Алматының тергеу соты қазақстандық белгілі журналист Михаил Козачковты екі айға тұтқындады. Журналисті ұстаған қаржы мониторинг агенттігі таратқан ресми ақпаратта Козачковтың "ұйымдасқан қылмыс тобына астыртын көмектескен" деген күдікке ілінгені айтылады. Алматыда қоғамдық ұйым өкілдері Козачковтың ұсталуына байланысты баспасөз жиынын өткізді. Журналистерді қорғау комитеті де оның құқын қорғап сөйледі. Қазақстанда кейінгі жарты жылда журналистің қылмыстық қудалауға ұшырауы осымен екінші рет болып отыр.
АЙЫП ТАҒУ, ҚАМАУҒА АЛУ
20 желтоқсанда Алматы қаласының тергеу соты "Время" газетінің тілшісі, Kozachkov offside деген атаумен танымал telegram-каналдың авторы Михаил Козачковты екі айға қамауға алуды сұраған тергеу органының өтінішін орындады.
Содан екі күн бұрын қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) журналист Козачковтың ұсталғанын хабарлаған. Президентке бағынатын бұл органның міндетіне қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыруға, басқа да қаржы және экономикалық қылмыстармен күрес жатады.
Агенттік өкілдері журналистің пәтерінде тінту жүргізген. Козачковтың әйелінің адвокаты екенін айтқан Анна Вертельникова тінтуге өзін қатыстырмағанын айтты.
Үйін тінтігеннен кейін журналисті уақытша ұстау изоляторына қамаған.
ҚМА таратқан баспасөз баяны мен бейнероликте журналистің Болат Назарбаевтың (бұрынғы президент Нұрсұлтан Наззарбаевтың інісі – ред.) көмекшісі Елдос Қоспаевқа байланысты қылмыс тобына рейдерлік жасауға көмектескен" деген күдікке ілінгені айтылған. [Агенттік материалдарында деректер күдік расталған сияқты сыңайда келтірілген]. Роликте мейрамхананың бейнебақылау камерасынан түсірілген видеодан үзінділер мен журналисті аңдыған кезде түсірілген болуы мүмкін суреттер көрсетіледі.
ҚМА мәлімдемесінде Козачковтың Қоспаевқа "рейдерлік шабуыл жасалған адамдарға ақпараттық шабуыл жасау" қызметін көрсеткені, сол қызметі үшін қыруар ақы алғаны айтылған.
Сонымен қатар агенттік хабарламасында журналистің "БАҚ заңын бұзып, жалған мәліметтерді, банк, отбасының және заң бойынша қорғалатын өзге де құпия деректерді таратқаны", адамдардың "беделін түсіретін мақалалар жариялағаны", "мемлекеттік құпия саналатын мәліметтерді заңсыз жинау және тарату" деген күдік бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқаны айтылған.
Видеороликте Алматыдағы "Есентай Сити" жобасында үлесі бар кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровтың да есімі аталады. Биыл шілдеде ол ақша ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, жеті жылға сотталған еді. Сол кезде кәсіпкердің туыстары оған қарсы істі Болат Назарбаевтың рейдерлік әрекеттерінің бір бөлігі деп атаған еді.
Қазақстандық кәсіпкерлер "бұрынғы президенттің інісі рейдерлікпен айналысқан" деп бірнеше рет мәлімдеген. Болат Назарбаевтың өзі я өкілдері мұндай сөздерге байланысты пікір білдірген емес.
ҚОҒАМ РЕАКЦИЯСЫ
Михаил Козачков "Время" газеті мен әлеуметтік желідегі аккаунттарында сыбайлас жемқорлық, мемлекет органдарының, соның ішінде күш құрылымдары өкілдерінің заңсыз іс-әрекеттері туралы сыни материалдар жариялап тұрған. Сонымен қатар ол күмәнді сот шешімдері туралы да жиі жазған. Кейбір жазбаларында оған қоқан-лоқы көрсетілгенін де айтқан.
"Время" редакциясы журналисті қудалауды оның жұмысымен байланыстырып, "репрессияға ұшырады" деп атады.
"Михаилдың жазбалары көптеген жоғары шенді шенеунік пен күш құрылымы өкілдерінің көзіне шөңке болғаны ешкімге жасырын емес. Олар осылайша Козачковтың үнін ұзақ уақытқа өшіргісі келетін сияқты" деп жазды редакция 18 желтоқсанда.
Ертесіне Козачковтың достары мен әріптестері оның желіде пайда болған хатты жазғанын айтты.
Ол хатта журналистің қамауға алыну себебі қаржы пирамидасы мен оған қаржы мониторингі агенттігі төрағасы Жанат Элимановтың әйелінің қатысы бар деген жазба екені айтылған. Агенттік төрағасы да, ведомство да бұған пікір білдірген жоқ.
Әбдіғаппаровтың ісіне қатысты жазбаға келсек, Козачковтың атынан жарияланған хатта соттың кәсіпкердің кінәсін дәлелдегені айтылған.
"Бірақ тергеушілерді, прокурорлар мен судьяларды ешкім рейдерлік жасады деп айыптамайды, ал бұл туралы бірнеше мақала жазған журналисті изоляторға жібереді" дейді жазба авторы.
20 желтоқсанда, сот тергеу кезінде Козачковқа бұлтартпау шарасын белгілеу мәселесін қарастырып жатқанда, Алматыда "қамаудағы Михаил Козачковтың жағдайына қоғам пікірі" деген тақырыппен баспасөз жиыны өтті.
Спикерлер бұл шара ұсталған адамның конституциялық құқығы мәселесіне арналғанын айтты.
Баспасөз мәслихатында құқық қорғаушы Евгений Жовтис "журналистерге, оппозициядағы саясаткерлерге немесе құқық қорғаушыларға байланысты кез-келген жағдайда "әлдеқандай саяси астары болуы мүмкін" деген күдік туады" деді. Сондықтан мұндай жағдайда барлық процедура қатаң сақталуы керек дейді Жовтис.
– Адам жасаған ісіне жауап беруі керек. Тек ол үшін конституциялық құқықты мүлтіксіз сақтау керек, өйткені оны бұзса, процесске күмән туады, – деді құқық қорғаушы.
Баспасөз жиынында Namys партиясын құру жөніндегі бастама тобының жетекшісі, саясаттанушы Санжар Боқаев қоғамда агенттікке қояр сұрақ көп екенін айтып, елде "қайта бөліс" жүріп жатыр деп мәлімдеді.
– Бұл іспен неліктен ҚМА айналысып жатыр? Кейінгі жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзінің негізгі міндетінен алыстап, қаржы қылмыстарымен айналысып кеткені есімде. Бүкіл жерде не меншікті, не ықпалды бөліске салып жатыр. Әр мемлекеттік орган өз құзыреті шеңберіндегі мәселелермен ғана айналыссын деген мәселені көтеру керек, – деді Боқаев.
– Бұл жерде саяси мәселелермен айналысатын адамды айыптау, беделін түсіру, қысым көрсету бар. Әр адамда ашық тергеу [құқығы], кінәсіздік презумпция құқы болуы керек. Қазір мұны көріп отырған жоқпыз, – деді белсенді Тоғжан Қожалы Козачковтың ісі туралы.
Баспасөз жиынына келгендердің арасында Козачковты "мақаланы өзгенің тапсырысы бойынша жазады" деп жазғырғандар да болды. Қамауда отырған кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровтың әйелі Ольга Әдіғаппарова бір кездері қоғам оның күйеуін қолдамағанын, журналистің кінәлі екеніне сенімді екенін айтты.
– Козачков күйеуімді айыптап, сот басталмай тұрып қылмыскер деп атаған кезде... Қазір неге мына жиынды ұйымдастырып, Козачковты қорғап отырсыздар? – деді ол.
Жиында қаржы пирамидасына қатысы бар деген күдікпен үстінен іс қозғалып, қазір қамауда отырған вайнер, блогер Мейіржан Төребаевтың әйелі Дана Есеева да сөйледі. Ол "заң бұзбаған күйеуін Козачков қылмыстық іске тартқанын" айтты.
Әбдіғаппаровтың туысы екенін айтқан тағы бірнеше адам журналистің жазбаларынан жапа шеккенін мәлімдеді. Олар спикерлердің жауабын күтпестен, бірінен соң бірі бастырмалата сұрақ қоюмен болды. Ақырында модератор баспасөз жиыны аяқталғанын жариялады.
19 желтоқсанда "Әділ сөз" қоры журналист Михаил Козачковтың ұсталуына байланысты Қазақстан президентіне үндеу жасады. Ұйым Козачковтың "конституциялық құқықтары өрескел бұзылып жатқанын" айтып, оны дереу босатуды өтінген.
Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Козачковтың ісіне байланысты Facebook парақшасына пост жариялады. Желдібай іс Қазақстан заңына сәйкес тең құқықтар шеңберінде қаралуға тиіс деп жазды.
20 желтоқсанда Бас прокуратура журналистің құқы бұзылған деген хабарды тексеріп жатқанын, тергеу барысын бақылауға алғанын хабарлады.
Тура сол күні штаб пәтері Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" халықаралық үкіметтік емес ұйымы Михаил Козачков туралы мәлімдеме жасады. Ұйым "мемлекет шенеуніктерін, құқық қорғау органдары мен ықпалды кәсіпкерлері айыптап жазбалар жариялаған танымал журналистің" ұсталғанына алаңдап отырғанын айтқан.
"Қазақстан билігі айып сипаттамасын ашып, ашық әрі бейтарап тергеуге дейін Козачковты босатып, оның құқықтары толық сақталуын қамтамасыз етуі керек" деді CPJ бағдарламасының Еуропа мен Орталық Азия жөніндегі үйлестірушісі Гүлноза Саид.
Қазақстанда кейінгі жарты жылда осымен екі журналист қамауға алынды. Шілдеде Астанада журналист Махамбет Әбжан екі айға қамалған. Ол "ақша бопсалады" деген күдікке ілінген.
"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының "Баспасөз еркіндігі индексінде" Қазақстан әлемдегі 180 елдің ішінде 122-орында тұр. Қазақстан баспасөз еркіндігі нашар мемлекеттердің біріне жатады.
ПІКІРЛЕР