Accessibility links

Мәжілістің бір топ депутаты президентті 7 жылға сайлауды қолдап, "Астана" атауын қайтаруды ұсынды


"Жаңа Қазақстан" депутаттар тобының өкілі Еділ Жаңбыршин (ортада) мәлімдеме жасап отыр.
"Жаңа Қазақстан" депутаттар тобының өкілі Еділ Жаңбыршин (ортада) мәлімдеме жасап отыр.

Мәжіліс депутаттары арасында құрылған "Жаңа Қазақстан" тобы 2 қыркүйекте мәлімдеме жасап, президентті жеті жылға сайлау бастамасын қолдап, Нұр-Сұлтан қаласына Астана атауын қайтаруды ұсынды.

"Жаңа Қазақстан" депутаттары тобы атынан мәлімдемені оқыған Еділ Жаңбыршин "Конституцияға өзгерістерді қазір енгізіп, президент сайлауын жаңа талаптарға сәйкес осы жылдың күзінде өткізу қажет деп санаймыз" деді.

Бұған қоса, депутаттар мәлімдемесінде "қазіргі президент 5 жылдан кейін тағы да 7 жылға баруы мүмкін деген күмәнді сейілту үшін биыл бірден 7 жылдық мерзімге сайланғаны дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Сонда аталған құқықтық коллизия туындамайды" деп жазылған.

Депутаттар ұсыныстарында "бұрынғы жүйені қалыптастырған саяси күштер мен ықпалды топтың билікке ұмытылып отырғанын" айта келе, президенттің "7 жылға сайлануы елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді" дейді.

Бұдан бөлек депутаттар тобы ел астанасынан Нұр-Сұлтан атауын алып тастап, "Астана" атауын қайтаруды да ұсынды.

"Адамның көзі тірісінде қалаға оның есімін берген дұрыс деп есептемейміз және де қаланың жаңа атауын халықта қабылдамады. Сондықтан тұңғыш президенттің өзі ұсынған Астана атауын қайта қалпына келтіру тарихи әділдік болар еді" дейді депутаттар мәлімдемесінде.

Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында биыл күзде кезектен тыс президент сайлауы болатынын жариялап, президент жеті жыл мерзімге бір рет қана сайланатынын мәлімдеген.

Азаттық сөйлескен саясаттанушы Досым Сәтпаев "ол сайлауды ерте өткізіп, президент қызметінде қалу мерзімін ұзартып жатыр. Билік 2024 жылғы келесі президент сайлауына дейін жағдайды бақылауда ұстап отыра алмайтынын біледі. Қоғамда әлеуметтік шиеленіс, экономикалық мәселелер, геосаяси қауіп көп. Тоқаев пен оның айналасындағылар президенттің рейтингі қазіргіден де төмен түсіп кетуі мүмкін деп алаңдайды. Бұған қоса Тоқаев Назарбаев әулетінің есе қайтаруынан қорқады" деген еді.

Елді отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кетіп, Тоқаевты уақытша президент деп жариялаған еді. Артынша Тоқаев Астана қаласының атауын "Нұр-Сұлтан" деп өзгертуді ұсынып, бұл ұсынысты депутаттардың бәрі қолдаған.

2022 жылдың қаңтарына дейін Назарбаев билікке ықпалын сақтап келген. Кемі 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан соң Тоқаев билікті қолына ала бастады. Елде Конституцияға өзгеріс енгізіліп, бас заңнан Назарбаевтың "Елбасы" статусы алынып тасталды. Сарапшылар Қаңтар оқиғасына элита арасындағы қақтығыс себеп болды деп санайды. Тоқаев пен Назарбаев элитааралық қақтығысты жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG