Accessibility links

ЖСДП баспасөз жиынына "кедергі" жасалғанын мәлімдеді


ЖСДП кандидаты Нұрлан Әуесбаев (ортада). Жанында ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов (оң жағында) және партия аппаратының жетекшісі Талғат Омаров отыр. Астана, 7 қазан 2022 жыл.
ЖСДП кандидаты Нұрлан Әуесбаев (ортада). Жанында ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов (оң жағында) және партия аппаратының жетекшісі Талғат Омаров отыр. Астана, 7 қазан 2022 жыл.

Өзін "оппозициялық ұйым" деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде шығарған Нұрлан Әуесбаевтың қатысуымен өтуі тиіс болған жиынға "кедергі" жасалғанын мәлімдеді.

"Өкінішке қарай, баспасөз жиыны өтпей қалды: бизнес-орталық әкімшілігі бізге жиын өткізуден бас тартуының себебін нақты түсіндірмеді. Ақысын алдын ала төлеп қойған едік. Мұны біз партия қызметіне кедергі жасау деп бағалаймыз" деді ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов жұма күнгі онлайн-брифинг кезінде.

ЖСДП-ның Фейсбуктағы хабарламасына сәйкес, партия өкілдері бастапқыда жиынды 14 қазанда сағат 11-де Астанадағы "Марден" бизнес-орталығында өткізуді жоспарлаған. Жиында "үгіт-насихат алдындағы кезеңнің аралық нәтижесі жариялануы тиіс" болған.

"Алайда дәл шара басталар кезде бізге бизнес-орталықта жөндеу жұмыстары басталғанын хабарлап, конференция-залға кіргізбеді" деді ЖСДП төрағасы. Партия өкілдерінің айтуынша, "жөндеу жұмыстары жөнінде өзге арендаторларға хабарланбаған".

Азаттық "Марден" компаниясы өкілдерінен жауап ала алмады. Компания сайтында бизнес-орталықтағы жөндеу жұмыстары туралы ақпарат жоқ.

ЖСДП аппарат жетекшісі Талғат Омаровтың айтуынша, қазір барлық өңірде Әуесбаевқа қол жинау науқаны жүріп жатыр, алдағы екі күнде аяқталуы тиіс. Омаровтың айтуынша, жұма күні түс кезіндегі мәлімет бойынша қажет қолдың (118,2 мың қол) шамамен 83 пайызы жиналған. Дегенмен ол кейбір аймақта территориялық сайлау комиссиясының сенімді өкілдерге жақында ғана куәлік бергенін айтты.

ЖСДП-ның астанадағы бөлімшесінің төрағасы Нұрлан Әуесбаев кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде тіркелуге құжаттарын 7 қазанда өткізген. ОСК оның талаптарға сәйкес екенін мәлімдеп, қол жинауға рұқсат берген.

12 қазанда ОСК "халықтық коалиция" атынан ұсынылған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде тіркеген. Ресми ақпарат бойынша, Тоқаевтың өкілдері Қазақстанның барлық 20 өңірінде оны қолдайтын 400 мың қол жинаған. 2019 жылдан бері президент қызметін атқарып келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте президенттікті бір реттік жеті жылмен шектеуді қарастыратын Конституцияға түзетулерге қол қойған.

Бұған дейін ОСК үміткер ретінде 12 адамның құжатын қабылдағанын мәлімдеген. 13 қазанда үшеуінің "талаптарға сәйкес келмегенін" мәлімдеп, оларды тіркеуден бас тартқан.

Сарапшылар биліктің шынайы оппозиция өкілдерін сайлауға жібермегенін, кандидаттар арасында шынайы бәсекелес болатын адамдар жоғын, сайлау нәтижесінің алдын ала анықталып қойғанын айтады.

XS
SM
MD
LG