Accessibility links

14 млрд доллар алып шыққан. Ресей мигранттары көрші елдердің экономикасына қалай серпін берді?


Грузия-Ресей шекарасында кезекте тұрған адамдар.
Грузия-Ресей шекарасында кезекте тұрған адамдар.

Ресей Украинаға басып кіргелі 400 мыңнан астам ресейлік өз елін тастап, шетелге қоныс аударған. Олар кемі 14 млрд доллар капитал, біліктілігі жоғары мамандар мен жүздеген бизнес субъектісін өздерімен бірге ала кеткен. Ресей азаматтарын қабылдаған мемлекеттер бұдан экономикалық пайда көріп отыр.

"Соғыс басталғанда Қазақстанға кетуге бел будық" дейді 45 жастағы Сергей.

Маусымда оқу жылы аяқталған кезде Сергей Новосібірдегі жиһаз жасайтын фабрикасын жауып, әйелі мен балаларын алып, Ресейден көшіп кеткен. Азаттыққа сұхбат берген басқа азаматтар сияқты Сергей де Ресейде қалған туыстарына кесірі тиер деп, аты-жөнін көрсетпеуді сұрады.

"Бұл жақта…тұрақтап қаламыз деп үміттенемін. Қазақстанда өз ойымды ашық айтып, еркін тыныстай аламын" дейді ол.

Ресей статистика агенттігінің дерегінше, 2022 жылдың бірінші жартысында 419 мың ресейлік шекара асқан. Осыдан кейін сыртқы миграцияға қатысты жаңа дерек жарияланбаған. 21 қыркүйекте Владимир Путин ішінара мобилизация жариялағаннан кейін шетелге кеткендер саны тағы да көбейді. Бірақ арасында қанша кәсіпкер, зейнеткер, біліктілігі жоғары маман бары белгісіз.

BCS Global Markets сараптама фирмасының дерегінше, биыл тоғыз айда Ресей азаматтары шетелге 14 миллиард доллар ақша жіберген.

Батыс елдерінің санкцияларына байланысты мыңнан астам компания Ресейдегі қызметін тоқтатқан. 320 компания Ресейден біржола кеткен. Ресейлік жүздеген бизнес шетелдік нарыққа ауысқан.

Ресейлік мигранттардың көбі Путиннің саясатына қарсы болғаны үшін емес, экономикалық себептерге байланысты көшіп жатыр. Олардың жаппай шетелге ағылуы Қазақстан, Армения, Грузия, Түркия сияқты елдерде жалдамалы пәтер мен жылжымайтын мүлік бағасының қымбаттауына әсер етті. Сарапшылар пікірінше, Ресейдегі жағдай аталған мемлекеттер экономикасының өсуіне жол ашқан.

ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен айда Ресейдегі 50-ден астам халықаралық компанияның жұмысы Қазақстанға ауысқанын айтты. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың дерегінше, ондаған компания кәсібін Қазақстанға ауыстыру үшін келіссөз жүргізіп жатыр.

"Бұл ел экономикасының дамуына көмектеседі" деді Тоқаев.

Халыққа қызмет көрсету орталығына салық төлеушінің жеке нөмірін алуға келген ресейліктер. Ақтөбе, 28 қыркүйек 2022 жыл.
Халыққа қызмет көрсету орталығына салық төлеушінің жеке нөмірін алуға келген ресейліктер. Ақтөбе, 28 қыркүйек 2022 жыл.

Ресейдің мыңнан астам кәсіпорны, олардың ішінде Тинькофф банкі, InDrive, Playrix, MNG Partners компаниялары бар, Қазақстанға көшкен немесе осында ауысу үшін келіссөз жүргізуді бастаған.

Адам ресурстарын дамыту орталығының президенті Дәулет Арғандықовтың айтуынша, бұл компанияларда 4-6 мыңға жуық жұмыс орны бар, ал олардың жалпы капиталы 27 миллиард доллардан асады.

Мемлекеттік қаржы нарығын реттеуші ұйым дерегінше, ресейлік мигранттардың ағылуынан Қазақстан банктері де пайда көрген. 10 қазандағы дерек бойынша, Қазақстан банктеріндегі Ресей азаматтарының депозиттері 1,42 миллиард долларға жеткен. Маусымда шетел азаматтарының депозиттері (Ресей мен басқа мемлекет азаматтарын қосқанда) небәрі 692 миллион долларды құраған.

Астанадағы Есіл өзенінің жағасында тұрған адам. 13 қазан 2022 жыл.
Астанадағы Есіл өзенінің жағасында тұрған адам. 13 қазан 2022 жыл.

"Осында қалуды ойлап отырмыз. Әйелім – дәрігер, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Балаларымыз орыс мектебіне барып жүр. Қазақстан оларға да ұнайтын сияқты. Өзім риелтор болып жұмыс істеп жатырмын. Жаңа мүмкіндіктер іздеп жүрмін. Қандай салалар бос, қай жерде сұраныс жоғары екенін бақылап көреміз. Қазақстанда кәсіп бастауға мүмкіндік көп деп ойлаймын. Осы жақта тұрақтап қалуға тырысамыз" дейді Сергей.

АРМЕНИЯ

2021 жылдың соңында келер жылы Арменияның экономикалық өсімі 5 пайызды құрайды деп болжанған. Ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бұл көрсеткіш 1,6 пайызға дейін төмендеді. Бұған Армения мен Ресей арасындағы тығыз экономикалық байланыстар әсер етті.

18 қазанда Армения Орталық банкінің төрағасы Мартин Галстян экономикалық өсім көрсеткішін қайта қарады.

"Қазір Ресей азаматтарының жаппай келуіне байланысты биылғы экономикалық өсім 13 пайызға жетеді деп жоспарлап отырмыз. IT саласындағы адам капиталы 25 пайызға өскен. Арменияға талантты, білімді адамдар келіп жатыр, бұл ұзақмерзімді жақсы әсер береді" деді ол.

2022 жылдың тоғыз айында Арменияға 100 мыңнан астам Ресей азаматы келген. Осы уақыт ішінде Арменияда Ресей капиталына құрылған 300 ірі фирма мен 2500 шағын бизнес субъектісі тіркелген. ArmInfo/FinPort қаржылық веб-сайтының дерегінше, жылдың алғашқы жартысында Ресейден Арменияға аударылған ақша көлемі 1,1 миллиард долларға жеткен.

36 жастағы Александр жыл басында Мәскеудегі цифрлық дизайн студиясын Арменияға көшірген.

"Соғыс басталғаннан кейін командаммен бірге шетелге көшеміз деп шештік. Cанкция IT саласындағы кез келген адамды көп мүмкіндіктен айырады. Жолымыз болған күннің өзінде, қытай техникасын қолданып отырар едік. Бізге бұл сценарий ұнаған жоқ" дейді ол.

Александр мен команда мүшелері әрқайсысы 10 мың доллардан қолма-қол ақша алып шыққан.

"Қалғанын криптовалюта арқылы аударып алдық. Көктемде шетел азаматтары Армения банктерінен еш қиындықсыз шот ашатын, біз осы мүмкіндікті пайдаландық" дейді Александр.

Ол аз уақыт ішінде компаниясын тіркеп үлгерген. Тіркеуге бір сағаттан аз уақыт кеткен. Арменияда IT саласында істейтін компанияларға салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Александр Ресейден күн сайын қаншама адам келіп жатқанын, сондықтан компанияға жаңа қызметкер табу қиынға соқпайтынын айтады.

"Бұл – үлкен мүмкіндік. Идеямызды талқылап, араласып, бірге дамитын орта бар" дейді ол.

ГРУЗИЯ

Грузия да Ресей мигранттары есебінен экономикалық өсімге қол жеткізді. 11 қазанда Халықаралық валюта қоры биыл Грузияның экономикасы 8,8 пайызға өседі деп хабарлады. Грузия ұлттық банкінің төрағасы Коба Гвенетадзе 10 пайыздық өсім болады деп болжап отыр.

"Ресей мен Украина арасындағы соғыс пен санкциялар нәтижесінде Грузияға ағылған мигранттар саны артып, бұл экономикалық өсімге әсер етті" деді Гвенетадзе 26 қазанда журналистерге берген сұхбатында.

Ұлттық банк дерегінше, 2022 жылдың он айында Ресейден Грузияға ақша аударымдары 1,135 миллиард долларға жеткен. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төрт есеге көп. Ресей азаматтары наурыз-маусым айларында Грузияда 6419 компания тіркеген. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қаңтар-қыркүйек айларында Грузияға 112,733 Ресей азаматы кірген. 21 қыркүйекте жарияланған мобилизациядан кейін Грузиядағы мигранттар саны тағы көбейген.

Ресей азаматтарына арналған орыс мектебі. Тбилиси.
Ресей азаматтарына арналған орыс мектебі. Тбилиси.

Мигранттар толқыны пәтер бағасын өсіріп жіберді. Әсіресе, Тбилисиде аз қамтылған отбасылар мен студенттер тұрғын үй дағдарысына тап болған. Сарапшылар бұл жағдай ұзаққа созылмайды деп отыр.

"Биыл пәтер бағасына уақытша факторлар әсер еткенін ұмытпайық. Бұл келер жылы да дәл осындай тұрақты өсім болады деген кепілдік бермейді. Сондықтан мұқият болуымыз керек" дейді Еуропалық қайта құру және даму банкінің Шығыс Еуропа және Кавказ елдері бойынша жетекші экономисі Дмитрий Богов.

32 жастағы Оксананың Новосібірде дәмханасы болған. Ол күйеуімен бірге соғыс басталғаннан кейін кезінде өздері бал айын өткізген Грузияға көшуге бел буған. 21 наурызда билет алып, Ресейден біржола қоныс аударған.

Оксананың күйеуі IT саласында жұмыс істейді. Ол Ресейдегі жұмысын қашықтан істеуге көшкен. Осы айда Оксана соғыстан қашқан тағы бір орыс әйелмен бірге Тбилисиден дәмхана ашқалы жатыр.

"Грузия – өмірге ғашық жастардың елі. Бұл жақта мүмкіндік көп. Өйткені еркіндік бар. Ойыңды ашық айтып, кез келген идеяңды жүзеге асыра аласың... Бизнес ашып, дамимын, жаңа дүниелермен айналысамын деген адамға кез келген есік ашық" дейді Оксана.

Ол бизнесін бірнеше минут ішінде тіркеген. Барлық құжаттарды ағылшын тілінде толтырған.

"Бізді қуана қарсы алғандары көрініп тұрады. Ресейлік босқындар Грузия қоғамына етене араласып кетеді, бұл ел біздің жаңа отанымызға айналады деп үміттенемін. Басқа барар жеріміз жоқ. Грузия халқы бізді құшақ жая қарсы алғанына қуаныштымын" дейді ол.

ТҮРКИЯ

Ресейдегі жағдай Түркияның да экономикалық өсіміне әсер етті. Түркия – НАТО-дағы Украинаға басып кіргені үшін Ресейге санкция салмаған жалғыз мемлекет. Маусымда Түркиядан Ресейге тауар экспорты 791 миллион долларға жеткен. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 46 пайызға көп және 2010 жылдан бері тіркелген ең жоғарғы айлық көрсеткіш. Қос мемлекет арасындағы жылдық тауар айналымы 60 миллиард долларға жетеді деп күтіліп отыр.

Ыстанбұл көшесі.
Ыстанбұл көшесі.

2022 жылдың екінші тоқсанында ел экономикасы 7,6 пайызға өсіп, Түркия G20 мемлекеттерінің арасында ең жоғары өсім көрсеткен.

Биыл Түркиядан жылжымайтын мүлік сатып алушылар қатарында ресейліктер көш бастап тұр. Түркияның мемлекеттік статистика агенттігінің дерегінше, тамызда Ресей азаматтары күн сайын 34 пәтерден сатып алып отырған. Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін Түркияның жылжымайтын мүлік нарығында сұраныс күрт артқан.

Түркия заңдарына сәйкес, құны 75 мың доллардан асатын жылжымайтын мүлік сатып алған шетел азаматы ықтиярхатқа өтініш бере алады.

Санкт-Петербургтен келген инвестор Роман Казаков биыл Антальядан үй сатып алып, әйелі және үш баласымен бірге Түркияға көшкен.

"24 ақпанда әйелім екеуіміз Ресейден кетеміз деп шештік. Бірақ балалары мен кәсібі бар адамға бәрін тастап, бірден көшіп кету қиын. Қайда баратынымызды шешіп, дайындалу керек болды. Сондықтан асықпай ойландық" дейді ол.

Жазға қарай ресейлік отбасы Түркияға қоныс аударған. Роман Антальяға барып, үй сатып алған.

"Жазда пәтерлер қымбаттау болды, бірақ мобилизациядан кейін үй бағасы тіпті шарықтап кетті. 19 қыркүйекке билет алдық…. Біз кеткеннен кейін бірнеше күннен соң билет бағасы күрт өсті. 25 қыркүйекте (мобилизация жарияланғаннан кейін төрт күннен соң) Мәскеуден Стамбулға ұшқан досым билетті 270 мың рубльге (4400 доллар) алды".

Қазір Казаков Антальяға өзінен екі ай бұрын келген азаматпен бірге Түркияда коворкинг саласын дамытуды қолға алған.

"Бұл – жаңа, әсіресе, Ресей мен Беларусьтен келушілер көбейген тұста, болашағы зор сала. Ресейден келгендердің басын қосып, қызық адамдармен танысқым келді. Сондықтан ұшақтан түсе сала іске кірістім".

Роман жақында коворкинг ашып, бизнеске салған инвестициясын сегіз-тоғыз айда қайтарып алуды жоспарлап отыр.

"Жұмыстың қалай жүргеніне қарай көреміз. Бәрі жақсы болса, келесі бизнеске идеям дайын. Түркияда бос ниша көп" дейді ресейлік кәсіпкер.

Мақала авторы – Азаттық радиосы Орыс қызметінің Марина Аронова.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG