Accessibility links

Парламент президенттікті 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді және Астана атауын қайтаруды мақұлдады


16 қыркүйекте парламент бірлескен отырысында Конституцияға енгізілетін бірқатар өзгерістер атап айтқанда, президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді, Астана атауын қайтаруды және конституциялық сот судьяларының өкілет мерзімін 8 жылға ұлғайтуды мақұлдады. Осылайша "ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заң жобасын қабылдады.

Құжат енді президентке қол қоюға жіберіледі.

Жұма күні парламенттің бірлескен отырысында құжатты таныстырған әділет министрі Қанат Мусин "заң жобасы бес бапқа өзгерістер енгізуді және бір баппен толықтыруды көздейді" деді. Оның айтуынша, президент мерзімін жеті жылға созу туралы өзгеріс президент сайлауына дейін енгізілуі тиіс, әйтпесе президент болып сайланатын адам бес жылдан соң тағы сайлауға түсу құқығына ие болады.

Заң жобасы кейіннен қайта сайлау құқығынсыз ұзақтығы жеті жыл бір президенттік мерзім туралы ережелерді қамтиды. Бұған қоса, Нұр-Сұлтанды Астана атау және Конституциялық сот судьяларының өкілетін сегіз жылға созуды қарастырады.

Бірлескен отырыста депутаттар бірінен соң бірі шығып, заң жобасын мақтап, оны қолдауға үндеді. Депутат Қазыбек Иса Тоқаевтың өз билігін созуға мүмкіндігі бар еді, бірақ ол "азаматтық ерік-жігер" танытып, "бір мерзімдік президенттікті ұсынып, демократиялық қадамға жол ашты" деді.

Құжат мақұлданғаннан кейін мәжіліс спикері Ерлан Қошанов өзгерістерді "демократияға қарай нық басу" деп атады. Ол осы өзгерістер арқылы "Тоқаевтың маңайына топтасып, әділетті қоғам құрып, ел байлығының теңдей бөлінуіне жағдай жасап отырмыз" деді.

  • 1 қыркүйектегі жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы күзге кезектен тыс президент сайлауын тағайындап, президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынған еді. Мәжіліс депутаттары арасында құрылған "Жаңа Қазақстан" тобы 2 қыркүйекте мәлімдеме жасап, Тоқаевтың президентті жеті жылға сайлау бастамасын қолдап, Нұр-Сұлтан қаласына Астана атауын қайтаруды да ұсынған. Ізінше президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар тобының астананың бұрынғы Астана атауын қайтару туралы ұсынысымен келіскен.
  • Сарапшылар Тоқаев алдағы сайлау арқылы өз билігін күшейтіп алуды көздейді дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG