Accessibility links

Путин Ресейде ішінара мобилизация жариялап, Батысты ядролық қарумен қорқытты


Ресей президенті Путин ішінара мобилизация жариялаған cәт. 21 қыркүйек 2022 жыл.
Ресей президенті Путин ішінара мобилизация жариялаған cәт. 21 қыркүйек 2022 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин 21 қыркүйектегі мәлімдемесінде елде ішінара мобилизация жариялады. Бұл науқан, бүгін 21 қыркүйектен басталады. Бұған қоса Ресей Украинада оккупациялап алған жерлерді өз құрамына қосу үшін псевдо-референдум өткізбек. Ресейдегі жағдайды қысқаша шолып шықтық.

ПУТИН НЕ АЙТТЫ?

Путиннің сөзінше, ішінара мобилизация кезінде әскерге запастағы әскерилер, қарулы күштер қатарында бұрын қызмет еткендер, тәжірибесі бар әскери мамандар шақырылады.

"Әскери қызметке шақырылғандар бөлімшеге кетпес бұрын арнайы операция (Ресей билігі Украинадағы басқыншылығын соғыс деп атаудан қашады - Ред.) негізінде қосымша әскери дайындықтан өтеді" деді ол.

Ресей президенті ішінара мобилизацияға қол қойылғанын, бұл науқан бүгін, 21 қыркүйектен басталатынын мәлімдеді.

Путин ішінара мобилизация кезінде әскерге шақырылғандар барлық төлемақы алатынын да айтады. Ол бұл "мобилизацияны" "Ресейдің аумақтық тұтастығын, қауіпсіздігін және тәуелсіздігін қорғау үшін қажетті шара" деп отыр.

Кремль сайтында жарияланған жарлыққа сай, ішінара мобилизация кезінде әр аймақтың губернаторлары қорғаныс министрлігі сұраған адам санын қамтамасыз етуі тиіс. Әскери қызмет ішінара мобилизация аяқталғанға дейін болады.

Путин ішінара мобилизация жарияламай тұрып, 20 қыркүйекте Ресей мемлекеттік думасы елдің қылмыстық кодексіне өзгеріс енгізді. Өзгеріске сай, ерікті түрде тұтқынға түскендер, мародерлік жасағандар және әскери қызметтен бас тартқандар 15 жылға дейін сотталады. Бұған дейін ресейлік әскерилердің Украинада соғысудан жаппай бас тартып жатқаны айтылған.

Путин мәлімдемесінде тағы да Батысты "Ресейді әлсіретіп, құрытпақ" деп айыптады.

"Олар 1991 жылы Совет одағын ыдырата алдық, енді Ресейді бір-бірімен қырылысатын аймақ пен облысқа бөлінетін уақыты келді деп ашық айтып отыр" дейді ол.

Путин бұл жолы да Ресейде ядролық қару барын, оны қажет болса қолданатынын айтып, сес көрсетті.

"Ресейдің аумақтық тұтастығына қауіп төнсе қолында бар барлық қаруын қолданады... Ресейге қарсы ядролық шантаж қолданып жүргендер жел өздеріне бұрылатынын есте ұстауы керек" деді Путин.

ӘСКЕРГЕ ҚАНША АДАМ ШАҚЫРЫЛАДЫ?

Путиннің мәлімдемесінен соң Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу ішінара мобилизация кезінде әскерге 300 мың адам шақырылатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, Ресейдің мобилизациялық ресурсы 25 млн адамды құрайды, бұл жолы соның тек бір пайызы әскерге алынады.

Ресей 24 ақпанда Украинаға басып кіргенде әскер саны 150-170 мың деп бағаланған.

Сондай-ақ Шойгу Украинадағы соғыста Ресейдің 5937 әскериі қаза болғанын мәлімдеді. Бұл батыс барлаушылары мен халықаралық медиалардың есебінен әлдеқайда төмен. АҚШ, Ұлыбритания мен Батыс елдерінің барлау қызметі Ресей жағынан қаза тапқандар мен жараланғандар саны 70-80 мыңнан асты деп мәлімдеген еді. Ал ВВС мен "Медиазона" дереккөздері Украинада алты мыңнан аса ресейлік әскери қаза тапқанын анықтаған.

Ресей президенті Путин мен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу (оң жақта)
Ресей президенті Путин мен Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу (оң жақта)

Шойгудың сөзінше, мобилизация кезінде студенттер мен қатардағы жауынгерлер шақырылмайды, әскери қызметке бұрын армияда болғандар және әскери мамандықтары бар адамдар алынады.

Бірақ бұған дейін әскери борышын өтеуге кеткен қатардағы жауынгерлердің аналарына "Дождь" телеарнасына балаларын Украина шекарасына жіберіп жатқанын айтқан.

Кремль ішінара мобилизация жариялаған тұста "Весна" қозғалысы бүкіл халықты мобилизацияға қарсы наразылыққа шығуға шақырды.

"РЕФЕРЕНДУМ"

Кеше, 20 қыркүйекте Украинадағы ресейшіл сепаратистер бақылауындағы "ДХР", "ЛХР" аймағын, Херсон және Запорожье облыстарының Ресей басып алған бөліктерін Ресейге қосу үшін "референдум" (бұл науқанды халықаралық қауымдастық мойындамайды) өтетіні хабарланды. Бұл аймақтағы ресейшіл билік псевдо-референдумды 23-27 қыркүйекке жоспарлайды. Киев бұған дейін Ресей өткізген мұндай псевдо-референдумның нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеген.

Кремль "референдумдарды" 11 қыркүйекке жоспарлаған еді, бірақ майдандағы жағдай мен Украина әскерінің қарымта шабуылға шығуы бұл жоспарға кедергі келтірді.

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба "Ресей Украина жерін оккупациялап жатқан агрессор ел ретінде қала бермек. Украина Ресей не десе де өз жерін азат етуге толық құқығы бар және жерін босатуды әріқарай жалғастырады" деді.

Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак "псевдо-референдумды" "шантаж" деп атап, "жау қорыққандықтан манипуляция жасап жатыр" деді.

Ал Германия канцлері Олаф Шольц мұны "жалған референдум" деп мәлімдеді. Польша президенті Анджей Дуда "референдумды түкке тұрғысыз" десе, НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг "жалған референдумның заңды күші жоқ" деді. Ал АҚШ билігі "бұл – референдум аумақтық тұтастықты қорлау" деп сынға алды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG