, саяси қудалауды тоқтатуды, саяс тұтқындары босатуды талап етті. Алматы, 21 тамыз 2022 жыл. Скриншот.
Тіркелмеген "Алға Қазақстан" партиясының мүшелері партияны тіркеуді, саяси қудалауды тоқтатуды, саяс тұтқындары босатуды талап етті. Алматы, 21 тамыз 2022 жыл. Скриншот.

21 тамызда Алматы мен астанада тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының белсенділері саяси қудалауды доғаруды, партияны тіркеуді және саяси тұтқындарды босатуды талап етті.

Алматыда аталған ұйымның он шақты өкілі Шоқан Уәлиханов атындағы алаңға жиналды. Бастапқыда бірнеше адам ғана келген, келе келе жиналғандардың қатары көбейіп, оннан асты. Жиналғандар биліктің "Алға Қазақстан" партиясына тіркеуге мүмкіндік бермей отырғанын сынап, билікті нағыз оппозиция бола алатын белсенділердің саясатқа келуіне жол ашуға үндеді.

– "Алға Қазақстан" партиясы арқылы билікке араласқымыз келеді. Себебі біздің конституциялық құқығымыз бар. Саяси партиялар туралы заң бойынша құқығымыз бар. Сондықтан билік халықтың үнін естуі тиіс. Бізге жол ашуы тиіс. Тіркеуі керек, – деді белсенді Бибігүл Иманғалиева.

Жиналғандар саяси қудалауды доғаруды, саяси тұтқындарды босатуды да талап етті. Олардың қолында "Барлық саяси партияларды тіркеуді талап етеміз", "Саяси қудалау тоқтылсын!" (Stop political reppression) деген жазуы бар плакаттар болды. Келгендер "саяси тұтқындарға бостандық" деп те айғайлады.

Сәлден соң әкімдік пен прокуратура өкілдері келіп, шараның заңсыз екенін ескертіп, тарауды талап етті. Алайда жиналғандар заң бойынша митинг өткізу үшін ескерту ғана жеткілікті екенін, мұны президент Тоқаев та айтқанын еске салып, тараудан бас тартты.

Келгендер арасында Қаңтар кезінде жақындарынан айырылған бірқатар азаматтар да болды. Солардың бірі Әлімберді Шорманов Қаңтар кезінде ұлы Ерболдың қаза болғанын, әлі күнге дейін баласының өлімі жөнінде тергеу органдарынан қажетті ақпарат ала алмай отырғанын айтты.

"Тергеудің созылып жатқанына қанша ай болды? Қанша жас жігіт опат болды? Қаншасы түрмеде" деп Қаңтарға байланысты қамалғандарды босатуды талап етті.

Акцияға келгендер Ресейдің Украинаға басқыншылығын да айыптап, соғысты тоқтатуды талап еткен.

Айналада полицейлер, жәй киім киген азаматтар көп болды. Кейбірі оқиғаны камераға түсіріп тұрды.

Бұған дейін әкімдік 21 тамызда Уәлиханов алаңында "қоғамдық-мәдени шара" өтетінін айтып, саяси қудалау мәселесіне арналған митингіні өткізуге рұқсат бермеген еді. Власть сайтының хабарлауынша, жексенбі күні мұнда шағын жәрмеңкеден басқа шараның өтіп жатқаны байқалмаған.

Жексенбі күні астанада да осыған ұқсас шағын митинг өткен. Жиналғандар Жеңіс пен Абай көшелерінің қиылысына барып, саяси қудалауды доғаруды, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен. Жиналғандардың кейбірі үйлерінен әрең сытылып шыққанын, полицияның соңдарынан аңдығанын айтты.

  • Құқық қорғаушылар Қазақстанда азаматтардың бейбіт жиналу құқығы жиі бұзылатынын айтады. Белсенділер митинг өткізу туралы өтініштерінің көп жағдайда мақұлданбай қалатынын айтады. "Заңсыз" митингіге келгендерді полиция ұстап, таратуға тырысады, кейбірі ізінше әкімшілік жазаға тартылады. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін азаматтардың пікір айту құқығын бұзбауға үндеген.
  • Бұған дейін "Алға, Қазақстан" партиясы тіркеуге өтініш бергенмен "құжаттары дұрыс емес" болғандықтан тіркеле алмаған. Ұйым өкілдері бұдан саяси астар іздейді, ал билік оны жоққа шығарады.
  • Бірнеше мәрте құжат тапсырып, тіркеле алмай жүрген саяси топтардың қатарында "Қазақстанның демократиялық партиясы" (жетекшісі – қамаудағы саясаткер Жанболат Мамай), "Біздің құқық - Наше право" (жетекшісі - Санавар Закирова) бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG