Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауын 20 қарашаға белгіледі.
"Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасына тағайындалсын. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етсін" делінген президент жарлығында.
Биыл күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында ұсынған. Қазақстанның қазіргі басшысы 2019 жылы елді 30 басқарып келген Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткенде бес жылға сайланған. Бұл мерзім 2024 жылы аяқталуы тиіс болған.
Қыркүйектегі жолдауында Тоқаев осы сайлаудан кейін парламентке президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ұсыныс білдіретінін мәлімдеген. Келесі күні мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы "құқықтық коллизияны болдырмас үшін" деп күзгі дауыс берудің өзінде бірден жеті жылдық мерзімге сайлауды ұсынды. Бұл ұсынысты Нұр-Сұлтан Астана деп қайта атау туралы бастамасымен қатар айтты. Тоқаев депутаттардың бұл ұсынысымен келісіп, конституцияға бір жыл ішінде екінші рет түзету енгізетін жарлыққа қол қойды.
Тоқаев жеті жылдық бір мерзімді ұсынарда мұның "билікті монополизациялаудың алдын алу" екенін айтты. Бірақ сарапшылар - биліктің нығайту амалы ғана екенін, ал жеті жылдық бір мерзімнің өзгеріссіз қалатынына ешқандай кепілдік жоқ екенін айтады.
Конституцияның осы нормасы бұдан әрі өзгермеуіне қандай кепілдік бар деген сұраққа әділет министрі Қанат Мусин "конституцияға түзету енгізу саны жөнінде шектеу жоғын, бірақ президент мерзіміне қатысты тұсының өзгермейтінін конституциялық сот қадағалайтынын" айтты.
Қазақстанда жеті жылдық мерзім осыған дейін де болған. Бірақ бірнеше мәрте түзетілген конституцияның кейінгі нұсқасында бір адамның бес жылдық президент мерзіміне екі реттен артық сайлана алмайтыны жазылған.
Қазақстанда билік президент сайлауын ылғи кезектен тыс өткізеді. Сарапшылар мұны әділ сайлаудан қашу амалы деп бағалайды.
Қазақстанда президенттікке 40 жастан асқан, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік қызметте кемі бес жыл жұмыс істеген адам үміткер бола алады. Азаматтық белсенділер мен құқық қорғаушылар мемлекеттік қызметтегі бес жылдық өтіл азаматтардың президенттікке сайлану құқығын бұзатынын айтады.
16 қыркүйекте оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышалин президент сайлауына түсу ниеті барын білдірді. 5 қыркүйекте оппозиция өкілдері бас қосып, ортақ кандидат шығару мәселесін талқылаған, бірақ ортақ үміткер әлі ұсынылмады.
Қазақстанда саяси реформа туралы бастамалар жыл басындағы Қаңтар оқиғасынан кейін қатты талқылана бастады. Сол күндері Маңғыстау облысында газ бағасының қымбаттауынан туған наразылық бүкіл елге тарап, аяғы қантөгіске ұласты. Бейбіт жиындар тәртіпсіздікке ұласқан тұста Қазақстан президенті құқық қорғау органдарына "ескертусіз оқ атуға" бұйырып, елге Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйымы бітімгер әскерін кіргізді. Ресми дерек бойынша, оқиға салдарынан кемі 238 адам қаза тапты.
Конституцияға биыл маусымда да түзетулер енгізген. Билік 33 бапқа 56 өзгеріс енгізу туралы ұсыныс білдіріп, оны референдумға салды.
Халықаралық және жергілікті тәуелсіз байқаушылар Қазақстандағы бірде-бір президент сайлауына ашық әрі әділ өтті деп баға бермеді.
2019 жылғы маусымда өткен президент сайлауында елде жаппай наразылық өтіп, мыңдаған адам ұсталған.
ПІКІРЛЕР