Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 19 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жөнінде мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Жарлықта "14-17 қыркүйек аралығында қырғыз-тәжік шекарасында болған қақтығыстың салдарынан қырғыз азаматтары опат болғаны", соған орай аза тұту күні жарияланғаны жазылған.
"Жалпыұлттық аза тұту күні елдің барлық аумағында, сонымен бірге шетелдегі дипломатиялық және консулдық мекемелер ғимаратында ҚР мемлекеттік туы түсірілсін, мәдениет мекемелері мен телерадиокомпанияларға ойын-сауық шаралары мен бағдарламаларын өткізбеуге кеңес берілсін" деп жазылған жарлықта.
Қырғызстан ҰҚМК шекара қызметінің хабарлауынша, 18 қыркүйекте сағат 14.00-тегі жағдай бойынша шекарадағы ахуал тұрақталған.
16 қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасында ірі қақтығыс болды. Тараптар оқиғаға бір-бірін кінәлады. Сол күні атысты тоқтату туралы келісім жасалғанмен шекарада атыс қайта жалғасқан. Қырғызстанның Баткен облысында төтенше жағдай жарияланды.
17 қыркүйекте де шекарада қақтығыс тыншымады, тараптар бір-бірін келісімді бұзды деп айыптады. Азаттықтың Қырғыз қызметінің жазуынша, бұл жолы Ош облысының Чон-Алай ауданында қақтығыс болған.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қақтығыстың салдарынан 36 адам қаза болған, арасында бейбіт тұрғындар да бар. Кемінде 140 адам зардап шеккен.
Ал Тәжікстан билігі қаза болғандар мен жараланғандар туралы ресми ақпарат таратпады. Азаттықтың Тәжік қызметі дереккөзге сүйеніп, шекарадағы қақтығыстан 39 тәжік азаматы қаза болғанын жазды. Арасында бейбіт тұрғындар да бар екені айтылады. Тәжік билігі әзірге бұл ақпаратты растаған жоқ, терістемеді де.
ПІКІРЛЕР