Accessibility links

Фрэнсис Фукуяма: Қырымнан айырылу Путин үшін ауыр соққы болады


Ресей президенті Владимир Путиннің жыл сайынғы халыққа жолдауы Мәскеу аннексиялап алған Қырым түбегіндегі Севастополь қаласында үлкен ірі экраннан көрсетіліп жатыр. Ақпан айы, 2023 жыл.
Ресей президенті Владимир Путиннің жыл сайынғы халыққа жолдауы Мәскеу аннексиялап алған Қырым түбегіндегі Севастополь қаласында үлкен ірі экраннан көрсетіліп жатыр. Ақпан айы, 2023 жыл.

Стэнфорд университетінің профессоры, саясаттанушы Фрэнсис Фукуяма 1992 жылғы "Тарихтың соңы" атты эссесімен танымал. Ғалым бұл еңбегінде идеологиялар арасындағы күрес аяқталды деп жазады. Фукуяма Азаттықтың Грузин қызметіне берген сұхбатында Украина үшін дәл қазір бейбіт келіссөз бастау неге тиімсіз екенін, Қырымнан айырылу Путинге қандай ауыр соққы болатынын айтып берді.

Фрэнсис Фукуяма – Стэнфорд университетінде жұмыс істейтін америкалық саясаттанушы. Көпшілік оны 1992 жылы жарық көрген, идеологиялар арасындағы тартыс аяқталды деген идеяға негізделген "Тарихтың соңы" атты эссесі арқылы таниды.

Жақында ғалым Тбилисидегі экономикалық саясатты зерттеу орталығында дәріс өткізді. Азаттықтың Грузин қызметі осы кездесуден кейін саясаттанушымен сөйлесіп, Ресей-Украина қарым-қатынасына қатысты пікірін білді.

Фукуяма қос мемлекет арасында шынайы келіссөз бастауға ыңғайлы уақыт қашан келетіні, бітімге келгенде әр тарап неден айырылатыны, Грузияның бейтараптығынан Ресей қандай пайда көріп отырғаны туралы ой бөлісті.

Азаттық: Ресейдің Украинадағы соғысынан бастайық. Украинада не болып жатыр?

Фрэнсис Фукуяма: Украиндердің туған жерін қорғаудағы көзсіз ерлігіне қарағанда, Ресейдің ірі жеңіліске ұшырау ықтималдығы жоғары сияқты. Қазір соғыста кідіріс кезеңі басталды: Ресей бұған дейін Донбасстағы Бахмут қаласын басып аламын деп, көп әскерінен айырылды. Бәрі Украинаның қарсы шабуылын күтіп отыр. Бұл шабуыл соғыстың барысын өзгертетін шешуші шайқас болады деп ойлаймын. Украина оңтүстіктегі Херсон және Запорожье облыстарын азат етсе, шынайы келіссөздер бастауға болады. Біраз уақыт оқ ату тоқтап, тыныштық орнауы да мүмкін. Украинаға бейбіт келіссөздерді дәл қазір бастаған тиімсіз. Өйткені Украина жерінің едәуір бөлігі Ресейдің қолында қалып қояды. Бұл жақсы емес.

Фрэнсис Фукуяма
Фрэнсис Фукуяма

Азаттық: Бейбіт келіссөз басталса, Ресей оккупациялаған Қырымның жағдайы не болады?

Фрэнсис Фукуяма: Қырым Ресейдің бас ауруына айналатын сияқты. Өйткені Украина Херсон облысын қайтарып алса, Қырым Ресейдің қол астындағы өңірлерден ажырап қалады. Ресей мен Қырымның арасын жалғайтын жалғыз теміржол мен бір ғана көпір бар. Украина осы екі күретамырды қиып тастай алады. Ол үшін Қырымды басып алудың да қажеті жоқ. Жай ғана Қырымдағы Ресей әскерін кепілде ұстап отырса, жеткілікті. Ресейдің ең үлкен әлсіздігі – осы.

Азаттық: Геосаяси тұрғыдан алғанда, келіссөз кезінде Ресей Қырымды қайтаруға мәжбүр болса, әлем елдері мен өз азаматтарының алдында жеңілді деп есептеле ме?

Фрэнсис Фукуяма: Ресей Қырымды уысынан шығарып алса, Путин мұны көтере ала ма, білмеймін. Өйткені ол Қырымға қанша күш пен қаржы жұмсады. Сондықтан бұл Ресей үшін ауыр соққы болары анық. Бірақ украиндерге Қырымды қайтарудың қажеті жоқ. Жай ғана қаланы сыртқы әлемнен ажыратып тастаса болды. Кейін осы арқылы Ресейге қысым көрсетеді. Сондықтан бұл Украина үшін үлкен стратегиялық басымдық болар еді.

Азаттық: Сіз айтқан сценарийді қарастырып көрейік: Украина Қырымға басып кірмей, оны қоршауға алды, келіссөздер басталып, Ресейге "Қырымды қайтар" деген талап қойды делік. Ресей мұндай шартқа көне ме?

Фрэнсис Фукуяма: Саяси тұрғыдан алғанда, мұндай шартқа көну қиын болады. "Украина елдің шығысындағы Донбасстың бір бөлігін Ресейге беріп қоюға дайын ба?" деген екінші мәселе тағы бар. Өйткені қазіргі жағдайда Украинаға Донбассты басқару қиын (2014 жылдан бастап Ресей күштері мен сепаратистік топтар орысша сөйлейтін халық көп тұратын Донецк және Луганск облыстарын бақылауында ұстап келеді. Олар Киевті жақтайтын халықты қырып, қудалап, қаладан қуған деген деректер бар). Қос тараптың да айырылатын дүниесі бар кезде келіссөз әлдеқайда шынайы өтеді. Бірақ ресми түрде Ресей Қырымды, Украина Донбассты беруге дайын деп ойламаймын. Сондықтан бейресми келіссөздер керек шығар.

Азаттық: Былтыр Ресей Украинада жеңіледі деп жазған едіңіз. Қазір ойыңыз өзгерді ме?

Фрэнсис Фукуяма: Ол кезде Ресей әскері әлі де Киевті жаулап алып, Зеленский үкіметін құлатуға талпынып жатыр еді. Одан бері көп нәрсе өзгерді: Ресей Украинаның солтүстігінен, Харьков облысынан, Херсон қаласынан кетуге мәжбүр болды. Кремль әлсіздігін көрсетіп қойды. Қазір соғыс тығырыққа тірелгендей көрінеді. Бірақ Украина жол тауып шығады деп үміттенемін. Киевтің өзін қорғауға қауқары жетеді деген сенімім өзгерген жоқ. Тек бұған осынша көп уақыт кетеді деп ойламадым.

Азаттық: Грузияға оралайық. Украинадағы соғыс Грузияға қалай әсер етеді?

Фрэнсис Фукуяма: Грузияға қатты әсер етеді. Тбилиси жолайрықта тұр: не Еуропаға бет бұрып, Еуроодақ пен НАТО-ға қосылады, не Ресейдің соңынан кетеді. Грузияда Еуропаны да, Ресейді де жақтайтын күштер бар. Тбилиси қай бағытты таңдайтыны Украинадағы соғыс қалай аяқталатынына байланысты. Өйткені Ресей күшейген сайын, Грузияның да таңдауы айқындала түседі. Дәл солай Мәскеу Украинада жеңіліс тауып, Путин әлсіреген сайын, Ресейдің айналасындағы елдер көбірек еркіндікке ие бола бастайды. Сондықтан Грузияның тағдыры Украинадағы соғысқа байланып тұр деп ойлаймын.

Азаттық: Көп сарапшы сияқты сіз де Грузия Украинаға жеткілікті қолдау көрсетіп отырған жоқ деп сынайсыз. Тбилисиді ақтап алғым келмейді, бірақ Грузияның қолынан не келеді?

Фрэнсис Фукуяма: Грузия үкіметі ең әуелі Украинадағы соғысқа қатысты позициясын нақты білдірсе болар еді. Тбилисидің бейтарап позициясы Ресейге тиімді. Одан бөлек, Грузия Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесіп жатыр деген ақпарат бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG