Accessibility links

"Ақша беріп құтылған оңай". Ресей билігі жоғалған сарбазды іздеу мерзімін қысқартпақ


Былтыр мамырда Киев облысында эксгумацияланған Ресей сарбазының шевроны.
Былтыр мамырда Киев облысында эксгумацияланған Ресей сарбазының шевроны.

Наурызда Мемлекеттік думаға жауынгерлерді із-түзсіз жоғалды немесе өлді деп тану мерзімін өзгерту туралы заң жобасы ұсынылды. Заң жобасының авторлары хабарсыз кеткен жауынгерді бұрынғыдай бір жылдан кейін емес, жарты жылдан кейін із-түзсіз жоғалғандар немесе қаза тапқандар тізіміне қосу керек деп есептейді. Сарапшылар "бұл бастамадан кейін қаза тапқан азаматтың туыстары мемлекеттік өтемақыны тезірек алады, бірақ адамды тірі табу мүмкіндігі де азаяды" дейді.

"КҮЙЕУІМДІ ҚАЙТАРСЫН"

Таулы Алтайда тұратын Алтынай және Ілияс Сурасмановтар соғыс басталардан екі апта бұрын үйленген. Көп ұзамай Ілияс Курил аралдарына кетіп, келісімшарт бойынша әскери қызметке тұрған. Алтынай күйеуінің жанына көшуге дайындалып жүрген. Жас жұбайлар келісімшарт аяқталғанша сонда тұрып, кейін Таулы Алтайға ораламыз деп ойлаған.

Әйелі жолға жиналып жатқанда, Ілияс хабарласып, "Бізді Украинаға әкеткелі жатыр" деген. Жақындары "соғысқа барма" деп жалынған. Алтынай күйеуі әскери бұйрықтан бас тарта алмағанын айтады.

26 жастағы кіші сержант Ілияс Сурасманов 2022 жылы маусымда артиллериялық полк құрамында Украинаға жеткен. Содан бері хабар-ошарсыз кеткен. Бірнеше аптадан соң Алтынай мен енесі Ілиясты іздеуге кіріскен. Жауынгер достары 7-8 шілдеде Харьков облысы Изюм ауданында атыс болғанын, содан бері Ілияс қайда екенін ешкім білмейтінін айтқан. 2022 жылы жазда Украинаның қарулы күштері Изюмді ресейліктердің қолынан қайтарып алды.

– Сегіз ай бойы қорғаныс министрлігіне хабарласумен болдық. Әр жолы "іздеп жатырмыз" дейді. Өлі-тірісін білмейміз. Қазір із-түзсіз жоғалғандар тізімінде жүр, – дейді Алтынай.

Ілияс Сурасманов.
Ілияс Сурасманов.

Ілияс соғысқа дейін банктен несие алған: қазір ай сайын картасынан 16-20 мың рубль ұстап қалады. Бірақ Ілиясқа сегіз айдан бері жалақы түспеген. Алтынай әскери бөлім пен банкке хабарласып жүріп, бір айға ғана ақша алған.

– Күйеуге шыға сала, одан айырылып отырмын. Мұндайды жауыма да тілемеймін. Өзегім өртеніп барады. Күйеуімді қайтарсын!

"БІЗДЕН БАСҚА ЕШКІМ ІЗДЕП ЖАТҚАН ЖОҚ"

Байқалдағы Борзя қаласының тұрғыны Ольга да күйеуіне тиесілі ақшаны ала алмай отыр. Отағасы Сергей қыркүйекте мобилизацияға ілігіп, қаңтарда Угледар түбінде із-түзсіз жоғалып кеткен.

– Несиеміз жоқ, бірақ асыраушысыз қалдық. Күйеуім жоғалғалы жалақы төлемей қойды. Оған дейін күйеуім ай сайын ақшасын салып отыратын, соны жинап қойып едім. Қазір үш баламмен соған күнелтіп отырмыз, – дейді ол.

Евгенияның Владивостокта тұратын туысы да соғыста хабарсыз кеткен. Содан бері отбасына ақша төлемей қойған.

– Қайда, қандай жағдайда жоғалғанын білмейміз. Бізден басқа ешкім іздеп жатқан жоқ. Тұтқында шығар деп, Украинаның орыс жауынгерлерінен алған сұхбаттарын үзбей қараймыз, – дейді ол.

"Ана құқығы" қорының басқарма басшысы Вероника Марченконың айтуынша, мемлекет із-түзсіз жоғалған жауынгердің қазасы расталмайынша, оған жалақы аударып отыруы керек. Мұндай жағдайда оның жалақысы әйелі мен балаларына, үйленбеген болса, ата-анасына төленеді. Ақша түспесе, әскери прокуратураға жүгінуге болады.

Сібір, Қиыр Шығыс, Бурятия, Түмен, Жаңа Сібір, Омск, Томск, Амур, Сахалин, Алтай, Красноярск, Приморье өңірлерінің тұрғындары да соғыстағы жақындарының жалақысы кешіккенін немес айлар бойы төленбегенін айтып шағынған. "Жауынгерлер аналары комитеті" одағының басшысы Валентина Мельникова әскери төлемдер саласында әкімшілік коллапс болып жатқанын айтады.

