Accessibility links

Жұмыстан қағылмас үшін айлығын бөліседі, көше тазалайды. Түркіменстандағы шарасыздықтың жаңа межесі


Ашғабат көшесінде шелек ұстап кетіп бара жатқандар әйелдер. Бейтарап сурет.
Ашғабат көшесінде шелек ұстап кетіп бара жатқандар әйелдер. Бейтарап сурет.

Түркіменстанда мемлекеттік қызметкерлер жалақысының бір бөлігін үкімет бастаған қайырымдылық қорларына, мекемені жөндеу жұмыстарына өткізуге тиіс. Сонымен қатар олар көше тазалап, парадтарға қатысуға міндетті, әйтпесе жұмыстан қағылады.

Жақында елдің барлық аймағында мемлекеттік қызметкерлерді айлығының елеулі бөлігін елдің қазіргі билеушісі Гурбангулы Бердімұхамедовтің қайырымдылық қорына өткізуге міндеттеген. Қор Түркиядағы жер сілкінісінен жапа шеккендерге жылу жинап жатыр деп түсіндірген.

Елдің батысындағы Балқан уәлаятының мемлекеттік мәдени орталығында жұмыс істейтін екі қызметкер жалақысының жартысын сол қорға беру жайлы тапсырма түскенін хабарлады. Аты-жөнін жасыруды сұраған олар айлығы 430 доллар шамасында екенін айтты.

"Кей қызметкерлер мұндай жүкті көтере алмайтынын айтты. Бастықтар не төле, не жұмыстан кету жөнінде өтініш жаз деді. Бәрі төледі" дейді бір қызметкер.

Мемлекеттік сектор қызметкерлері үшін жұмыстан қағылу ауырға соғады. Өйткені Түркіменстанда жұмыссыздық өршіп тұр, басқа жұмыс табу қиын.

Түркіменстан – табиғи газға бай мемлекет. Осы табиғи ресурстың қоры бойынша әлем елдері арасында төртінші орында тұр. Алайда ел халқы кедей, азық-түлік тапшылығына душар, шарықтаған инфляциядан жапа шегіп отыр, жұмыс жоқтың қасы.

Көбі үкіметтің ел жағдайын жақсарта алмауына себеп ретінде жемқорлық пен басқару дұрыс болмағанын айтады.

Кейінгі жылдары ел экономикасы тұрақты құлдырап, үкімет жәрдемақылар мен субсидияларды азайта бастады. Тұрғындар бұрын тегін болған газ, жарық және су үшін ақы төлеуге міндетті болды. Үкімет халық мұқтаж азық-түлікті субсидиялайды. Бірақ субсидияланатын азық-түлік мемлекеттік дүкендердің сөресінен көрінбегелі бірнеше жыл болды.

Оның орнына билік қалыпты жағдайда тегін көрсетілетін мемлекеттік қызметтер үшін ақы талап ете бастады.

Аймақтарда мемлекеттік қызметкерлер офистерін, мұғалімдер мен ата-аналар мектептер мен балабақшаларды жөндеуге ақша төлеуге тиіс.

2021 жылы елдің оңтүстік-шығысындағы Мары уәлаятында мектеп әкімшілігі ақша жинау науқанына мемлекеттен жәрдемақы алатын жетім оқушыларды жұмылдырған. Әкімшілік олардың туыстарына не қамқоршысына "сендер мемлекеттен көмек аласыңдар, жылына бір рет мектепті жөндеуге 30 доллар берсеңдер, қиналып қалмайсыңдар" деген. Мұны сол кезде осы әңгіменің куәгері Азаттық радиосының Түркімен қызметінің тілшісіне айтқан.

Мемлекеттік медианың хабарлауына қарағанда, елде үкімет беретін айлық жәрдемақының орташа көлемі – 122 доллар. Орташа айлық жалақы – 715 доллар. Түркімен азаматтарының көбінің айтуынша, бұл ақша азық-түлік пен коммуналдық қызмет ақысын жабуға әрең жетеді.

Мемлекеттік қызметкерлердің хабарлауынша, оларды көшет, ту, Жаңа жыл шыршасын, Бердімұхамедов кітаптарын сатып алуға міндеттейді.

Сонымен қатар әрбір қызметкер мемлекеттік басылымдарға жазылуға міндетті. Бірақ жазылған күннің өзінде газет-журналдың келуі екіталай.

Түркіменстанның Каспий теңізінің жағасында орналасқан Аваза дейтін курорт қаласы бар. Бірақ демалыс орындарының ақысы өте қымбат болып, көбіне бос тұрады. Жаз мезгілінде мемлекеттік қызметкерлер осы курортты аймаққа жолдама алуға мәжбүр.

ПАРАДТЫ БӘРІ ЖАҚСЫ КӨРЕ МЕ?

Мемлекеттен жалақы мен зейнетақы алатындар билік ұйымдастырған фестивальдарға, көрмелерге, парадтарға және сауықтыру шараларына қатысуға міндетті. Билік осы шаралар арқылы гүлдену мен бақытқа кенелудің бейнесін жасағысы келеді.

Мемлекеттік медиа ресми жиындар кезінде ұлттық нақышта тігілген, түсі мен формасы бірдей жаңа шапан киген егде жастағы адамдарды көрсетеді. Әйелдер де ұлттық киім киіп, орамал тағып, көрмелер мен өзге шараларда жүреді. Бірақ олар сол киімдді қоғамдық шараға киіп барғаны үшін ақы төлеуге мәжбүр.

Егер қандай да бір аймаққа президент келетін болса, жергілікті билік мемлекеттік қызметкерлерді негізгі міндетінен босатып, көше тазалау, газон ору, ағаш егу секілді жұмыстарға салады.

Жұмыстан қағылмау үшін табысы мен уақытын құрбан етуге мәжбүр болған мемлекеттік қызметкерлер енді еркіндігінен де айырылып жатыр.

Бюджеттік қызметкерлердің көбі мен олардың туыстары шетелге шығарда қолданылатын төлқұжаттарын өткізуге міндеттелді. Кейінгі жылдары елде халық саны тұрақты азайып, түркімен билігі жұртты ел ішінде күштеп ұстауға көшті.

Сонымен қатар үкіметке жұмыс істейтін әйелдер қасы мен тырнағын боямауға, пластикалық ота жасатпауға міндетті. Ал ерлер шашын боямауға, сақал өсірмеуге тиіс.

Бейресми тыйымдарды мекеме басшылары мәлімдеген. Оның орындалуын қадағалап отырған да солар.

"Бұл шектеулер, төлемдер, аударымдар – бәрі де жалақысы көп емес жұмыс орнын сақтап қалу үшін" дейді Стамбулда тұратын түркімен азаматы. Ол да аты-жөнін жасыруды сұрады. Түркіменстанда тұратын туыстарына қысым көрсетіледі деп қауіптенеді.

Оның айтуынша, жұрт осының бәріне төзуге мәжбүр, өйткені басқа амалы жоқ. Жеке секторға барса, жұмыс таба алмайды; елден кетіп қалайын десе, ол да қиындатылған.

"Олар сол ортада тірі қалу үшін осының бәріне шыдауға мәжбүр" дейді ол.


Азаттық радиосы Түркімен қызметінің хабарына сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG