Accessibility links

"Саяси астары бар қудалау". Белсенді Аслан Өтепов неге қамауда отыр?


Аслан Өтепов сот залындағы әйнекпен қоршалған орында отыр.
Аслан Өтепов сот залындағы әйнекпен қоршалған орында отыр.

Оралда жергілікті белсенді, "Халық жемқорлыққа қарсы" қоғамдық бірлестігінің басшысы Аслан Өтеповтің соты өтіп жатыр. Жетімдер құқығын қорғап, "Трамадол" препаратын дәріханадан тыс жерде сатуға қарсылық білдіруімен танылған заңгерге "алаяқтық жасады", "пара беруге итермеледі" деген айып тағылған. Өтепов бұл іс "қолдан ұйымдастырылғанын" айтады, ал құқық қорғаушылар "белсендіні қудалаудың саяси астары бар" деп біледі.

Оралдық белсенді Аслан Өтепов 2023 жылға бірер сағат қалғанда қамауға алынды. 31 желтоқсанда Орал соты 45 жастағы заңгерді тергеу аяқталғанша уақытша қамауға алу туралы қаулы шығарған. Өтепов Жаңа жылды отбасымен дастархан басында емес, жалғыз адамдық камерада қарсы алды.

Бір күн бұрын Өтеповті полиция ұстап әкеткен. Полиция белсенді қылмыс жасады деген күдікке ілінгенін айтқанда, Өтеповті танитын жұртшылықтың төбесінен жай түскендей болды.

"ХАЛЫҚТЫҢ МӘСЕЛЕСІНЕ НЕМҚҰРАЙДЫ ҚАРАМАЙТЫН АЗАМАТ"

Аслан Өтеповтің аты 2020 жылы көктемнен бері жаңалықтарға шыға бастады. Сауда-саттықпен айналысып жүрген кәсіпкер карантин кезінде бизнес өкілдерін қорғауға кірісті. Пандемия салдарынан ірі сауда орталықтары мен дүкендер жабылып, кәсіпкерлер жеп отырған нанынан айырылды.

"Көп жыл саудамен айналысқан адамдардың дені кәсібін жауып тастады. Өйткені несиеге, жалдау құнын төлеуге, тіпті өмір сүруге ақшасы жоқ. Бұлай жалғаса берсе, мен де сауда орталығындағы дүкенімді жабатын шығармын. Адам сияқты жұмыс істегіміз келеді. Басқа қалалардағы кісілер жұмыс істеп жатыр ғой, неге дәл бізге келгенде бас санитар дәрігер конституциялық құқығымызды бұзып отыр?!" деді Өтепов оралдық саудагерлердің жанайқайын жеткізіп.

Саудагерлер санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті, қалалық әкімдік пен сауда орталығының алдында бірнеше рет рұқсат етілмеген жиын өткізгеннен кейін билік карантин шараларын жеңілдетіп, кәсіпкерлерге жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Жұмыс уақыты шектеулі болса да, саудагерлер кәсібіне оралып, нәпақа таба бастады.

Өтепов кейінірек журналистерге берген сұхбатында сауда орталығындағы дүкенін жауып тастауға тура келгенін айтты. Мамандығы заңгер азамат "Халық жемқорлыққа қарсы" қоғамдық бірлестігін құрған. Аслан Өтепов өзін "елдегі мәселелерге немқұрайды қарамайтын, әділетсіздікпен күресіп жүрген азамат" деп атайтын.

Белсенді жетімдер үйінің түлектеріне мемлекеттен баспана алуға көмектескісі келді. Олар заң бойынша өздеріне тиесілі пәтерін ала алмай, балаларымен бірге Оралдағы санитарлық талаптарға сай келмейтін жасөспірімдер үйінің ескі ғимаратында тұрады. Өзі де балалар үйінде тәрбиеленген Өтепов жетімдер мәселесін биліктің құлағына жеткізуге тырысты. 2021 жылы жасөспірімдер үйінде шенеуніктермен кездесу өткізіп, үкімет пен президентке хат жазды.

2022 жылы көктемде Өтепов "Трамадол" және "Тропикамид" препараттары заңсыз сатылып жатқанына назар аударды. Оралдағы және басқа да қалалардағы жеке үйлер мен пәтерлерде тәуелділік туғызатын дәрілік заттар еркін сатылып жатқанын полиция мен шенеуніктер де мойындайды. Өтепов Instagram-да заңсыз сауда туралы жазба жариялап, сол жерге өзі баратын. Оған бұл деректерді қала тұрғындары жіберіп отырған. Біртіндеп Асланның оқырманы көбейе бастады. "Жұртқа бұл тақырып маңызды" деді ол.

Кейін Өтепов полиция, әкімдік пен қоғамдық кеңес өкілдерінен тұратын арнайы комиссия құрамына қосылды. Топ мүшелері рейдке шығып, "Трамадол" сатушыларды ұстап әкететін. Өтепов заңсыз саудаға күш құрылымдары мен бақылаушы органдардың да қатысы бар дегенді айта бастады.

Аслан Өтепов көпқабатты үйдің маңында опиоидті аналгельтик сатуға қарсы шыққан тұрғындар жиынында сөйлеп тұр. Орал, шілде, 2022 жыл
Аслан Өтепов көпқабатты үйдің маңында опиоидті аналгельтик сатуға қарсы шыққан тұрғындар жиынында сөйлеп тұр. Орал, шілде, 2022 жыл

Аслан Орал тұрғындарын жинап, опиоидті препаратты еркін сату мәселесі өзекті екенін көрсету үшін наразылық акцияларын өткізді. 2022 жылы тамызда әкімдік митинг өткізуге рұқсат беріп, екі күннен кейін шешімін өзгертті.

Өтепов "Трамадолды" есірткі заттарының тізіміне қосуды ұсынған жұмыс тобына кірді.

Заңға ұсынылған өзгерістер жобасымен жұмыс барысында Өтепов "Трамадолды" есірткі заттарының тізіміне қосса, оны таратып, сатқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сонда қазіргідей заңсыз әрі ашық сауда жасап жүргендер айыппұлмен құтылып кете алмайды" деген еді.

Наурыздың аяғында денсаулық сақтау министрлігі "Трамадол" есірткі заттарының тізіміне енгенін хабарлады. Енді бұл препаратты дәріханадан арнайы рұқсатпен ғана сатып алуға болады.

"Трамадолдың" заңсыз сатылуын тоқтату үшін күрескен Өтепов бұл кезде үш айдан бері қамауда отырған.

ӨТЕПОВ САЯСИ ТҰТҚЫН БА? ОҒАН ҚАНДАЙ АЙЫП ТАҒЫЛЫП ОТЫР?

Наурызда Оралдағы қылмыстық сот Аслан Өтеповтің ісін қарауды бастады.

Айыптау тарабының нұсқасы бойынша, былтыр ақпанда Аслан Өтепов кәсіпкер танысы Оксана Байсариевадан 800 мың теңге алған және бұл ақшадан жергілікті шенеуніктерге пара беріп, жеміс пен көкөніс сататын жер алып бермек болған. Оксана жеңілдетілген ипотека алу үшін тағы 100 мың теңге төлегенін айтқан.

Байсариева Өтеповке жемқорлықпен күрес қызметінен алған, арнайы белгісі бар ақшаны (250 мың теңге) берген.

Аслан Өтеповті (ортада) сот залынан әкетіп барады. Ол 2022 жылдың аяғынан бері бері қамауда отыр. Орал, 24 наурыз, 2023 жыл
Аслан Өтеповті (ортада) сот залынан әкетіп барады. Ол 2022 жылдың аяғынан бері бері қамауда отыр. Орал, 24 наурыз, 2023 жыл

Бұл іс бойынша Байсариевадан басқа тағы бір жәбірленуші бар. Ол – Байсариеваның танысы Павлов. Тергеу дерегінше, Өтепов Павловтан да ақша алып, бизнеске құжаттар жасап беремін деп уәде еткен. Іс материалдарында Өтепов Павловқа 2 миллион теңге, ал Байсариеваға 1 миллион 150 мың теңге шығын келтіргені жазылған.

Байсариева сотта Өтеповке қанша ақша бергенін нақты айта алмады. Ол өз түсініктемесінде Өтеповке "көрсеткен қызметі үшін" ақы төлегенін айтқан. Бірақ сомасын көрсете алмаған.

Өтепов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Белсенді "бұл іс қолдан ұйымдастырылған, маған жала жауып отыр" дейді. Ол Байсариева мен Павловтан құқықтық қызмет көрсеткені үшін ақша алғанын жасырмайды. Бірақ іс материалдарында жазылған соманы көрмеген. Өтеповтің айтуынша, электр желісі компаниясы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегі құжаттарын рәсімдеп бергені үшін Байсариева 250 мың, Павлов 100 мың теңге төлеген.

Өтепов заңгер ретінде адамдарға ақылы қызмет көрсетуге құқылы екенін, заңға қайшы әрекет жасамағанын айтады. Адвокат "Өтеповтің белсенділігі біреулерге ұнамаған болуы мүмкін, жәбірленушілер солардың тапсырысымен түсініктеме беріп отыр" деп топшылайды.

– Ол (Өтепов – ред.) кінәсін мойындамайды. Жәбірленушілер мен жемқорлықпен күрес қызметінің әрекетін провокация деп бағалайды. Ол мұның бәрін блогер, белсенді және "Халық жемқорлыққа қарсы" қоғамдық бірлестігінің басшысы ретіндегі қоғамдық қызметімен байланыстырады, – деді Өтепов ұсталған кезде бірден мәлімдеме жасаған адвокаты Руслан Шағатаев.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Өтеповті қудалаудың саяси астары бар деп есептейді. 22 ақпанда оралдық белсендінің аты-жөні саяси тұтқындар тізіміне енді.

Белсендіні саяси тұтқын деп таныған құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі жариялаған мәлімдемеде "Өтепов мырза құқық қорғаушы әрі азаматтық белсенді екенін, өзінің және жақтастарының қауіпсіздік органдары провокация жасады деген мәлімдемесін, оны қамауға алу туралы шешім қабылданғанын ескерсек, бұл істе саяси астар барын байқауға болады. Әділ сот процесі барысында кінәсі толық дәлелденбейінше осындай пікірдеміз" делінген.

Құқық қорғаушылар дайындаған саяси тұтқындар тізімінде қазір 20-ға жуық адам бар. Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар мен саяси мотив бойынша қудалау барын жоққа шығарады.

"ҚАМАУДА ҚАЛАДЫ"

Өтеповтің адвокаты айыпталушының бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады.

– Өтепов заңсыз қамауда отыр. Оны сот залынан босату туралы өтінішімді қанағаттандырмасаңыз, бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстырыңыз. Аслан Өтепов қоғамға қауіпті емес, ол кісі өлтірген жоқ не біреуді зорлаған жоқ. Керісінше, сот залында кінәсіз екенін дәлелдеуге тырысып жатыр, – деді адвокат Руслан Шағатаев.

Адвокат Руслан Шағатаев (ортада) пен Аслан Өтеповтің зайыбы әрі қоғамдық қорғаушысы Айнұр Өтепова сот залында. Орал, 13 наурыз, 2023 жыл
Адвокат Руслан Шағатаев (ортада) пен Аслан Өтеповтің зайыбы әрі қоғамдық қорғаушысы Айнұр Өтепова сот залында. Орал, 13 наурыз, 2023 жыл

Адвокат "Өтепов сот объектив жүргенін қалайды, ол өзіне қарсы іс қолдан ұйымдастырылған деп ойлайды, сондықтан беделін қорғағысы келеді" дегенді жеткізді. Ол Аслан Өтепов жетім екенін, әйелі, кәмелет жасына толмаған үш баласынан басқа ешкімі жоғын еске салды. Шағатаев Өтеповке тағылған айыптар жеке басқа қарсы жасалған қылмысқа жатпайтынын ескертті.

Прокурор Анастасия Семилиди өтінішті қанағанаттандырмауды сұрады. Сот прокурордың сөзін мақұлдады.

Дәл сол күні Аслан Өтепов тергеу изоляторында жеке басына қауіп төнгенін хабарлап, түнде камераға бөтен адамдар кіргенін, ішке тыңдайтын құрылғы орнатылғанын айтты.

Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Азаттықтың сұрағына "Мекемеде тәртіп бұзылған жоқ, изолятордың ішіне бейнебақылау камералары орнатылған, бұл видеолар ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен Бас прокуратураға түседі" деп жауап берді.

Аслан Өтеповтің жақтастары мен оның көмегін көрген адамдар белсендіні қорғауға кіріскен. Олар баспасөз мәслихатын өткізіп, президентке ашық хат жазды; белсендіні қасақана қудалап отыр деп, оған тағылған айыптарға сенбейтінін айтты.

Ақпанда оралдық белсенді Мақсат Айсауытов Аслан Өтеповті қолдап, бейбіт митинг өткізуге өтініш берген. Әкімдік белсенді сұраған алаң бос емес деп, акцияға рұқсат бермеді.

Аслан Өтеповтің соты жалғасып жатыр. Осы аптада белсенді сотта өз дәйектерін ұсынады.

Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық тақырыптарды көтеріп, жемқорлық туралы айтып, жергілікті мәселелерді шешуді талап етіп жүрген белсенділер қызметіне кедергі жасалады, оларға қоқан-лоқы көрсетіледі. Кейде тіпті шабуылға ұшырайды. Халықаралық ұйымдар есебі мен АҚШ мемлекеттік департаментінің әлемдегі адам құқықтарының жайы туралы баяндамасында Қазақстанда билікке жақпайтын белсенділер қудаланатыны жиі айтылады. Астана бұл ескертулерге реакция білдірген емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG