Өзбекстан Кремльдің "газ одағын құру туралы" ұсынысын салқын қабылдады. Ташкент "ұлт мүддесіне қауіп төндіруі мүмкін саяси шарттармен келіспейді". Бұл жөнінде Reuters басылымы жазды.
"Ресеймен газ келісімі жасалған күннің өзінде бұл одақ болады дегенді білдірмейді" деді Өзбекстан энергетика министрі Жорабек Мырзамахмудов.
Оның айтуынша, Ресей газын Қазақстан құбыры арқылы тасымалдау бойынша келіссөздер болған, алайда бұл одақ емес, "техникалық келісімшарт".
Ол Кремльден "газ одағын құру" бойынша ұсыныс түспегенін де жеткізген.
"Егер біз өзге елден газ импорттасақ, тек коммерциялық, сауда келісімі негізінде ынтымақтастық орнатамыз. Біз ешқашан саяси шарттарды газға айырбастамаймыз. Біз ұсынылған шарттармен келіскен жағдайда ғана газ келісіміне қол қоямыз" деді ол.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің 28 қарашада Мәскеудегі келіссөзінде "Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы Ресей газын тасымалдау жұмыстарын үйлестіру мақсатында құрамына Ресей, Қазақстан, Өзбекстан кіретін "газ одағын" құру мәселесін қарастырғаны белгілі болған еді. Бұл қоғамда қызу талқыланған.
Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко 30 қарашада журналистерге "газ одағы" бойынша түпкілікті шешім қабылданбанғанын мәлімдеген. Ол президент Тоқаевтың Кремль ұсынған "үштік газ одағын құру" идеясын "мұқият зерттейтінін" атап өткен.
Қазақстан мен Өзбекстанның Ресеймен ортақ газ құбыры бар. Түркіменстаннан Қытайға тасымалданатын газ құбыры да Өзбекстан, Қазақстан аумағы арқылы өтеді.
Сарапшылардың пікірінше, Ресей Украинаға басып кірген шақта Орталық Азия елдері өздерін Кремльден алшақ ұстауға тырысып жатыр. Орталық Азия елдерінің ешқайсысы Кремль басқыншылығын қолдаған жоқ. Мәскеуге экономикалық тұрғыда тәуелді Қазақстан мен Өзбекстан басқыншылықты ашық айыптаған да жоқ.
Reuters жазуынша, Өзбекстан кейінгі күндері газ тапшылығына ұшыраған. Өзбекстан энергетика министрінің айтуынша, қысқы маусымға көшу Қытайға күніне 6 млн текше метр газ экспорттайтын Ташкентті газ көлемін азайтуға мәжбүрлеген.
ПІКІРЛЕР