Accessibility links

"Әділ сайлауға жететін күн бар ма?" Алматыда акция өткізген Oyan, Qazaqstan белсенділері ұсталды


Полиция Oyan Qazaqstan белсенділерін ұстап жатыр. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.
Полиция Oyan Qazaqstan белсенділерін ұстап жатыр. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

Алматыда полиция Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі маңында акция өткізген Oyan, Qazaqstan белсенділерін ұстады.

Ауыздарына "ұрма, атпа", "оян", "ұрпақ үшін" деген және өзге жазу жапсырған белсенділер "әділ сайлауға жететін күніміз бар ма?" деген жазуы бар үлкен баннер ұстап тұрды. Олар Қаңтардағы қантөгіске билік, оның ішінде кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың жауапты екенін еске салғысы келетінін айтты. "Тоқаев – қанішер" ("Токаев - убийца"), "әділ сайлау үшін" деп айқайлады.

Құқық қорғау органдары акцияның заңсыз екенін ескертті. Бірнеше минуттан соң полиция оларды жеке-жеке ұстап алып кетті.

Oyan, Qazaqstan тобының Телеграм арнасындағы ақпаратқа қарағанда, Бота Шәріпжан, Жанель Шахан, Айдана Айдарзан, Әзиза Есмағанбет, Дархан Шәріп, Нағашыбек Бекдайыр және Мира Оңғарова ұсталған.

Азаттық тілшісі Бостандық аудандық полиция басқармасына хабарласқан кезде басқа нөмірге телефон шалу керектігін айтты. Ал берілген нөмір істемей тұрды.

Кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан күні Алматы мен Астанада "оппозиция митингісі өтеді" деген орындарда полиция адамдарды ұстаған. Шымкентте де белсенділердің үйіне полицейлер келгені хабарланды. "Митинг өтетін орындарда" күзет күшейді.

Сайлау кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейін он айдан соң өтіп отыр. Жыл басында елдің батысында сұйытылған газдың күрт қымбаттауына байланысты наразылық тұтанып, ізінше өзге аймақтарға жайылған, бірқатар аймақтарда тәртіпсіздік болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "террористер шабуылы" жөнінде мәлімдеп, "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген. Оны құқық қорғаушылар мен белсенділер сынады. Бұған дейін кейбір басылымдар Қаңтардан бері он ай өтсе де, биліктің "лаңкестер" туралы мәлімдемесі расталмағанын жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG