Accessibility links

Өзгерістен үміт бар ма? Парламент сайлауы туралы 5 түйін


Алматыдағы №254 сайлау учаскесі. 19 наурыз, 2023 жыл
Алматыдағы №254 сайлау учаскесі. 19 наурыз, 2023 жыл

Осы жексенбіде Қазақстанда өткен парламент сайлауынан не түйдік? Өзгерістен үміт бар ма? Қазақстанда саяси бәсеке артып, саяси плюрализмге жол ашыла ма?

Бұл сайлау Қазақстанда 238 адам қаза тауып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі нығайған Қаңтар оқиғасынан кейінгі бірінші саяси циклдің нүктесін қойды.

Қаңтар оқиғасы кезінде халық саяси өзгерістерді талап еткен соң, Тоқаев бірқатар реформа ұсынған. Сайлау туралы заңды өзгертіп, "бұл бәсекеге толы саяси жүйе қалыптастырады" деп уәде берген.

Бірақ биылғы сайлау шынымен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында өткен сайлаулардан ерекше болды ма?

1. БИЛЕУШІ ПАРТИЯ БАСЫМДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛҒАН ЖОҚ

Билік партиясы "Аманат" биылғы сайлауда алдыңғы жылдармен салыстырғанда аз дауыс жинағанымен, бәрібір басқа партиялардан басым түсті. Парламенттегі орындардың 70 пайызы партиялық тізім бойынша сайланады, мұнда "Аманат" тағы да көш бастап тұр.

2021 жылғы сайлауға партия "Нұр Отан" атымен түсті, ол кезде оны президенттіктен кетсе де, төрағалықты бермеген Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған. Ол жолы билік партиясы 71 пайыз дауыс жинады. Бұл 2016 жылғы 82 пайыздан әлдеқайда төмен еді.

Қаңтар оқиғасы кезінде билік партиясының кеңселері шабуылға ұшырады, Тоқаев Назарбаевты төраға қызметінен алып тастады. Кейін партия атауын ауыстырып, Конституцияға президенттің партияға мүше болуына тыйым салатын түзету енгізіп, “Аманаттан” шығып кетті.

Биылғы сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша, "Аманат" 54 пайыз, "Ауыл" партиясы 11 пайыз дауыс жинаған.

Енді мәжілісте "Аманаттан" басқа бес партияның өкілдері мен бірмандатты округ бойынша сайланған 29 депутат болады.

Сонда бұл енді "Аманат" өзімен теңдестердің арасында оқ бойы озық тұр дегенді білдіре ме?

Олай емес.

Бірмандатты кандидаттарға бөлінген 29 орынға таласқан 400 үміткердің көбі "Аманат" партиясының өкілдері болды.

Сайлаудың алдын ала нәтижесіне қарағанда, бірмандатты округтерден сайланатын депутаттарға бөлінген орындардың 23-і "Аманат" партиясының мүшелеріне тиген. Сонда партия мәжілістегі 98 орынның 60-ына ие болғалы отыр.

Өткен айда "Курсив" іскерлік басылымының шолушысы Николай Кузьмин айтқандай, "Аманат" жалпыұлттық механизмі бар жалғыз партия болып отыр.

"Аманаттың" өңірлік филиалдары, медиахолдингі, әлеуметтану бойынша зерттеу қызметі, жастар қанаты, әлеуметтік желіде белсенділері мен жақтастары бар. "Халықпен жұмыс істеу, қоғамдық пікірге ықпал ету мүмкіндігі бойынша билік партиясына тең келетін ұйым жоқ" дейді сарапшы.

Сондықтан партияға үкімет емес, үкіметке партия көбірек керек.

2. ЛАС ӘДІСТЕР

Сайлау Шымкенттегі даудан басталды. Дауыс беру басталмай тұрып, желіде сайлау хаттамасына ұқсайтын құжаттар жарияланды. Өкілетті тұлғалардың бұл заңбұзушылықты талқылаған аудиожазбасы да шықты.

Тәуелсіз кандидаттар сайлау алдында видео жазып, үндеу жасады.

"Қанды Қаңтар қайталанғанын қаламаймыз" деді Өмірбек Шыныбекұлы. Ол Тоқаевтан Шымкент қалалық әкімдік жұмысын тоқтатуды, осы заңбұзушылыққа қатысты зерттеу жүргізуді талап етті.

Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев желіде жүрген құжаттар жалған екенін айтып, заң бұзылғанын жоққа шығарды.

Одан бөлек, осыған дейінгі сайлауларда тіркелген бюллетеньдерді топтап салу, бір адамның бірнеше сайлау учаскесінде дауыс беруі сияқты заңбұзушылық көп кездесті.

Сайлау қорытындысы, наразылық, бақылаушылардың бағасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:16:19 0:00

Алматы облысындағы бір ауылда бюллетеньді топтап салу фактісі тіркелген. Бұл жағдай бойынша жергілікті сайлау комиссиясының хатшысы мен бір өкілі қызметінен шеттетілді.

Бірақ мұндай заңбұзушылықтар Қазақстандағы сайлау жүйесінің ерекшелігіне айналып кеткен сияқты.

ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының сайлауды бақылау миссиясы 20 наурызда жариялаған мәлімдемесінде "Бақылаушыларымыз өздері болған 128 cайлау учаскесінің 58-інде процедуралық қателерге байланысты дауыс санау процесін теріс бағалады" делінген.

Миссия жергілікті және халықаралық бақылаушылар жұмысындағы шектеулерге қатысты алаңдаушылық білдіріп, "дауыс санау процесі әділ жүрді ме?" деген сұрақ туындап отырғанын жазды.

3. ОППОЗИЦИЯҒА ОРЫН ЖОҚ ПА?

Сайлауға қатысқан жеті партияның бірде-бірі билікке қарсы шығатындай пәрмен көрсетпегендіктен, бірмандатты округтердегі кандидаттар саяси науқанды сәл де болса қызықты ете түскендей болды.

Өзін-өзі ұсынған кандидаттар 20 жылда бірінші рет парламент сайлауына түсіп отыр.

Бірақ билік өзіне ашық қарсылық білдіріп жүрген Инга Иманбай, Лұқпан Ахмедияров сияқты кандидаттарды сайлауалды науқанға өткізбейтіндей көрінген.

Екі кандидат та сайлауда жеңіске жете алмады. Олар дауыс беру кезінде заңбұзушылықтар болғанын айтты.

Ахмедияров Facebook-парақшасына бюллетеньдерді топтап салу сәті түсірілген видеоны жариялап, "Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы сайлау учаскесінде ашық заңбұзушылық жасалып жатыр" деп жазды.

Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыппен үйқамақта отырған Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай белгілі баспагер Ермұрат Бәпидің пайдасына көп бюллетень топтап салынғанын мәлімдеді.

Бәпи – бүкіл саналы ғұмырын билікке оппозицияда өткізген адам. Сондықтан ол мәжіліске өткен депутаттар арасында ерекше көзге түседі.

Бірақ оппозицияда жүрген белсенділердің бір бөлігі Бәпиді режиммен келісімге келді деп айыптап отыр.

Иллюзия ма, өзгеріс пе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:13:04 0:00

Сайлауға қатысуға ниет білдірген 50-ден астам оппозиция өкілі мен белсенділер кандидаттар тізімінен түсіп қалған. Билік бұған табыс декларациясындағы қателер мен үгіт-насихат жүргізу ережесінің бұзылуын себеп қылған.

ЕҚЫҰ миссиясы мұндай болмашы қате үшін сайлаудан шеттету сияқты жаза қолдану тым ауыр деп есептейді.

4. АЛМАТЫ МЕН АСТАНАДАҒЫ АПАТИЯ

Қазақстандағы ең ірі қала, Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ошағына айналған Алматыда дауыс бергендер саны үнемі төмен болады. Бұл жолы да сайлау комиссиясы мүшелерінің іші пысып отырды.

– Бұрын-соңды сағат 7.10-ға дейін ешкім дауыс беруге келмейтін жағдай болмайтын. Ең белсенді сайлаушыларымыз – зейнеткерлер де көрінбейді. Ұмытып кетпесін деп, қолдарына шақырту таратып шығып едік, – деді Ұлттық кітапханадағы сайлау комиссиясының төрайымы Бақытжамал Оспанова.

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Қазақстан бойынша сайлаушылардың 54,19 пайызы дауыс берген. Алматыда бұл көрсеткіш 26 пайыз, Астанада 42 пайыз болды.

Халықаралық бақылаушы, ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясы Австрия делегациясының басшысы Райнхольд Лопатка сайлау күні астанада белсенділік төмен болғанын айтты.

"Қазір екі адам дауыс беріп жатыр. Бұған дейін бірде-бір сайлаушы келген жоқ. Өзім барған тағы бір сайлау учаскесінде сайлаушылардың бір пайызы ғана дауыс беріп үлгерген еді" деді Ұлттық опера театры ғимаратындағы ахуалды сипаттаған бақылаушы. Күндіз бұл жерде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев дауыс берген.

ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы "дауыс беріп жатқан сайлаушылар саны мен қатысқандар саны жөніндегі ресми алдын ала есеп арасында үнемі сәйкессіздік болды" деп жазды.

5. ЖУРНАЛИСТЕР АЛДЫНА ШЫҚПАҒАН ПРЕЗИДЕНТ

Тоқаев пен Назарбаев сайлау күні дауыс беруге келгенімен, екеуі де журналистер сұрағына жауап берген жоқ.

Журналистерге президент таңғы 9-да Астанадағы оқушылар сарайында дауыс береді деп айтылған. Бірақ президент журналистерден бұрын таңғы 7-де келіп дауыс беріп кеткен. Ақпарат министрлігі "президенттің жұмыс графигі өзгеріп кетті" деп ақталды.

Қарашада өткен президент сайлауында Назарбаев Қаңтар оқиғасына байланысты "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыппен жауапқа тартылып жатқан бұрынғы серіктесіне қатысы жоғын айтқан.

Бұл жолы Назарбаев дауыс берген соң, журналистер сұрағына жауап бермей кетіп қалды. Журналистерді бұрынғы президенттің күзетшілері бөгеп тұрды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG