Accessibility links

Бас прокуратура сайлау күні "заңсыз митингіге" шықпауға, "арандатушыларға ермеуге" үндеді


Бас прокуратура жұртты кезектен тыс президент сайлауы өтетін күн – 20 қарашада "заңсыз митингіге" шықпауға үндеді.

18 қараша күнгі хабарламасында ведомство әлеуметтік желіде "тыйым салған ұйым заңсыз митинг өткізу, қатысу және өзге де құқыққа қайшы әрекет жасауға" шақырғаны жөнінде хабарламалар таратып жатқанын жазған.

Бас прокуратура оны "терроризмді немесе зорлық-зомбылық экстремизмді насихаттайтын" қозғалыс деп атап, оның қызметіне тыйым салынғанын атап өткен. Бұған қоса, ведомство сондай ұйымның "шақыруына еріп, заңсыз митингілерге қатысқандар" құқықтық жауапкершілікке тартылатынын ескерткен. Прокуратура "сот тыйым салған ұйымдар мен олардың артында тұрған адамдардың арандатуына ермеуге, олардың заңсыз әрекеттеріне қатысудан бас тартуға" шақырған.

Ведомство бір күн бұрын ұлттық қауіпсіздік комитетінің сайлау алдында "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған топты ұстағанын" атап өткен.

Бір күн бұрын ҰҚК Алматы және Алматы облысындағы қызметкерлер жүргізген "арнайы операция" кезінде жеті адам ұсталғанын хабарлаған еді. ҰҚК-ның айтуынша, "билікті басып алу" және "жаппай тәртіпсіздік" баптары бойынша тергеу амалдары басталған. Комитеттің айтуынша, күдіктілер қуғындағы экс-банкир "Мұхтар Әблязовтің билікті сынаған әрекеттерін қолдап, елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" ұйымдарының белсенді ретінде Әблязовтың пікірлеріне қосылған".

Әблязов жақтастары ҰҚК жариялаған видеоны "сайлау алдындағы ҰҚК блокбастері" деп атады. "Блокбастердің басты мақсаты - оппозицияның Қазақстан билігін бейбіт жолмен ауыстыру туралы жоспарын бұзу" деді олар.

Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Әблязов жұртты сайлау күні митингіге шығып, күш қолданбай әкімшілік ғимараттарға кіріп алуға шақырған.

Қазақстан соты Мұхтар Әблязов негізін қалаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстарын "экстремистік ұйымдар" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент оларды "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атаған. Белсенділер мен құқық қорғаушылар талабына қарамастан, Астана сот шешімдерін жарияламады.

Осыған дейін елде "аталған ұйымдардың ісіне араласты" деген айыппен жүзден астам адам, арасында азаматтық белсенділер де бар, сотталған. Бұған дейін халықаралық құқық қорғаушылар Астананы экстремизм бабын билікті сынаған белсенділерді қудалау үшін қолданбауға үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG