25 тамызда Жаңаөзен қаласының әкімшілік мамандандырылған соты Қаңтар оқиғасы кезінде оқ атқандарды жауапқа тартуды, саяси тұтқындарды босатуды және елдің қазіргі, бұрынғы басшыларына санкция салуды талап еткен азаматтық белсенді Жадыра Досекееваға айыппұл салды.
Азаматтық белсенді Жадыра Досекеева тамыздың 23 және 24-і күндері Жаңаөзенде бір адамдық пикетке шыққан. Ол қолына Тоқаев, Назарбаевқа санкция салынсын. Гаага сотына тартылсын. Саяси қудалау тоқтатылсын. Шал кет!”, “Саяси тұтқындарға бостандық берілсін!”, “2022 жылы қаңтарда Қазақстандағы жаппай қырғынға жауапты адамдарға санкция салынсын, халықаралық тергеу жасалсын” деген қазақ және ағылшын тілінде жазулары бар плакаттар ұстап шыққан.
- 23 тамызда полиция мені күштеп алып кетіп, бірнеше сағаттан соң босатты. Ертесінде тағы да пикетке шықтым. Еуропарламент депутаттары Қазақстанға сапарлап келіп жатқанын естіген соң олардың назарын аударғымыз келді. Екінші акциямыз үшін әзірге ешнәрсе деген жоқ, ол үшін де айыппұл салынатынын сезіп отырмыз, - дейді ол.
Жаңаөзен қалалық әкімшілік соты Жадыра Доскееваны “бейбіт жиын өткізу туралы заңды бұзды және бұл әркетті бірнеше рет қайталап жасады” деп айыптап, оған 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни 153 150 теңге (шамамен 322 доллар) айыппұл салған. Жадыра Досеккеваның тамыз айында осымен үшінші мәрте айыппұл арқалады. Бұған дейін азаматтық белсендіге 4 тамызда Қазақстан халқы ассамблеясының Ақтаудағы ғимараты алдына оншақты белсендімен бірге жиналып, "саяси тұтқын", Жаңаөзендегі жұмыссыз жастар лидері Ержан Елшібаевты босатуды талап еткені үшін 107 205 теңге (225 доллар) айыппұл салған. Ал 1 тамызда сот Жадыра Досекеева рұқсатсыз митингіге қатысып, заң бұзды деп (Әкімшілік кодекстің 488-бабының 6-тармағы), 91 890 теңге (193 доллар) айыппұл салған.
Жадыра Досекеевның он бір баласы бар. Ол Қаңтар қырғынына халықаралық тергеу жүргізуді, қымбатшылықты тоқтатуды, саяси тұтқындарды бостауды талап ететін митингілерді жиі ұйымдастырады. Өзінің айтуынша, биыл сәуір айында митинг өткізуге рұқсат сұрап, жергілікті әкімшілікке бес мәрте ескерту беріп, рұқсат ала алмаған. 2020 жылы Қазақстанда митинг заңдарына реформа жасалып, азаматтар жергілікті әкімшілікке жиын өткізу туралы өтініш емес, тек ескерту береді деген норма енгізілген. Бірақ кейбір жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының тұжырымы бойынша, іс жүзінде бұрынғы рұқсат сұрау жүйесі өзгермеген. Азаматтардың митинг өткізу жөніндегі ескерту хаттарына жергілікті әкімшіліктер жиі қарсылық білдіреді.
ПІКІРЛЕР