21 қыркүйекте Мәскеу, Санкт-Петербург және Ресейдің өзге қалаларында мобилизацияға қарсы акциялар кезінде мыңнан астам адам ұсталды.
Мәскеуде жұрт ескі Арбатқа жиналып, наразылық өткізді. Жиналғандар арасында әйелдер көп болды. Олар "Соғысқа жол жоқ!", "Балаларымызға өмір" деп ұран көтерді.
Жиналғандардың саны туралы нақты мәлімет жоқ, бірақ видеокадрларға қарағанда жүздеген адам қатысқан. Олар қолтықтасып, ұзын тізбек құрып тұрған. Полицейлер акцияға қатысушыларды жұлқылап, бір-бірден алып кеткен.
Санкт-Петербургте мобилизацияға қарсылар Исаакиев соборының маңына жиналған. Оларды полиция күшпен ұстап әкеткен. Құқық қорғау органдарының ұстау кезінде наразыларды резеңке таяқпен ұрғаны хабарланды.
"ОВД-Инфо" құқық қорғау жобасының мәліметінше, Мәскеу уақыты бойынша түнгі сағат 11:30 шамасында Мәскеу мен Петербургте ұсталғандар 1060 адамнан асқан.
Сәрсенбі күні мобилизацияға қарсы акция мен пикеттер Ресейдің 38 қаласында (Челябинск, Красноярск, Тверь, Воронеж, Краснодар, Саратов, Калинград, Петрозаводск, Рязань. Иркутск және тағы басқа) өтті. Соңғы мәлімет бойынша, 1300-ден астам адам ұсталған.
Екатеринбургте акцияға қатысушылардың біріне "Билік өкіліне күш қолдану" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қалада 40-тан астам адам ұсталған.
- Сәрсенбі күні Ресей президенті Владимир Путин елде ішінара мобилизация жүргізу туралы жарлыққа қол қойған. Ол мұны "Ресейдің аумақтық тұтастығын, қауіпсіздігін және тәуелсіздігін қорғау үшін қажетті шара" деп түсіндірген. Соғысқа запастағы офицерлер мен әскери борышын өтеген азаматтар ғана алынбақ. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу 300 мың резервист шақырылатынын айтты. Десе де министр студенттер мен әскери борышын өтегендер соғысқа шақырылмайтынын айтты.
- Бұған дейін мемлекеттік дума әскери тапсырманы орындаудан бас тартқан жалдамалы әскерді жазалауға мүмкіндік беретін Қылмыстық кодекске түзетулерді мақұлдаған. Құжат сонымен бірге "мобилизация", "әскери жағдай", "әскери кезең" деген ұғымдармен толығып, әскери қызметтен қашуға жазаны күшейтеді.
ПІКІРЛЕР