Accessibility links

Министрлік Қырымға барған оқушылар туралы: Ата-аналармен әңгіме жүргіземіз


Қара теңіз жағалауындағы "Артек" лагері. Қырым түбегі.
Қара теңіз жағалауындағы "Артек" лагері. Қырым түбегі.

Оқу-ағарту министрлігі Қырымдағы лагерьге кеткен қазақстандық оқушылар осы аптаның аяғында келуге тиіс деп мәлімдеді. Министрлік өкілдері Қырымға ата-аналар балаларымен бірге "өз бетімен" кеткенін айтып, оларға "түсіндіру жұмыстары" жүргізілетінін айтты.

– Ата-аналар білім мекемелеріне хабарламай, балалар құқығын қорғау комитетіне де айтпай, өз бетінше аталған аумаққа балаларымен бірге кеткен. Біз күн сайын олармен байланыстамыз. 28 мамырда оралады деп күтіп отырмыз, – деді бейсенбі күні Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген министрлікке қарасты балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Оның айтуынша, қазір балалардың жағдайы жақсы, ата-аналарымен бірге жүр.

"Ата-ана ретінде балаларыңызды сол жаққа жіберер ме едіңіз?" деген сұраққа оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жауап бермеді. Ал балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы "Әрине, жоқ. Себебі ол аймақта жағдай күрделі екенін көріп отырмыз" деді.

– Олар келгеннен кейін сол ата-аналармен әңгіме жүргіземіз. Алдағы оқу жылында өте белсенді түрде жұмыс жүргіземіз, – деді Насымжан Оспанова.

Сәуірдің аяғында 10 қазақстандық оқушы Ресей аннексиялап алған Қырымдағы лагерьге жіберілгені белгілі болған. Сапарды Астанадағы Орыс үйі – "Россотрудничество" ұйымдастырған.

Астанадағы Орыс үйінің Facebook-тегі парақшасында мәнерлеп оқудан "Тірі классика" атты байқаудың жеңімпаздары "Артек" лагеріне 24 күнге жіберілгені жайлы пост жарияланған.

Ал әлеуметтік желіде Украина аумағындағы Ресей басып алған түбекке қазақстандық балалар жіберілгеніне наразы жазбалар жарияланды. Кейбір қолданушылар кейінгі апталарда Қырымда мұнай базалары мен әскери нысандарда жарылыс жиілегенін алға тартып, сапар қауіпті болуы мүмкін екенін айтқан.

Ол кезде оқу-ағарту министрлігі ресми реакция білдірмеген еді.

XS
SM
MD
LG