– Жалақы алмағандардың көбі қаза тапқандар тізіміне қосылады. Есеп-қисап тізіміндегі адамдарға құжат рәсімдей салады. Қалғанын дәлелдеп көр. Украинаға басып кіргенде ешқандай бұйрық болмады. Жоғалған адам соғыста болғанын да дәлелдей алмайсың. Мемлекеттің әдісі осылай жұмыс істейді, – дейді келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметкерлердің бірі.

Ақпанда украиналық телеграм-арналарда 155-теңіз жаяу әскері бригадасының құрамында Угледарды шабуылдауға қатысқан ресейлік матрос Никита Фомичевтің сұхбаты жарияланды. Ол "Әскербасылар қаза тапқан жауынгерлердің туыстарына өтемақы төлемеу үшін марқұмдардың денесін майдан алаңында қалдырады. Бригадада өлген азаматтардың мәйіті жиналған жеке қойма бар" деген.

Угледар түбінде жойылған Ресей техникасы. 2023 жылғы ақпан.
Угледар түбінде жойылған Ресей техникасы. 2023 жылғы ақпан.

Бірақ "Азамат пен әскер" қорының басшысы Сергей Кривенко бұл ақпаратқа күмәнмен қарайды.

– Ресейде ақша көп. Мобилизацияға іліккен жауынгерлерге жалақы, соғыста мерт болғандарға өтемақы төлеу – мәселе емес. Командир өліктерді қоймаға жинап қоя алмайды. Өйткені жауынгерлер әскери прокуратураға шағымдана алады. Сондықтан қандай жағдай болса да, мәйітті тауып, түр-тұлғасын анықтап, Ростов ауруханасына жібереді деп ойлаймын. Бірақ қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты марқұмның туыстарына айтпауы мүмкін. Жауынгердің төлқұжаты ведомстволар арасында жүре береді. Сондықтан жақындары Қызыл Крест ұйымына хат жазып, не болып жатқанын біліп отыруы керек, – дейді Кривенко.

Сергей Кривенко.
Сергей Кривенко.

Украинадағы соғыста жоғалып кеткен адамдар туралы деректерді үйлестірумен халықаралық Қызыл Крест ұйымы айналысады. Ұйым тараптарға тұтқындар мен қаза тапқандар туралы ақпарат алмасуға көмектеседі.

14 наурызда депутаттар жауынгерлерді із-түзсіз жоғалды немесе қаза тапты деп тануға қажет мерзімді жарты жылға дейін қысқартуды ұсынды. Қазіргі заң бойынша, хабарсыз кеткен жауынгерлерді бір жылдан кейін ғана із-түзсіз жоғалғандар тізіміне қосып, заңды түрде тіркейді. Мәйіті табылмаса, әскери қақтығыс аяқталғаннан кейін екі жылдан соң сот оны қаза тапты деп тануы мүмкін. Марқұмның жақындары сол кезде ғана мемлекеттен өтемақы алып, мұрагерлік мәселесін де шеше алады. Сергей Кривенконың пікірінше, заңға өзгеріс енгізілсе, марқұмның жақындары өтемақыға тезірек қол жеткізеді. Вероника Марченко бұл пікірге келіспейді.

– Заң жобасының авторлары із-түзсіз жоғалғандар мен қаза тапқан азаматтарға бірдей мерзім белгілеп отыр. Бұл екі санатты қалай ажырататыны белгісіз. Бір жағынан, туыстары үшін жасалып отыр. Бірақ, екінші жағынан, мерзімі қысқарған сайын, жоғалған жауынгерді іздеп, тұтқында болса, алмастырып алу мүмкіндігі азаяды. Ауғанстанда соғыстан кейін 20 жыл тұтқында болған адамдар табылғанын естіген шығарсыз? Шешенстанда 10 жылдан кейін де тірі табылғандар болды. Мерзімді қысқарту нені білдіреді? Оларды мүлде іздемей ме, әлде қағаз жүзінде ғана іздей ме? Бәрінің қалағаны –ақша емес. Жақынын тірі тапқысы келетіндер де бар. Ал заң оларды тірі табуға жеткілікті уақыт беріп отырған жоқ. Мемлекетке жоғалған жауынгерлерді өлді деп, ақша беріп құтыла салған оңай, – дейді ол.

Соғыстың бір жылдығына орай "Новая газета. Еуропа" әлеуметтік желідегі 10 мың жазбаны тексеріп, Украинада жоғалған 1365 ресейлік тұтқын туралы ақпарат тапқан. Сергей Кривенко жоғалғандар саны ресми деректегі соғыста қаза тапты делінген 12 мың адамға тең дейді. "Медиазона" мен BBC-дің орыс қызметінің наурыздың аяғындағы есебі бойынша, хабар-ошарсыз кеткен әскерилер саны 17 мыңнан асып-жығылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG