Accessibility links

Қаңтар оқиғасы туралы айтқан Тоқаев "бұзақылар мен лаңкестерден батыр жасаудың қажеті жоқ" деді


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

19 қазанда Алматы облысында "жұртшылықпен кездесу" кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына тоқталып, оқиғадан "сабақ алу керек", "бұзақылар мен лаңкестерден батыр жасаудың еш қажеті жоқ" деп мәлімдеді. Президенттің нақты кімдерді "бұзақы және лаңкес" деп атағаны белгісіз.

"Заң мен тәртіп" "қайғылы қаңтар оқиғасының қайталануына жол бермеуге мүмкіндік береді" деген Тоқаев оқиғадан "сабақ алу керек", "бұзақылар мен лаңкестерден батыр жасаудың еш қажеті жоқ", "бұзақыларды, кісі өлтірушілерді, тонаушыларды қолдауға тырысатындардан сақ болу керек" деді.

"Олар халқымыздың түпкі мүддесіне мүлдем сай келмейтін жеке мақсатты көздейді. Жуық арада мемлекетке сатқындық жасағандар, екіжүзділік және қорқақтық танытқандар сот алдында жауап береді. Қайғылы жағдайға жол берген немесе арандатушылық әрекет жасағандардың істері бойынша тергеу жалғасады" деді Тоқаев.

Ол өз сөзінде "белгілі бір күштердің жетегіне ерген және кішігірім қылмыстар жасағандарға рақымшылық жариялағанын" айтты.

Қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жариялау туралы заң жобасы қыркүйек соңында "Ашық нормативтік-құқықтық құжаттар" порталында жарияланған еді. Құжатты талқылау 14 қазанда аяқталған.

Құжатқа сәйкес, 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінуі мүмкін. Дегенмен рақымшылықтың "мемлекетке сатқындық жасау, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптаумен байланысты" қылмыс жасағандарға қатысы жоқ.

Бұған дейін кейбір құқық қорғаушылар қаңтар кезінде "бейбіт халыққа оқ атқан" күштік құрылым өкілдері амнистияға ілінуі мүмкін деген қауіп айтып сынаған. Олардың айтуынша, рақымшылық туралы заң жобасына "Адам өлтіру" бойынша айыпталғандар ілінбегенмен, "кездейсоқ адам өлтіру", "қорғану мақсатында оқ ату" сияқты баптар бойынша айыпталғандар ілінген.

"Қаңтарда 232 адам қаза болды, тағы алты адам тергеу изоляторында өлтірілді. [Оқиға кезінде] балалар, зейнеткерлер, бейбіт азаматтардың да қаза болғанын бәріміз білеміз. Адамдарды үтікпен азаптап, ұрып-соққан, [соның салдарынан] кейбірінің көзі көрмей қалды, көбі мүгедек болып қалды..." деп жазды 18 қазанда "Ар.Рух.Хақ" қоғамдың қорының президенті Бақытжан Төреғожина Фейсбук парақшасында.

Құқық қорғаушы "бейбіт азаматтарға оқ атқаны аздай" билік "қаза болғандардың үстінен қылмыстық іс қозғап" өлгендерге айып тақты, азаматтарға оқ ату, оларды азаптау істерін созбалақтады деп жазды. Енді билік осы заң арқылы "бейбіт азаматтарға оқ атқан әскери қызметкерлер мен күштік құрылым өкілдеріне" рақымшылық жариялап, жауаптан жалтаруға жағдай жасап отыр деді.

"238 адамның өліміне ешкім жауап бермейді. ЕШКІМ" деп жазды Бақытжан Төреғожина.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасына байланысты сот процестері Қазақстанда жүріп жатыр. Қантөгістен кейін елде мыңнан астам адам ұсталып, көбіне "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік", "қару-жарақ ұрлау" баптары бойынша айыптап тағылған. Айыпталғандар арасында азаматтық белсенділер де бар. Бұған дейін кейбір айыпталушылар мен туыстары тергеудің әділетсіздігіне шағымданған. Қаңтар кезінде қаза болған азаматтардың туыстары жақындарын ақтауды талап етіп, оларға оқ атқандарды табуды талап еткен. Ресми Астана оқиғаны тергеуге халықаралық сарапшыларды тарту туралы ұсыныстан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG