Accessibility links

"Си Цзиньпин, кет!" Қытайда Covid шектеулері жаппай наразылыққа түрткі болды


Пекинде карантин шараларына қарсы шыққандар. 27 қараша 2022 жыл.
Пекинде карантин шараларына қарсы шыққандар. 27 қараша 2022 жыл.

27 қараша түнде Шанхайда карантин шектеулеріне қарсы шыққан жүздеген адам мен полиция арасында қақтығыс болды. Кейінгі үш күннен бері Қытайдың ірі қалаларында Covid шектеулеріне қарсы наразылық күшейді. Наразылық Шыңжаң өлкесіндегі Үрімжі қаласында көпқабатты үйде өрт шығып, 10 адам қаза болған соң басталды. Қытайда не болып жатқанын түсіндіреміз.

"КАРАНТИНДІ АЛЫП ТАСТА!"

"Си Цзиньпин, кет!", "Компартия тарасын!", "Бостандық я өлім бер!", "Карантин керек емес, бостандық керек!" "ПТР тест пен денсаулық кодын алып тастаңдар!", "Карантинді алып таста!". Бұл – жұмадан бері Қытайда Covid шектеулеріне қарсы жаппай наразылықта айтылған ұрандар.

Елдің қаржылық орталығы Шанхайда 27 қарашада мыңдаған адам жақында ғана Қытай басшысы болып қайта сайланған Си Цзиньпиннің орнын босатуды талап етіп, "Си Цзиньпин, кет!" деп ашық ұрандатты. 2012 жылдан бері Қытайды басқарып отырған Си Цзиньпинге қарсы ел ішінде мұндай ұран жиі айтыла бермейді.

Қытайда карантинге қарсылық саяси талапқа ұласты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:59 0:00

Ал бүгін, 28 қарашада Пекинде кемі мың адам Лянма өзенінің бойына жиналып, тараудан бас тартып тұрып алды.

"Маска таққымыз келмейді, бізге еркіндік керек. Covid тест тапсырғымыз келмейді, маған бостандық керек" деп айғайлады жиналғандар.

Қытай басшысы елде коронавирустың тарауын тоқтату үшін үш жылдан бері zero-Covid (нөл-Covid) саясатын қатаң ұстанып отыр. Басқа елдер карантин шектеулерін толық алып тастап, қалыпты өмірге оралса да Қытай үш жылдан бері қатаң шектеулермен өмір сүріп жатыр.

"Елімді сүйген соң осы жерге келдім, бірақ үкіметті ұнатпаймын. Сыртқа еркін, еш шектеусіз шыққым келеді, бірақ шыға алмаймын. Біздің коронавирус шектеулері ойынға айналды, бірақ бұл ойын ғылым мен шынайылыққа құрылмаған" дейді Шанхайдағы наразылыққа шыққан Шуан Сяо Reuters агенттігіне.

Жексенбі, 27 қарашада наразылық Пекин, Ухань (коронавирус дәл осы қаладан шыққан), Чэнду, Нанкин, Үрімжі қалаларында да болды. Бұған қоса, Қытайдың басқа қалаларында студенттер университеттердің маңына жиналып, карантинге қарсы шықты.

НАРАЗЫЛЫҚҚА НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?

Бейсенбі, 24 қарашада Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжіде көпқабатты үйде өрт шығып, он адам қаза тапқан. Желіде карантин кесірінен өрт сөндірушілер уақытында келе алмады деген жазбалар тарай бастады. Өрттен соң қала тұрғындары карантин шектеулеріне қарсы наразылыққа шықты. Желіде тараған видеоларда "Карантинді аяқта!" деген ұрандар естіледі. Үрімжі басшылары сенбі, 26 қарашада баспасөз мәслихатын өткізіп, карантин шаралары өртке себеп болды дегенді жоққа шығарды.

4 миллиондай халық тұратын Үрімжі қаласы коронавирус тарауына байланысты үш айға жуық карантинде отырған.

Үрімжідегі оқиғадан соң Қытайдың басқа қалалары да биліктің карантин шектеулеріне қарсылық білдіре бастады.

Үрімжідегі наразылық. 25 қараша 2022 жыл.
Үрімжідегі наразылық. 25 қараша 2022 жыл.

Сенбі, 26 қарашада Шанхайда халық қаладағы Үрімжі деген көшеге шырақ қоюға келіп, карантинге қарсылықтарын айта бастады. Ал жексенбіде қалада мыңдаған адам наразылыққа шығып, Шанхай көшелерінде полиция көбейді. Reuters тілшілері жексенбіде полиция ондаған адамды ұстағанына куә болған.

"Маған сыртқа шығу құқығымды қайтарсын. Тест тапсырмасақ үйден шығармайды. Шыңжаңдағы өрт адамдардың төзімін тауысты. Адамдар бейбіт түрде наразылық танытып тұрса да, полиция ұстап әкетіп жатыр. Мені де ұстамақ болған, бірақ басқа адамдар мені құтқарып қалды" деді Шанхайдың 26 жастағы тұрғыны Reuters агенттігіне.

Жексенбі кешкісін наразылыққа шыққандар қолдарына ақ қағаз ұстап шықты. Полиция оларды күшпен таратпақ болған, бұл наразылар мен полицейлер арасында кішігірім қақтығысқа ұласты.

"БІЗГЕ ӨМІР БОЙЫ БИЛІКТЕ ОТЫРАТЫН ИМПЕРАТОР КЕРЕК ЕМЕС"

Жексенбіде Чэндуде халық қолдарына ақ парақ ұстап шығып, наразылық білдірді. Желіде тараған видеолардан тұрғындардың "Бізге өмір бойы билікте отыратын император керек емес" деп Си Цзиньпинге қарсы ұрандатқаны естіледі.

Ақ парақ Қытайдағы қазіргі наразылықтың символына айналды. Пекин, 27 қараша 2022 жыл.
Ақ парақ Қытайдағы қазіргі наразылықтың символына айналды. Пекин, 27 қараша 2022 жыл.

Ал Ухань қаласынан тараған видеоларда жүздеген адам көшеге шығып, Covid жайлы жазылған плакаттар мен тест тапсыратын палаткаларды қиратқаны көрінеді. Ланьчжоу қаласын тараған видеоларда адамдар тест тапсыратын палаткаларды қиратқаны байқалады.

Пекиндегі Цинхуа университетінде ондаған адам карантинге қарсы бейбіт наразылыққа шығып, әнұран айтқан. Бұл наразылықтың да видеосы интернетте тарады.

Желі мен интернетте тараған видеоларды тәуелсіз дереккөздерден нақтылау қиын.

ZERO-COVID САЯСАТЫ ДЕГЕН НЕ?

Коронавирус тараған соң Си Цзиньпин zero-Covid саясатын шығарған. Бұл саясатқа сай, қаладан коронавирус жұқтырған бірнеше адам табылса бүкіл қала карантинге жабылып, тест тапсыру міндеттеледі.

Алайда карантин шаралары қатаң болса да, кейінгі күндері Қытайда күніне 35-40 мың адамнан коронавирус табылып жатыр.

Қытай басшысы Си Цзиньпин.
Қытай басшысы Си Цзиньпин.

Пекин бұл саясаты адам өмірін сақтайды және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақты азайтады деп санайды. Ресми билік елде наразылық күшейсе де, zero-Covid саясатынан бас тартпайтынын айтады.

Қытай сыртқы істер министрлігі коммунистік партия коронавирусты күресті нәтижелі аяқтайтынына сенеміз деп мәлімдеді. Ал саяси талаптарға реакция білдірмеді.

ҚЫТАЙДАҒЫ СИРЕК НАРАЗЫЛЫҚ

Си Цзиньпин билік құрғалы Қытайда халықтың көшеге шығып наразылық танытуы сиреп кеткен. Халық билікке наразылығын көбіне әлеуметтік желіде білдіретін. Ал Пекин желіде наразылық күшейгенде цензураға жүгінеді.

Қазіргі наразылық Си үшінші рет Қытай басшысы болып сайланғаннан бір ай өткенде болып жатыр.

"Бұл Компартияға үлкен қысым болады. Бұған билік репрессиямен жауап беріп, наразылыққа шыққандарды ұстап, жауапқа тартуы мүмкін" дейді Йель университетінің саясаттану доценті Дэн Маттингли Reuters агенттігіне.

Маттингли Қытайдағы қазіргі наразылық 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңындағы наразылықтай үлкен емес деп санайды. Сарапшы "әскер мен қытай элитасы қазір Си Цзиньпиннің жағында, сондықтан оның билігіне төнер қауіп аз" дейді.

Жексенбіде Компартияның Шыңжаңдағы хатшысы Ма Синжуй "карантин шараларын бұздырмау үшін қолдан келгеннін бәрін жасауды" тапсырды.

"Түйе қарға көміліп қалыпты". Шыңжаңда қар қалың түсіп, мал-жан қиындық көріп жатыр.
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:26 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG